Жиделі тоғай сыбырлайды…

Кез келген адамның көңіл түкпірінде көмескі тартса да, кейде сағына еске алатын, аңсайтын кезеңдері болады. Ол менде де бар. Шулы қала, алдау мен арбаудан тұратын қым-қуыт тірліктен шаршаған шақта, бұйығы ауыл, бейқам балалық шақты сағынасың. Пендешіліктен ада, бейкүнә кездердің орны бөлек екенін бағамдайсың. Сондайдf есіме Жиделі тоғай жиі түседі. Ол жер алғашқы бала махаббатымның бесігі еді. Қалай еске алмаймын, қалай сағынбайын.

Жиделі тоғай… Ауылдан он-он бес шақырым жерде Тамды өзенінің жар жағасында сыңси өскен қалың жиде ағашы. Аудан орталығына қатынайтын күре жолдан алыс емес. Әкем бір қарағанда тұйық, қой аузынан шөп алмас жуас адам болғанымен, әңгімешіл еді. Сонау бала кезімде жотада қой бағып жүріп, туған жердің әр шоқысы, әр төбесі жайында «анау неге олай аталған, мына жердің аты неге былай қойылған» деп сұрай беретінмін. Сондайда әкем бар білгенін еш жалықпай жайып салушы еді.

Бірде Жиделі тоғай жөнінде сұрағаным бар. «Кезінде ауыл бұл жерде емес, анау Май төкеннің маңында отырған. Ол өткен ғасырдың отызыншы жылдары болатын. Ауылдың аты «Тегісшілдік» деп аталатын. Отызыншы жылдардың ортасында иісі қазаққа белгілі азамат, атақты ақын Сәкен Сейфуллин Алматыдан келіп, осы Үржарда жылға жуық тұрақтап тұрыпты. Ел аралапты. Осы Тегісшілдік ауылында болған екен. Оның шығармаларын қарап отырсаң Тегісшілдік ауылы жайында жазған біраз өлеңі бар. Сол Сәкен сері Тегісшілдікке келген кезде бірер күн қона жатқан екен. Сәкенге киіз үй тігіп, жеке күтіпті. Ол үй Тамды өзенінің бойындағы анау Жиделі тоғайдың түбінде тұрыпты. Сол Сәкен өзіне шай құйған осы ауылдың бір қызына ғашық болып, керемет ән шығарыпты. Кейіннен Сәкеннің киіз үйі тұрған Жиделіні тұрғындар «Сәкеннің жидесі» деп атап кетіпті. Бертінге дейін солай аталған екен. Мұны мен сонау 1962 жылы Қытайдан бері өтіп, осы Елтай ауылына келіп тұрақтаған кезде ауыл шалдарынан естіп едім. Сәкенді көзі көргендер, оған шай құйған келіншектер де осы ауылда бар. Олар қазір шал, келіншектер кемпір болды ғой. Кейінгі жұрт Сәкеннің жидесін «Жидекті» немесе Жиделі тоғай» деп атайды», – деп еді әкем.

Сол Жиделі тоғай мен үшін алабөтен ыстық. Неге дейсіз ғой? Иә, неге? Ол жер менің бала махаббатымның алтын бесігі. Жетінші кластан бастап, қолыма қалам алып шикілі-пісілі өлең, әңгіме, мақалалар жазып, аудандық, облыстық және балалардың «Қазақстан пионері» газетіне, «Пионер» журналына жібере бастадым. Жазғандарым жарық көріп те жатты. Әсіресе, «Қазақстан пионері» газетіне шыққан мақалаларымнан кейін оқушылардан танысу хаттар көптеп келетін. Бірде көрші ауылда тұратын Ақшарқат есімді оқушы қыздан хат келіпті. Газетке шыққан мақалама жылы пікір айта келіп, танысып, дос болғысы келетінін жазыпты. Көрші ауыл. Бар-жоғы жиырма шақырымға толмайтын жерде. Қарсы емес екенімді білдіріп, хат жазып жібердім. Содан кейін арамызды көгілдір хаттар жалғады. Уақыт өткен сайын достығымыз беки түскен. Сурет алмастық. Бірде аудан орталығы Үржарда кездесуге уәделестік. Кездестік. Тілдестік. Қара торы келген сүйкімді қыз екен. Сол кездесуден кейін арамыз тым жақындап кеткендей болды. Неге екені қайдам, оның суретіне оңашада жиі қарайтын болдым. Ыстық тартып барады. Бірде хатқа оған деген ынтызар сезімімді түсіріп жолдадым. Жүрегім лүпілдеп Ақшарқаттан жауапты асыға күттім. Хат келген күні төбем көкке бір елі жетпей қалғандай қатты қуандым. Ол қарсы емес екенін білдіріпті. Бірде хатқа «дос қызыңды ертіп ауылдан бері шық. Мен дос баламды ертіп саған қарсы шығайын. Күре жолдың бойындағы Жиделі тоғай деген жерде кездесейік» деп хат жаздым. Өйткені Жиделі тоғай екі ауылдың ортасында орналасқан. Тіпті біздің ауылдан гөрі Ақшарқат тұратын Науалы ауылына әлдеқайда жақындау болатын. Ол кезде велосепед деген керемет көлік. Уәделескен күні досым Дүйсенді ертіп алып Жиделі тоғайға тартып кеттік. Ертерек келіп алып, қара жолдың бойына көз тігіп отырмыз. Біраздан кейін көз ұшында қос қарайған көрінді. Ақшарқаттар екен. Келді. Лимонад ала келген екен. Соны іштік. Жидек теріп жедік. Қазіргінің балалары болса басқаша әңгіме айтар еді, басқаша қимыл жасар еді. Ортамызда бөтен әңгіме болған жоқ. Әлденеден қысылатындаймыз. Ашық сүйіспеншілігімізді білдіруге әлдене бөгет жасайтындай. Ол бір адамның бетінен ұят қашпаған, пәк кездер еді ғой. Сол кездесуден кейін де Ақшарқат екеуміз Жиделі тоғайда бірнеше рет жолықтық.

Әлі есімде соңғы бір кездесуде оған деген сезімімді әрең дегенде жеткізгендей болдым. Екеуміз тоғайдың бір жақ шетіндегі кәрі жиде ағашының көлеңкесінде ұзақ отырдық. Әр нәрсенің басын бір шаламыз. «Апамнан осы Жиделі тоғай жайында сұрадым» деп Ақшарқат әңгіме бастады. «Баяғыда үркіншілік жылдары (Біз кездескен уақыт 1981 жылдың жазы еді. Ол кезде 1932 жылдың аштығы жөнінде ешкім біле бермейтін. Тәуелсіздіктен кейін ғана ол жылдардың қасіреті белгілі болды ғой) Қытайға қашып өтіп жатқан жұрттың біраз бөлігі осы Ащылыөзек жотасын бойлап келіп, осы Жиделіге тоқтап, бірер күн қоныс болыпты. Ашыққан жұрт жидек, бүлдірген теріп жеп ес жиған екен. Бір күн тоғайға қонып ертесінде жүреміз дегенде қатты нөсер болып, жалт ойнапты. Сол көшкен жұртпен бірге жаңадан ғана отбасын құрған қос ғашық бірге келе жатса керек. Қалың жаңбырда терек түбін паналаған сол қос мұңлыққа найзағай түсіп, осы жерде қайтыс болыпты. Анау тұрған солардың моласы болса керек-ті», – деген Ақшарқат арқан созым жерде тұрған төрт құлақты көне бейітті нұсқап.

Бұл мола баяғыдан барын мен де білемін. Бірақ Ақшарқат айтқан әңгімені бірінші рет естідім. Неге екені қайдам, дәл сол кезде түбінде отырған терек құлап бізді басып қалса. Өліп кетсек «Ақшарқат екеумізді бірге жерлер ме еді» деген бір ой көңілімді тілгілеп өтті. Неге екені қайдам, дәл сол уақытта Ақшарқатпен бірге өлуге бар едім. «Сейфүл Мәлік Жамалдай бейнетіңе көнсем-ай, Қозы Көрпеш Баяндай бір молада өлсем-ай» деп әкем айтып отыратын ескі қиссаның жыр жолдары есіме оралған. «Өмір бойы сенімен бірге болып, бір молада өлгім келеді» деген сөз көмейіме кептеліп қалған. Бірақ ұяңдық па, әлде ынжықтық па білмедім. Ол сөзді Ақшарқатқа айта алмадым. Екеуміз моланың қасына барып бет сипадық. Білген ырымымызды жасадық. Уақыт өтіп жатты. Келер жылы жазда, иә сол жазда күтпеген оқиға болды. Бір күні Тарбағатай өңірінде болмаған нөсер жаңбыр жауды. Жасын ойнады. Қатты жел тұрды. Желдің қарқыны қатты болғаны сонша, талай үйдің шатырын жұлып әкетті. Талай тал-терек түбірімен опырылып құлап қалды. Ертесінде қақпадан жүгіріп кіріп келе жатқан Дүйсенді терезеден көрдім. Көзінде жас. «Естімеген боларсың» деп өксіп жіберді. Сөйтсем кешегі қатты жаңбыр мен дауылда аулада өсіп тұрған терек құлап, Ақшарқатты басып қалыпты. Ол қайтыс болыпты. Мұны Дүйсен Науалыда тұратын туыстарына телефон шалғанда естіп қалса керек. Есеңгіреп қалдым. Тіпті сенгім келмеді. Араға екі-үш күн салып Дүйсен екеуміз Науалыға, Ақшарқаттың басына бардық. Ошарлана орналасқан бейіттердің бір шетінде қоян жонданып, әлі топырағы кеппеген қабір қарсы алды. Мен Дүйсенді ол мені құшақтап солқылдап ұзақ жыладық… Араға ай салмай тағы да Тарбағатай өңірінде ауа райы бұзылды. Бұрқырап жаңбыр жауып, қатты жел тұрды. Велосипедті міне салып Жиделі тоғайға тарттым. Жауған жаңбырға, соққан желге қарамадым. Баяғы Ақшарқат екеуміз әңгіме айтып, иық тірестіріп отыратын кәрі жиде ағашының астына келіп тұрдым. Ағаш құлап, астында қалып өлсем екен деп ойладым. Жасын түсіп, өліп кетсем одан да жақсы болар еді деп жосыдым…

Дәл сол кезде көктей беріп, гүлдей солған бала махаббатымның артынан бірге кетсем деген бір ғана ой болды. Ақшарқат жоқ өмірде жер басып жүргім келмегені, рас. Бірақ терек құламады, найзағай түспеді…

Жыл сайын ауылға бара жатқанда жеңіл көлікпен жүйткіп өтіп бара жатып, бала махаббатымның алтын бесігі болған Жиделі тоғайға көз алмай ұзақ қараймын. Жиделі тоғай сыбырлап өткен күндердің риясыз кездерінен сыр ақтарғандай болады… Жүрегімді мұң қабыздайды…

Тарбағайтай тауының етегінде Үржар деген үлкен аудан бар. Сол Үржардың шығысында он-он бес шақырым жерде Науалы деген ауыл бар. Сол Науалыдан Үржарға шыға берер қасқа жолдың оң қапталында қорым бар. Ошарлана орналасқан бейіттердің бір шетінде алғашқы пәк махаббатым Ақшарқатымның бейіті тұр.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған