Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ: «Газеттің басында білікті журналист отырғанда ғана бағы жанады»

Журналистика-халыққа қызмет етудің құралы. Шынымен біздің қоғамда солай ма? «Негатив» тақырыптағы жаңалықтарға құштар журналистер неге көбейіп кетті? Өндірістің өрісін, экономиканың ахуалын, қаржы нарығындағы жағдайды жіліктеп шағатын сараптамалық мақалалар отандық БАҚ-та неге кемшін?
Бұл жолғы әңгіме арқауы- қоғамның көзі мен құлағына телитін журналистердің деңгейі, қазақ баспасөзінің қазіргі қоғамдағы орны жайлы болмақ. Осы төңіректе ой қозғайтын спикеріміз-республикаға танымал журналист, саяси- шолушы -Сейсен Әмірбек.

– Бүгінде журналистердің жұмысын сарапқа салатын түрлі жарыстар өтіп тұрады.   Мәселен бірақатар аймақтарда БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі және «Тілдер күні», басқа да айтулы күндер қарсаңында ауқымды қаржы тіккен байқаулар өтіп жатады. Алайда, дәстүрлі жарыс қортындысының соңы БАҚ өкілдернің наразылығына ұласатыны  бар. Бұдан не аңғаруға болады? Заман өзгерді ме, әлде журналистің позициясы бүлінді ме?

– Әлбетте, өзге салалардағы секілді журанлаистердің де қарым -қабылетін байқататын байқаулар әлсін-әлсін ұйымдастырылып жататыны белгілі. Бұл дұрыс. Құптарлық жайт. Өйткені осындай байқауларда журналисттің білімінің деңгейін, қаншалықты ізденгенін аңғарасың. Алайда, бұл саланыда тамыр-тыныстық жайлап алған. Өйткені әрбір байқаудан кейін, жүлделі орын алғандардың артынан қаңқу әңгіме айталып жатады. Неге? Себебі шын жүйріктерді орта жолдан қағып тастайтын Батыраштар бұл жерде де бар. «Бармақ басты, көз қыстымен» күлдібадам дүниелерге орын беріледі. Дау содан туады. Тек журналистика ғана емес, барлық салалар бойынша өтетін байқаулар «біреудің көзі, біреудің өзі жақсы» деген сценариймен жүргізіледі. Тіпті жеңімпаз алдына ала белгіленіпте қояды. Мұның бәрін байқап жүрміз, көріп жүрміз. Сондайда шашасына шаң жұқпайтын дара таланттардың обалы кімге деп ойлайсың. Өкінішті. Бізге әділ байқаулар өткізудің ауылы әлі алыс-ау деп ойлаймын.

Капитализм санаға түскен кейбір журналистер атақ пен ақшаға құнығып кеткендей. Мұның соңы неге апарып соғуы мүмкін?

– Қазір тек ақша берсең, ақты қара деп, қараны ақ деп дәріптейтін, тек құлқынның қамын ойлайтын журналистердің үйірі пайда болды. Олар журналистиканы ақша жасаудың бір құралы ретінде пайдаланады. Тырнақ астынан кір іздейді, үркітеді, қорқытады, бопсалайды дегендей. Осылайша бүкіл БАҚ өкілдерінің атына кір келтіреді. Бұл бір. Тағы бір мәселе, кейбір журналистердің алып жатқан марапаттары сұмдық. Расында сол деңгейдегі азаматпа деп оның еңбегі қандай деп үңілсең, ұлттық журналистикаға бір тиындық үлес қоспаған біреулер болып шығады. Тіпті кейбірінің екі сөздің басын әрең құрап жазатынын байқайсың. Демек, марапат алуда тамыр-таныстық арқылы келетін болып тұр ғой. Бұндайлардан қазақ журналистикасы өсіп-өркендейді деп айта алмаймын.

Осы күні билік блогерлерді де журналистерге телиді. Журналистика кім көрінгеннің қолжаулығына айналған жоқ па?

– Бір байқағаным, біздің елде журналистердің емес, блогерлердің бағы жанып тұр. Билікте, халықта солар «не дейді, солар қандай мәселені көтеріп жатыр» деп блогерлерге ден қоятын секілді. Ал, «арқалағаны алтын, жегені жантақ» БАҚ өкілдері екінші орынға сырылып қалған. Неге? Бұл жерде мынадай мәселе бар. Біздегі Бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы билікке тәуелді. Мемлекеттік тапсырыстар орындайды. Былайша айтқанда тендер алады. Осы себепті ашық, өткір дүниелер бере алмайды. Газетте, телевизияда сол. Ал, халықтың сөзін сөйлейтін, запыранын сыртқа шығаратын тәуелсіз басылымдар жоқтың қасы. Демек, биліктің күйін күйттейтін БАҚ өкілдері халыққа керек пе? Әрине, жоқ. Сондықтан жұрт, журналистерге қарағанда әлдеқайда тәуелсіз, бұқараның арасына барып, сөйлесіп, видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде хабарлар таратып жүрген блогерлерге сенеді. Бүйрегі соларға бұрады. Әділдікті тек солар ғана айтатындай көрінеді. Тәуелсіз басылымдар жоқ жерде, жағдай осылай болады.

– Ақиқатын айту керек, билік басындағылар бастап электронды ақпарат құралдарындағы журналистерінің бір жарым, әрі кетсе екі минуттық сюжетімен санасып ой түйеді. Демек, телевидение төрде тұр. Ал, білімі мен ізденісі әлдеқайда мол газет журналистерінің еңбегі неге елеңбей қалады?

– Қазір электронды ақпарат құралдарының дәуірі. Мұны жоққа шығар алмайсыз. Өйткені қағаз басылымдардың күні өткен. Таралымы аз. Халыққа жетпейді. Барлық ақпарат қолыңыздағы телефонда тұр. Қайда не болғанын жедел содан біле аласыз. Сондықтан билікте электронды ақпарат құралдарына қарай бейімделген. Оны жоққа шығара алмайсыз. «Білімі мен ізденісі әлдеқайда мол газет журналистерінің еңбегі неге елеңбей отыр» дегенге келсек, заманның қарыштап дамуы, электронды ақпарат құралдарын алға шығарды. Қағаз басылымдарды кері ысырды. Бар кінә осында.

БАҚ саласының мықты менеджері міндетті түрде кәсіби журналист болу керек пе?

– Журналист болуы міндет емес. Ең бастысы менеджерлік қабылеті мықты болса болды.

–  Сіз республикалық «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары болып ұзақ жыл еңбек еттіңіз. Ілгері республикалық басылымдарда қызмет етіп, Шығыс Қазақстан өңіріндегі облыстық газетте тәжірибе жинапсыз. Әлі де, республикадағы іргелі басылымдарға түрлі жанрда қалам тербеп жүрген «мынау» деген талантты журналист-жазушысыз. Халықаралық дәрежедегі саяси шолушысыз. Осындай қабілет иесі ретінде бүгінгі медиаға қандай баға бере едіңіз?

– Қазақстандық медианың шама-шарқы белгілі. Елдегі БАҚ-тың 95 пайызы билікке тәуелді. Барлығы мемлекеттік тапсырыс алады. Әйтпесе күнін көре алмайды. Сондықтан өткір дүниелер кем. Дегенмен құрғақ шөппен ауыз сүрте беруге болмас. «Абай» кз, «Мәлім» кз, «Неге» кз. «Орда кз» тб электронды басылымдарда қоғамның қоясын ақтаратын өткір жазбалар баршылық. Осыларға қарап тәубә, шүкір дейсің. Ал, халықтың іштегі запыранын ақтаратын «Дат» басылымы қазір тұйықталып қалғандай. Өйткені Бас оқырман Ермұрат Бапи депутат болып кетті. Газеттің басы қасында Бапи отырмаған жерде «Дат» халықтың датын айта ала ма? Халықтың екінші бір сеңген басылымы «ЖасАлаш» еді. Оныңда күні қараң. Кезінде, қоғамның былық-шылығын ақтарып, саясатты сойып тұрып жазатын басылым еді. Халық іздеп жүріп оқитын. Қазір «Қазақ әдебиетінің» көлеңкесіне айналды да қалды. Өкінішті. Жалпы газеттің басында білімді, білікті журналист отырғанда ғана бағы жанады. 91-ші жылдан бері газеттерде жұмыс жасап келдім. Сонда бір байқағаным, қазақ журналистері руханият саласында көсіліп жаза алғанымен, саясатқа, экономикаға, қаржыға келгенде ерсіз атқан мінгендей күй кешеді. Сараптап жазу жағы кемшін. Демек білімі төмен деген сөз. Қысқасы осы салаларды шекілдеуікше шағып тастайтын журналистер көп болса деп ойлайсың.
Әңгімеңізге рақмет, қаламыңыз бен қажыр-қуатыңыз қажымасын!
Сұқбаттасқан Айтбала Сүлейменқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған