«Ақжайық» футбол клубы тұйықтан неліктен шыға алмай келеді

«Ақжайық» футбол клубының өткен жылы премьер-лигадан шығып қалғаны белгілі. Биылғы маусымда батысқазақстандық команда бірінші лигада төртінші орынға табан тіреді. Сөйтіп, премьер-лигаға орала алмады. Мұның себептері қандай? «Ақжайық» клубының алдағы маусымдағы аяқ алысы қалай болмақ? Өңірде футболды дамытуға қаншалықты көңіл бөлінуде? Міне, осы сауалдар төңірегінде Kazinform тілшісі тараптардың пікірін тыңдап көрді.

Түйткілді мәселелер қандай?

«Ақжайық» футбол клубының директоры Манарбек Ержановтың мәлім еткеніндей, өткен маусымда команда, ойыншылар мен жаттықтырушылар, барлық қызметкер қолдарынан келгеннің бәрін жасауға тырысты. Жасады да.

«Жасыратыны жоқ, дәл қазіргі кездегі деңгей осы және соған сәйкес өнер көрсеттік деп ойлаймын. Бұл спорт, мұнда жеңіс те, жеңіліс те болады. Сондықтан келесі маусымға дайындаламыз. Команданы жаттықтырып келген қазақстандық маман Игорь Прохницкий өз орнында қалады. Алдағы маусымнан күтетініміз көп, ең бастысы, биылғы көрсеткіштен жоғары нәтижеге қол жеткізу. Сонымен қатар жергілікті жас футболшыларымыздың тәжірибесін арттырып, солардың ішінен іріктеп, «Ақжайықтың» негізгі құрамына қосамыз», – дейді Манарбек Шайдоллаұлы.

Түйткілді жайттарға тоқталатын болсақ, ол тек Ақ Жайық өңірі ғана емес, жалпы еліміздің футболына тән мәселелер деуге болады. Әсіресе, жергілікті жас ойыншыларымыздың кәсіби деңгейін арттыру жұмысы тұралап қалғаны рас. Клуб басшысы осы тұрғыда жас футболшыларымызды негізгі құрамға дайындау үшін екінші лига командасы өте қажет деп есептейді. Мұндай команданың тек жергілікті жастардан құралатынын ескерсек, оның тұрақты түрде өнер көрсетуінің маңызы зор.

«Сол сияқты жыл бойы жаттығу жасайтын жабық залдардың, яғни манеждің жоқтығынан футболшылар дұрыс дайындала алмайды. Бұған қажетті жабдықтардың жоқтығын, білікті бапкерлердің аздығын қосыңыз. Айта берсе, мәселе жетерлік. Биылғы жылы бюджеттен бөлінген қаражаттың 2022 жылмен салыстырғанда, үш есеге азайтылуы салдарынан негізгі құрамада, балалар мен жасөспірімдер, қыздар командаларында қиындықтар туғаны жасырын емес. Яғни, аталған командалардың жас ерекшеліктеріне қарай өтетін Қазақстан Республикасы чемпионаттарына толыққанды қатысуына бюджеттен берілетін қаржы жеткілікті есептелмеген. Салдарынан қаржы жетіспейді, оған қоса билеттер, қонақүйлердің және басқа көрсетілетін қызметтер бағаларының қымбаттауы қолбайлау болып келеді», – дейді М.Ержанов.

Дегенмен, «Ақжайық» футбол клубының құрылтайшысы Гүлдария Кауиева өз тарапынан 2022 жылы 212,758 млн және биыл 160,225 млн теңге қосымша қаражат қарастырып, негізгі және футбол орталығы командаларының Қазақстан футбол федерациясы аясындағы барлық жарысқа қатысуына жағдай жасауға тырысты. Әрине, бұл қаражат клубтың жыл бойғы қажеттіліктерінен туындаған шығындарды жабуға кетті. Егер бюджеттік тапсырысты жасақтау кезіндегі нақты шығын сметасы бойынша қаржы бөлінген болса, сәйкесінше клуб басшылығы оны материалдық базаны жақсартуға, яғни футбол орталығы тәрбиеленушілеріне арналған манеждер салуға, оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсар еді.

«Ақжайыққа» бөлінетін қаржы аз ба, көп пе?

Клуб директорының айтуынша, еліміздің өзге өңірлерінде футбол командаларына бөлінетін қаражат көлемі Батыс Қазақстанмен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары. Мысалы, басқа облыстарда тек кәсіби клубтың өзіне орта есеппен 1 млрд теңге, ал балалар футболын дамытуға бөлек 200-550 млн теңге бөлінгені жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілді.

«Футбол – әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі, сондықтан облысымыздағы жалғыз кәсіби «Ақжайық» командасын, жалпы Батыс Қазақстан футболын дамыту үшін кешенді тәсіл қажет. Екінші жағынан, бұл әлеуметтік маңызы бар жоба деуге де болады. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын. Осы мақсатта аталған жұмысты әр қарай жүргізу біздің аймақта бұқаралық спортты дамытуға септігін тигізеді, яғни жастарымыздың спортпен, соның ішінде футболмен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан мұның бәрін мемлекеттік мекемелермен бірігіп жүзеге асыруға дайынбыз», – деп түйіндеді сөзін М.Ержанов.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллиннің мәлім еткеніндей, 2022 жылы «Ақжайық» футбол клубына 1,1 млрд теңге бөлінді.

Алайда жыл қорытындысы бойынша «Ақжайық» премьер-лигада соңғы орынға ие болып, бірінші лигаға түсіп қалды.

Оның мәліметінше, маусым бойы жанкүйерлерден наразылық шағымдар көп түсті. Көрермендер шетел спортшыларынан пайда жоқтығын алға тартып, оларды команда құрамына тартуға табанды қарсылық білдірді.

«Осы тұрғыда команданың кәсібилігіне мониторинг жүргізіп, оның құрамын жергілікті спортшылар есебінен жаңартып, берілген мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң қадағалау қажет деп пайымдаймыз. Сондықтан команданың ойын нәтижелеріне талдау жүргізіліп, 2023 жылы клубқа 400 млн теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Клубтың қызметін жүзеге асыратын ұйым мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы анықталды. Конкурстың жеңімпазы болған ұйым бөлінген қаражатқа клубтың қызметін жүргізуге келісті. Биылғы маусымда «Ақжайық» бірінші лигада 15 команданың ішінде төртінші орынға тұрақтады. Премьер-лигаға тек қана үздік үш команда өтеді. Сол себепті клуб биыл да көздеген межеден шыға алған жоқ», – дейді Ж.Нығметуллин.

Маусым ойыншылар көзімен

Орал футболының түлегі, «Ақжайық» командасының капитаны Бауыржан Омаровтың ойынша, клубтың мақсаттан шығуына көптеген фактор жетіспеді.

«Ең бастысы, қаржы мәселесі уақтылы шешілмеді. Біздің команда бірінші айналымды үшінші орынмен аяқтады. Көш басындағы «Елімай» мен «Тұран» командасынан ұпай айырмашылығы көп болған жоқ. Әйтсе де бірінші айналым біткеннен кейін үш бірдей шабуылшымыз қаржы мәселесіне байланысты командадан кететін болды. Салдарынан екі-үш ойында команда өз деңгейінде өнер көрсете алмады, соның әсерінен сәтсіздікке душар болдық. Соның өзінде кәсіби түрде соңына дейін беріскен жоқпыз. Соңғы турға дейін мүмкіндік болды, бірақ бұл бізге байланысты емес еді. Өйткені «Жеңіс» командасы қарсыласын ұтса, сол Премьер-лигаға шығатын еді. Осылайша, маусым соңында қажетті ұпай саны жетпей қалды», – дейді Б.Омаров.

Тағы бір тәжірибелі ойыншы, спорттық мансабын Оралда бастап, көп жылдарын «Ақжайық» құрамында өткізіп келе жатқан Мейрам Сапанов өткен маусымға көңілі толмайтынын жеткізді.

«Соған қарамастан, бұл маусымда да, әсіресе, жастар тәжірибе жинақтады. Өзім де командада қалсам деймін. Биылғы маусым сәтсіз болса да, жергілікті жастардың өсіп келе жатқанын көрсетті. Солардың қатарында Бекзат Иманғазиев, Роман Чирков, Роман Божколарды атауға болады. Қос қақпашы Мақсот Арыстанов пен Санжар Ерниязов, сондай-ақ алаңдағы ойыншы Ислам Амангелдиев мүмкіндіктерінің мол екенін танытты. Сондықтан Ақ Жайық футболының болашағына, командамыздың түбінде ел чемпионы атанатынына сенемін», – деді М.Сапанов.

«Мен футболдық мансабымды 2011 жылы «Ақжайық» командасында бастадым. Сонда шеберлігімді жетілдіріп, кейін басқа клубқа ауыстым. «Ақжайыққа» жаңа маусымда сәттілік тілеймін», – деді Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Еркін Тапалов.

Жанкүйерлер не дейді?

«Ақжайық» футбол клубы байырғы жанкүйерлерінің бірі Қапиет Ғиниятұлы осы уақыт ішінде қуанышты сәттер де, «әттегенайлар» да аз болмағанын айтады. Әсіресе, өткен жылы «Ақжайықтың» соңғы орын алып, Бірінші лигаға түсіп қалғаны жанкүйерлердің жанына батты.

«Осы жағдайға байланысты биыл қаражат мөлшері де қысқарды, бір жағынан ол заңды деп есептейміз. 400 млн теңге Бірінші лига үшін қомақты қаржы болып көрінеді, соның ішінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылары үшін. Алайда мәселенің түбіне байыппен қарасақ, мұның жеткіліксіз екені маусым басында-ақ белгілі болды. Біздер, «Ақжайық» командасының жанкүйерлері, клуб директоры мен президенті, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысымен кездестік. Тіпті облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қабылдауында болдық. Шыны керек, өңір басшысы жылы шыраймен жүздесіп, жағдаймен танысып, зерделеп, тексеріп, нақты шара қабылдайтынын айтты. Мәселе облыстық мәслихаттың комиссия отырысында қызу талқыланған, бірақ нақты шешім қабылданбай, қосымша қаражат бөлінбеді. Соның салдарынан маусым аяқталмай, біраз белді футболшылар басқа командаларға ауысып кетті. Нәтижесінде «Ақжайық» командасы Премьер-лигаға шығу мүмкіндігінен айырылды. Өте өкінішті жағдай», – дейді Қ.Ғиниятұлы.

Жанкүйердің айтуынша, кейбіреулер айтып жүргендей, Оралда жершілікті тұрғындар футболға бармайды емес, барады.

«Ақжайықтың» тұрақты фанаттары бар. Олар еліміздің басқа қалаларына барып, сүйікті командамызға үнемі қолдау білдіріп жүр. Маусым басында стадион лық толы болды, олардың қатары кейін де сиреген жоқ. Мұның өзі команда Бірінші лигада ойнағанымен, жанкүйерлер тарапынан қолдаудың аз еместігін көрсетеді. Орал футболының тарихы бай. Кеңес дәуірінде Анатолий Ионкин, Борис Архиреевтердің есімі бүкіл одаққа танымал болса, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Стас Покатилов, Руслан Валиуллин, Еркін Тапалов ұлттық құрамаға алынды. Болашағынан үміт күттіретін жас ойыншыларымыз баршылық. Тек футбол инфрақұрылымын одан әрі дамытуға ерекше мән беріліп, қаржылай қолдау көрсетілуі тиіс. Өңірде балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту және басқа мәселені айтпағанның өзінде, П.Атоян атындағы стадионда қарапайым талаптар сақталмаған. «Ақжайық» стадионы да, шыны керек, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмейді. Жағдай осылай қала берсе, облыстағы жалғыз кәсіби командамыздан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Қалай айтсақ та, облыс намысын сәтті қорғайтын команда қалыптасуы керек. Бұл – барша батысқазақстандық жанкүйерлердің жанайқайы, тілегі», – деді байырғы жанкүйер.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған