Оралда «Тартынбай сөйлер асылмын» атты жыршы-термешілер байқауы мәресіне жетті

Орал қаласында ұлы ақын әрі батыр Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Тартынбай сөйлер асылмын…» атты аймақтық-республикалық жыршы-термешілер байқауы мәресіне жетті, деп хабарлайды Kazinform.

БҚО әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ұйымдастырған жыр сайысына Қазақстанның батыс өңірінен және Қызылорда облысынан жеті жас орындаушы қатысып, бақ сынады.

Екі кезеңнен тұрған байқау барысында жыршы-термешілер алдымен Махамбет Өтемісұлына арнаған жыр-толғауын орындады. Содан кейін Махамбеттің өз өлеңдеріне кезек берілді.

термеші
Фото: Мақсат Тұяқ

Екінші кезеңде сайыскерлер өз қалауымен Жиембет Бартоғашұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Марабай Құлжабайұлы, Әбубәкір Кердері, Сартай Көшкіншіұлы, Құмар Әбуғалиұлының бір шығармасын қазылар алқасының талқысына салды.

Ең соңында Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастанынан үзінді орындалды.

Белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова бастаған қазылар алқасының ұйғарымымен 1 млн теңгелік бас жүлдені Қызылорда облысынан келген Нұрайым Ерталап жеңіп алды.

термеші
Фото: Мақсат Тұяқ

Ақтөбелік Бақыт Арыстанғалиева бірінші (800 мың теңге), батысқазақстандық Сәтжан Ғалымжанов екінші (700 мың теңге) және тағы бір қызылордалық Ұлдана Нұртуған үшінші (500 мың теңге) орынға ие болды.

Маңғыстау облысының өкілі Айсұлтан Есенғалиев Махамбет Өтемісұлы, атыраулық Аманжол Дауылбаев Исатай Тайманұлы атындағы арнайы жүлдемен (220 мың теңгеден) марапатталды.

термеші
Фото: Мақсат Тұяқ

Батысқазақстандық Темірлан Әкімжанов кәсіпкер Ермек Мәлікұлы тіккен арнайы жүлдені (200 мың теңге) қанжығасына байлады.

Қазылар алқасының мүшесі, халықаралық, республикалық жыршы-термешілер конкурстарының лауреаты Фархат Оразовтың айтуынша, Махамбеттің 220 жылдығына арналған байқау жоғары деңгейде өтті.

«Қатысушылар тыңғылықты дайындалып келген. Олардың бәрі де жас, өз деңгейлерінің өсіп келе жатқандығын таныта білді. Әсіресе, Махамбет жырларын әр түрлі мақаммен орындағаны өте жақсы әсер етті. Ығылман Шөрековтің „Исатай-Махамбет“ тарихи дастанынан үзінді бұған дейін Оралда жырланбаған екен. Бұл да үйлесім тауып, Исатай мен Махамбеттің қазақтың азаттық жолындағы күресін әйгілеп тұрды», — деді Ф.Оразов.

термеші
Фото: Мақсат Тұяқ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған