Батыс Қазақстанда жоғалып кеткен 700 қой түгел табылды

Батыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен 700 бас қой түгел табылды, деп хабарлайды Kazinform.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Казталов ауданы Бірік ауылдық округінде болды.

«Қарашаның 21-інен 22-сіне қараған түні «Лекер» қыстағының тұрғынына тиесіл 700 бас қой қараусыз қалып, жоғалып кеткен. Хабар жеткен бойда Казталов ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Серік жедел іздестіру іс-шараларын ұйымдастырды. Малды иесімен бірге іздеуге шықты. Соның нәтижесінде 22 қараша күні сағат 16.05 шамасында қойды түгел тауып, иесіне айдап әкеліп берді. Аталған тұрғын малының дер кезінде табылуына жәрдемдескен сақшыға алғысын білдірді», деп хабарлады ведомстводан.

Департаменттен мәлім еткеніндей, облыс аумағында 27-29 қараша аралығында «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Осы іс-шара барысында 2 мал ұрлығы тіркеліп, екеуі де ашылды. Сондай-ақ бұрын жасалған 2 қылмыс ашылды. БҚО полиция департаменті тұрғындарға малды қараусыз қалдырмау керектігін еске салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда мұғалімнің оқушыға қол көтеру дерегі бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған