Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында БҚО-ның Теректі ауданында жаңадан екі мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды Kazinform.
Жаңа ғимараттардың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атап өткеніндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес білім саласында да күрделі мәселелер қолға алынуда.
Соның бірі – апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу.
Аймақ басшысы өз сөзінде мемлекет тарапынан жас жеткіншектердің толыққанды білім алуы бағытында жасалып жатқан игілікті істерге тоқталды.
«Заман талабына сай салынған оқу орындары рухани ордаға айналып, бәсекеге қабілетті, отаншыл, еліміздің туын биік ұстайтын білімді ұрпақ тәрбиелейтіні сөзсіз», – деді ол.
Облыс әкімі ауыл тұрғындарын жаңа нысандардың ашылуымен және Тәуелсіздік күнімен құттықтай келе, жиналған жұртшылыққа береке-бірлік, әр отбасыға амандық тіледі.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында 27 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін соның 17-сін аяқтау көзделсе, 10-ы қолданысқа берілді, қалғаны жақын күндері есіктерін айқара ашады.
Теректі ауданында жаңадан ашылған Абай мен Еңбек ауылдарындағы мектептердің бірінде – 60, енді бірінде 110 оқушыға дейін білім алады. Әрқайсысында 30 мұғалімге дейін сабақ береді.
Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектебі 1952 жылы ірге көтерген. Мектептің ескі ғимараты 1974 жылы салынған, жобалық қуаты 60 орынға есептелген, спорт залы, акт залы жоқ еді. Күні бүгін мектепте 132 оқушы білім алуда, 30 педагог жұмыс істейді.
Жаңа ғимаратта 9 оқу кабинеті, соның ішінде біріктірілген химия-биология, физика-математика, тілдер, мультимедия кабинеттері бар. Сонымен қатар 2 шеберхана, 1 спорт залы, 8 орындық оқу залы мен кітапхана, 48 орындық асхана өз есігін айқара ашпақ. Мектеп ғимаратының жобалық қуаттылығы – 108 орын, құрылысқа ел бюджетінен 807 млн теңге бөлінді. Мердігер – «Жаиксельстрой» ЖШС.
Екінші, Еңбек негізгі орта мектебі 1966 жылы отау тіккен. 60 орындық жаңа ғимаратта 10 оқу кабинеті, соның ішінде біріктірілген химия-биология, физика-математика, тілдер, информатика және бастауыш сыныптар кабинеттері бар. Оған қоса 2 шеберхана, спорт залы, кітапхана, асхана қызмет жасайтын болады. Мердігер – «Тәуекел» ЖШС.
Жалпы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында 2023-2025 жылдар аралығында 18 мектеп салу жоспарлануда. Негізі, 2025 жылға дейін апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесін толық шешуге мүмкіншілік бар.