«Қарызсыз қоғам»: БҚО-да 9 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды

Тұрғындарды қаржылық сауаттылыққа шақыратын «АMANAT» партиясының Halyk Bank-пен бірлесіп  жасаған «Қарызсыз қоғам» жобасы әлемдік мамыр айының 2-сінен басталып, 30 қарашаға дейін жалғасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталмыш жоба аясында азаматтар өз қаржысын орынды пайдаланудың қыр-сырын меңгерді. Оқу бағдарламасы несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар, дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқ адамдар және несие алып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналды.

Батыс Қазақстан облысы бойынша барлық аудандарда үстіміздегі жылдың 30 қарашасына дейін  8621 адамды оқыту жоспарланған болатын. Дегенмен аталған мерзім ішінде 9403 адам жоба бойынша қаржылық сауаттылығын арттырды. Ал оларды оқыту үшін «Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту ассоциациясы республикалық қоғамдық бірлестігі тарапынан облысқа 9 оқытушы бекітілді.

БҚО-да жоба бойынша оқыған азаматтар саны төмендегідей:

  1. Ақжайық – 530
  2. Бәйтерек – 625
  3. Бөкейорда – 350
  4. Бөрлі – 630
  5. Жаңақала – 476
  6. Жәнібек – 222
  7. Қаратөбе – 421
  8. Казталов – 648
  9. Сырым –  410
  10. Тасқала – 450
  11. Теректі – 653
  12. Шыңғырлау – 387
  13. Орал қаласы – 3601

Айта кетейік, жобаға қатысушылар қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, несиелік қарыздар санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болатынын үйренді. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібі, салық есеп-қисабын ұсынуды және  мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарттары туралы құнды ақпарат алды.

Аталған жоба келер жылы да өз жалғасын табады. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі жанынан арнайы жобалық кеңсе құрылып, арнайы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, келесі жылға жоспарлар жасақталуда.

Бұл ақпараттар «AMANAT» партиясы БҚОФ саяси жұмыс бөлімінің консультанты Аткешов Нұржан Ғалымжанұлының арнайы жүргізген тікелей эфирінде баяндалды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған