Еуразия үкіметаралық кеңесінің отырысында тараптар екі маңызды мәселе бойынша келісімге келе алмады деп хабарлады Еуразия экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян.
“Біз 16 мәселені талқыладық. Олардың арасында ұлттық органнан жоғары деңгейде шаралар ұйымдастыру, Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) күн тәртібі аясында жобаларды жүзеге асыру механизмдері, кеме қатынасы бойынша келісім жасау және өзге де мәселелер бар. ЕАЭО-да алынатын кеден салығы мәселесі, газ тасымалдау бағасын анықтау бойынша ортақ келісімге келе алмадық” деді Саркисян отырыстың қорытындысына арналған жиында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде одақ бюджетіне түсіп, кейінірек коэффициентке байланысты одақ елдерінің бюджетіне таратылатын кеден салықтары мен коэффициент мәселесі үш жыл сайын қайта қаралып жүр.
“Мұны алып тастау туралы ұсыныс айтылды, яғни егер бізде ортақ нарық қалыптасса, онда кедендік рәсімдеудің қай елде жүргені маңызсыз болып қалады, себебі бұл тауарлар ортақ нарығымызда қолданылады. Тауар бір елде рәсімделіп, келесі елде қолданылуы мүмкін. Ортақ нарық қалыптастырудың мақсаты мен пайдасы сонда жатыр емес пе, себебі біз үшінші бір елден көп тауар әкелсек, онда оның өзіндік құны азая түседі” деді Саркисян.
Оның айтуынша, газ тасымалдау бағасын анықтау да маңызды мәселе. Тараптар оны шешудің үш жолын ұсынған.
“Біріншісі – одақ келісімінде жазылған, яғни газ тасымалдау бағасын әр мемлекет өзі анықтайды және транзитті жүзеге асыру үшін халықаралық келісім жасалады. Екінші механизм бойынша, газ тасымалдау бағасы сол елдердің өз ішінде қолданылатын бағадан аспауы тиіс. Үшінші жол – егер біз ортақ газ нарығын қалыптастырсақ, баға да ортақ болуы тиіс, яғни бағаны анықтау тәсілін ұлттық органнан жоғары деңгейде көтеру керек. Ортақ мәмілеге келу үшін мәселені алдағы уақытта тағы да талқылауымыз керек” деді Саркисян.
Оның айтуынша, үш халықаралық келісім бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Олардың жүзеге асуы 2025 жылға қарай ЕАЭО аясында ортақ газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыруға ықпал етеді.
ЕАЭО елдерінің үкіметаралық кеңесінің отырысы Алматыда ақпанның 1-і күні басталған. Келесі отырыс Ереванда өтеді.