АҚШ келесі аптада «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық тобы бақылауында болған территорияның түгелдей азат етілгенін ресми түрде жарияламақ. Бұл туралы сәрсенбі күні АҚШ жетекшілік ететін халықаралық коалиция өкілдерімен кездескенде АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді. Құрамына 79 ел енген коалиция жеті жылдан бері ИМ тобына қарсы әскери операция жүргізіп жатыр. Трамптың сөзінше, қазіргі уақытта терроршылар бір кезде өздері «халифат» деп жариялаған үлкен территорияның болмашы ғана бөлігін бақылауда ұстап отыр.
Бұған дейін АҚШ ресми тұлғалары ИМ тобы бұрын басып алған территорияның 99,5 пайызынан айырылған, қазір олардың қолында Сирияда Евфрат өзені бойындағы бірнеше ауылдың төңірегіндегі бес шаршы километр жер ғана қалды деп мәлімдеген еді.
«Келесі аптада «халифат» территориясының 100 пайызын бақылауға алғанымызды жариялайтын шығармыз» деді президент Трамп. Ол АҚШ-тың Сириядан әскерін әкетіп жатқанына қарамастан ИМ тобының қалған содырларына қарсы күресті тоқтатпайтынын айтты.
Президент Трамптың АҚШ әскерін Сириядан шығару туралы шешімін конгрестегі демократтар мен республикашылдар сынаған болатын. Олар ИМ қайта күшеюі мүмкін деп қауіптенеді. Осы аптаның басында сенат тыңдауында сөйлеген АҚШ орталық әскери басшылығының жетекшісі генерал Джозеф Вотел АҚШ әскері Сириядан кеткеннен кейін ИМ қайта бас көтеруі мүмкін деп мәлімдеген еді.