Қазақстан үкіметі биыл өтуі тиіс халық санағын 2020 жылға ауыстыруды жоспарлайды. Бұл туралы «Sputnik Қазақстан» ақпарат агенттігі хабарлады.
«Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, халық санағын күз-қыс маусымында өткізген дұрыс. Сондықтан халық санағын ақпан-наурызда өткізген дұрыс. Санаққа дайындық, ұйымдастыру шараларын ескере келе бұл шараны 2020 жылдың басында өткізу шешімі қабылдады» деп жауап берген елдің ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті.
Қазір халық санағын 2020 жылы өткізу ұсынысы мемлекеттік органдар және әкімдіктердің талқысына ұсынылған. Егер министрліктің ұсынысы қабылданса, санақ 2020 жылы 5 ақпан – 5 наурызда өтеді.
Заңға сай, Қазақстанда санақ әр он жылда бір рет өтуі тиіс. Соңғы рет халық санағы 2009 жылы өткен.