Марат ТОҚАШБАЕВ: Мемлекет басшысы қолпаштауға, өтірік жағымпаздыққа мұқтаж емес

Марат ТОҚАШБАЕВ, Республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газетінің Бас редакторы,  Мәдениет қайраткері, профессор

«Кез келген мемлекеттің алдында жүретін, оның интеллектуалдық күш-қуаты –  зиялы қауым ғой. Бірақ бізде зиялы қауымның аузы байланған. Көбісі жоғары оқу орындарында қызмет істейді, біреуі кандидаттығын, біреуі докторлығын қорғайын деп жатыр, біреудің баласы жоғарыда жұмыс істейді немесе өзі билік тарапынан жыл сайын грант алады. Содан зиялы қауым өз ойларын ашықтан ашық айтуға жасқанады, «басқалары айтсын, бізге тақалып тұрған жоқ қой» деген оймен жұмған ауыздарын ашпайды. «Зиялы қауым зиянды қауымға айналып кеткен жоқ па» деген риторикалық сұрақ жұртшылықтың аузында жүр. Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Мұхтар Мағауин сияқты бірнеше қаламгер ғана өз көзқарастарын қорықпай айта алды.

Өміріміздің қай саласын алсақ та, бізде ұлттық идеологияның жоқтығы маңдайымыздан соғады да отырады. Біз әрбір таяқ жеген сайын соның орнын сипап қоямыз да, жүре береміз алға. Мәңгі бұлай еттуге болмайды ғой. Сондай-ақ жағымпаздық, өтірік қолдау, өтірік жақсы көру –  көзбояушылықтың жоғары дәрежесіне айналып кетті. Мемлекет басшысы мұндай қолпаштауға, өтірік жағымпаздыққа мұқтаж емес деп ойлаймын. Мысалы соның бір үлкен көрінісі –  «нұр» деген сөздің көрінген жерге тықпалана беруі. «Отан» партиясын сондайлар алды да «Нұр Отан» деп өзгертті, сонда не осыдан партияның беделі аспандап кетті ме? Парламент бірауыздан Елбасыға «ұлт көшбасшысы» деген атақ берді. Қарапайым сұрақ, Қазақстанда солардың тілімен айтқанда 130 ұлт тұрады екен? Сонда ол қай ұлттың көшбасшысы?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз Нұрсұлтан Әбішұлын Қазақстандағы қазақ халқының, бүкіл дүниежүзіндегі қазақтардың әкесі болса екен деп тіледік. Кемал Ататүрік сияқты болса деп армандадық. Ол кісі қазақ халқының әкесі бола алған жоқ. Соның нақты көрінісі –  Конституцияда қазақ халқы мәртебесінің көрсетілмеуі, ұлттық идеологияның жоқтығы. Ал электораттың әкесі болу мүмкін емес. Бұл ең алдымен Елбасы кеңесшілердің кемшілігі деп ойлаймын. Қазақ халқының соңғы оншақты жылда қалғып кеткен ұлттық санасы қайта оянып келеді. Алдағы Президенттік сайлауларда бұл шешуші ықпалға айналады деп ойлаймын.

Ұлттық мәселеде ойланатын тұстар көп. Қазақстанда 130 ұлт тұрады деген жаңсақ тұжырымнан батыл арылатын кез жетті. Кеңес одағы тарағаннан кейінгі өтпелі кезең де артта. Өмір жаңаша ұстанымдарға мұқтаж. Қазақстандағы екі эскимос, бір шор, үш мың еврей, жеті мың чуваш қалай ұлт болады? Қазақстандағы қазақтан басқалардың бәрі өз ұлтының өкілі, әрі кетсе диаспорасы емес пе! Әлем мойындаған шындықты біз де мойындайық та. Қазақстанда жалғыз ғана ұлт –  қазақ халқы ғана бар. Қазақстанда тұратын қырғыздар өздерін «қырғыз диаспорасымыз» десе біз өзеуреп, «жоқ, сендер Қазақстандағы қырғыз ұлтысыңдар» дегеннен не ұтамыз? «Ә, біз Қазақстандағы қырғыз ұлты болсақ, онда ұлттың өзін өзі билеу құқығы бойынша бізге жер беріңдер» деп талап қойса не болмақ?! Қазақстанда қазақ халқы, қазақ ұлты ғана тұрады. Ендігі идеология Қазақстанда тұратын ұлт диаспораларының қазақ халқының төңірегіне шоғырлануы, қазақ мемлекеттігін нығайтуға үлес қосуы айналасында өрбуі қажет. Әр этнос өзінше бір ұлтпыз деп көкірек қаға беретін болса, оның арты баяу жарылатын минаға ұқсап кетеді. Жалпақ шешейлікті қоятын уақыт жетті. Жалған иллюзиядан қашу керек. Қазақстан Халқы ассамблеясы этносаралық қақтығыстарда ешнәрсе шеше алған жоқ. Қазақстандағы тұрақтылық пен тыныштық тек қана қазақ халқының сабырлылығының арқасында сақталып отыр».

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған