«ЕТЕГІ ТҮРІЛГЕН» ЕУРОПАҒА ЕЛІКТЕГЕННЕН ЕШТЕҢЕ ШЫҚПАЙДЫ

«Етегі түрілген» Еуропаға еліктеп, мектептерде мүшеқап тарату, қыздарға он алты жастан бастап ата-анасының келісімінсіз түсік жасатуға рұқсат беру жөнінде ұсыныс жасалып жатыр. Қоғам қолдап жатса бұл мәселе денсаулық Кодексіне еніп, жүзеге аса бастайды. Жас қыздардың жыныстық қатынас сауатының төмендігі, кәмелетке толмағандар арасында «түсік» жасатудың өршіп тұрғаны рас. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, жастары «жатырынан қағынатын», оң жақта отырып туа салуды ар көрмейтін Еуропаның тәжірбиесін неге қазаққа тықпаштаймыз? «Қызына қырық үйден тыю» жасаған ұлттық тәрбие қайда қалды? Мүшеқап таратып, түсік жасатудан басқа жол жоқ па? Біздіңше бар! Адамзатты атқа мінуге үйретіп, алғаш алтын өңдеген ата-бабамыз қыз тәрбиесінің де жолын көрсетіп кеткен. Жуырда Ақтөбеде «Анаға тағзым» орталығында болдым. Қазақылығына өзім бас иетін Бердібек Сапарбаев әкімнің батасымен Қалауша Садықова атты кәсіпкер ашқан бұл орталықта қыз тәрбиесінің қыр-сыры толық қамтылған. Кіре берісінің өзі қазақтың ұлы тұлғаларының аналарының суреттерінен басталатын орталық бүгінде қызының келешегіне алаңдаған ата-ананың жиі келетін орнына айналған.
Қыз тәрбиесіне уақыты жоқ ата-ана баласын сабақтан тыс кезде осында жібере алады. Мұнда бәрі бар! Қыз балалар жеті жастан бастап ұлттық тәрбие сағаттарын өтеді. Үлкенді сыйлау, енемен қарым –қатынас, ас пісіру, тіпті, қасықты қалай ұстау…деген мәселелер осының ішіне кіреді. Қыздар сондай-ақ, киім тігу, музыка аспаптарын үйрену сабақтарына да қатысады. Өтпелі кезеңде ақыл сұрар адам таппай қиналатын албырт қыздармен айналысатын, әлгі жыныстық қатынасқа байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізетін арнайы психолог та бар мұнда.
Ақтөбедегі «Анаға тағзым» әзірге жалғыз. Кәсіпкер Қалаушаның бастамасын қалған өңірлердегі қалталы азаматтарымыз іліп әкетсе «мүшеқап» пен «түсік» жөніндегі әңгіме басылар ма еді? Кім білсін?

(Арман Сқабылұлының Фейсбуктағы  парақшасынан  алынды)

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған