Қазақстан мұнайға деген тәуелділіктен арылуға талай жылдан бері талпынып келеді.
Қазақстан өзінің мұнайға қатты тәуелді экономикасын қашан әртараптандыра алады, деген сұрақты LS басылымы сарапшыларға қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тұңғыш президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Сәбит Сұханов экономиканың мұнайға деген тәуелділігін қолдан келгенше тез арада төмендету керек, деген пікір айтты.
«Дүниежүзілік банктің жақында ғана жүргізген зерттеуіне сәйкес, егер алдағы 10 жылдың ішінде мұнайдың ықпалы төмендемесе, біз тағы да 2008 және 2015 жылдардағы дағдарысқа тап боламыз, сол кездері шикізаттың биржалық бағалары күрт төмендеп кеткен болатын. Қазір Қазақстан экономикасының мұнайға деген тәуелділігі өте жоғары болып отыр. Шикі мұнай мен табиғи газ өндірісі бүкіл өнеркәсіптің 45%-ын құрайды. Ал мұнай мен газ экспорты бүкіл экспортымыздың 65,5%-ын құрап отыр. Экономиканы әртараптандыру кешенді міндет болып табылады. Бекітілген стратегиялық бағдарламаларда барлық қажетті шаралар мен міндеттер көрсетілген. Бірақ ең бастысы, олардың жүзеге асырылуы жағы тиімді жүргізілуі тиіс», – дейді экономист.
Ал «Финам» компаниялар тобының стратегия жөніндегі директоры Ярослав Кабаковтың айтуынша, инвесторлар алдындағы міндеттемелердің көптігінен біздің еліміз өз экономикасын тез арада өзгерте алмайды.
«Мұны асықпай, кезең-кеземен жасау керек. Өйткені шикізат сегменті біздің негізгі саламыз. Соның салықтары барлық деңгейдегі бюджеттерді толтырып отыр. Қаншама халық осы сегментте жұмыс істейді. Сосын шикізат секторына қажетті тауарлар мен қызметтер ұлттық экономикадағы басқа салалардағы компаниялардың дамуына мүмкіндік беруде. Халықаралық міндеттемелерді де ұмытпау керек. Республика бас салып шикізат өндіруден бас тарта алмайды, әйтпесе халықаралық келісімдерін орындай алмай қалады. Оның үстіне, шикізат тек экспортқа ғана емес, ішкі нарықтың тұтынуына да қажет. Қазір салынып жатқан екі мұнай-химия комбинаты экономиканы әртараптандыруға бағытталған, олар шикізат өңдеп, жоғары қосымша құны бар өнімдер шығаруы тиіс. Осындай өндіріс ашу идеясы өте дұрыс, елден шикізат қана шығармай, дайын өнімдер де шығарып, импортты азайтқан жөн «, – деді ол.
Бизнес-сарапшы Диас Құмарбековтың сөзінше, бұл мәселе мұнай өндіретін көптеген елдердің бас ауруы болып отыр.
«Қазақстан экономикасында шикізат ойып тұрып үлкен орын алады. Мұнай арзандай бастағанда Қазақстан экономикасын әртараптандыру қажет деп шулай бастаймыз. Бұл мәселе мұнай өндіретін көптеген елдер үшін көкейкесті болып отыр. Кей елдер бұл мәселені шеше алды. Мәселен, БАӘ. Бұрын аса ірі мұнай сатушысы болған ел қазір жаһандық сауда және қаржы орталығына айналды. Меніңше, экономиканы әртараптандыру жоғарыдан түсетін тапсырмамен емес, шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы инвестициялық және экономикалық климат қалыптастыру есебінен орындалуы тиіс. Қазіргі шағын бизнестер кейін өсіп, бүкіл экономика деңгейіне дейін көтеріліп кетуі мүмкін. Қазақстанда қазір мұнай өңдейтін үш зауыт бар. 2018 жылы Қазақстанда 90,4 млн тонна мұнай өндіріліп, экспорт 69,8 млн тоннаны құрады. Біз тек 20,6 млн тоннаны қайта өңдеген екенбіз. Мұнай негізінен экспортқа кетіп жатыр. Бірақ қазір дамыған елдерде даму векторы жаңартылатын қуат көздеріне қарай ойысуда. Күн энергиясы, су, жел энергиясы және басқалар бар. Осыдан 10 жыл бұрын біздің жолдармен электромобильдер жүреді, көшелер күн панелімен жарықтанады дегенге шынымен де ешкім сенбейтін еді. Сондықтан алдағы 10 жылдың ішінде тағы не болатынын болжау қиын. Сол үшін Қазақстанның қазір тек шикізат пен отын сатумен ғана айналыса бермей, мұнай-химия саласындағы өңдеу саласына мықтап ден қойғаны дұрыс. Осы арқылы біздің экономикамыз аймақтық және жаһандық нарықтарда бәсекелестігін сақтап қала алады», – деді ол.