Қазақстан Парламенті Астананың атауын өзгерту туралы ұсынысты мақұлдады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Сенаттағы 43 депутаттың 43-і келісті. Мәжілістегі 103 депутаттың – 103-і келісті. Осылайша, құрметті әріптестер, тарихи шешім қабылданды», – деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин палата отырысында.
Бұған дейін Астана атауының референдумсыз өзгеруі мүмкін екені хабарланған еді.
Оның алдында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұрсұлтан деп атауды ұсынды.
«Ұлы замандасымыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімін мәңгі етуіміз керек: біздің елордаға Президентіміздің есімі беріліп, Нұрсұлтан аталуы керек. Мұндай ұсынысты осыған дейін парламенттегілер де айтқанын еске салғым келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
[ad_2]
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz