Түркістан қаласында алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті XXXVII сессиясы өтті. Облыстық мәслихат депутаты Н.Әбішов төрағалық еткен жиынға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, аудан, қала әкімдері мен мәслихат хатшылары, облыстық басқармалардың және ұйымдардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде 28 мәселе тыңдалды. Атап айтқанда, Түркістан облысының басқару схемасын бекіту, облыстағы 24 басқарманы қайта құру, Түркістан облысы бюджетінің кіріс бөлігін толықтыру және табыстың өсуінің жаңа резервтерін анықтау бойынша атқарылған жұмыстар туралы, Облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы сынды бірқатар мәселелер қаралды.
Жиында облыстық басқармалардың және ұйымдардың басшылары баяндама жасады. Сондай-ақ сессияда депутаттар ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев алдағы уақыттағы атқаратын жоспарларын жариялап, Түркістан облысында жүзеге асатын тың жобаларды таныстырып, нақты міндеттерін атап өтті.
«Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және экономика мен бизнеске қолайлы жағдай жасау арқылы Түркістан облысын көркейту бойынша міндет қойып отырмыз. Осы мақсатта біз өңірдің дамуына серпін беретін нақты жұмыстар атқаруымыз қажет. Ең алдымен, жүйелі нәтиже беретін, биылдың өзінде халыққа тиімді болатын өзекті мәселелерді шешуге бағытталған басым бағыттарды назарға алуымыз қажет. Мен осы мақсатқа жету үшін басымдық беретін 5 негізгі бағытты айқындадым. Бұл – Түркістан қаласын дамыту, Түркістан облысының мәдени-рухани саласын жаңғырту, аудан, қала және ауылдарды дамыту, агроөнеркәсіп кешенін және индустриалды аймақтарды көтеру», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Жиын соңында облыс басшысы аталған жобаларды іске асыру арқылы өңірдің экономикалық жағдайын көтеруге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға күш жұмсайтынын жеткізді.
«Біздің алдымызда қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығы және рухани-мәдени нысандардың құрылысын уақтылы әрі сапалы жүргізу міндеті тұр. Жалпы облыс орталығында 89 нысанның құрылыс жұмыстары жүреді. Біз қаланың ескі бөлігін дамыту мәселесін де ұмытпауымыз керек. Түркістанның ескі шағынаудандарының инфрақұрылымын дамыту, су және газ, кәріз жүйелеріне жөндеу жұмыстары қажет. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласындағы үлкен 5 көше күрделі жөндеуді талап етеді. Ал 27 көшеге орта жөндеу керек. Жалпы, 62 шақырым жол реттеледі. Сонымен бірге, орталық көшелердің жан-жағын абаттандыру жоспарымыз бар. Шамамен 42 шақырым көшеге жарықтандыру, тротуар салу жұмыстары жүргізіледі. Биыл жазда көшелердің, қаланың көркейгенін тұрғындар өз көзімен көруі қажет», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Бұдан өзге, өңірдің үздік сала мамандары Түркістан облысының Құрмет грамотасымен және Түркістан облыстық мәслихатының грамотасымен марапатталды.