АҚШ пен Қытай арасындағы «жылымық»

Әлемнің  ең  ірі  екі  елі –  АҚШ  пен  Қытай   арасындағы  текетіреске  әзірге  нүкте  қойылар емес.  Тартыс  биылғы  жылдың  басында бастау  алған. Міне  жылдың  соңы.  Бірақ бірде  қарқындап, бірде  саябырсыған   сауда  соғысы межеге  жете  қоймаған  сынды. Кешегі  Аргентинада  өткен үлкен  жиырмалықтың  жиынында  екі  жақ  тағы  бір кездесіп  сауда-саттық саласын  пысықтап  алды.

Дегенмен,  бұл  жолы Си Цзиньпин  Дональд  Трамптың  ығына  жығылғандай   икем танытты. Былайша айтқанда сауда айналымын  қалыпқа  келтіру  үшін,  белгілі  бір  деңгейде АҚШ-тан тауар сатып алатын болып  келісті.

Бұл  жөнінде Ақ  үйдің  баспасөз  хатшысы Сара Сандерс  хабарлады.  Оның  айтуынша   «Қытай сауда айналымын  сақтап қалу  үшін, ауыл-шаруашылық, энергетика, өндіріс  саласына  тиселі тауарларды  көп  мөлшерде  сатып алуға    келісіп отыр».  Әрине  сауда  соғысын жүргізіп отырған   екі ел арасындағы жағдай  әлем экономикасына  тікелей  әсер   беріп  отырғаны  шындық.  Тіпті  бұл  жөнінде  осыдан  біраз  уақыт  бұрын Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев Қытай мен АҚШ арасындағы текетірестің дүние жүзі экономикасының өсуіне кері әсер ететіні жөнінде  айтқан  болатын.

«Экономикалық қайшылықтар талай жұрт ашықтан-ашық сауда соғысы деп бағалайтындай дәрежеге дейін шиеленісіп кетті. Солардың бірі әлем экономикасының 1/3 бөлігін, жаһандық экспорттың 20 пайызын, әлемдік инвестицияның 1/3 көлемін құрайтын АҚШ пен Қытайдың арасында өрбіп жатыр»  деген  еді.

Расында,  әлемдегі ең  ірі  экономиканың  құлағын  ұстап  отырған  екі  мемлекет арасындағы  тартыс,  әлем  экономикасының  дамуына   кедергі  болатыны   анық.  Алдағы  жағдай  қалай  болмақ?  «Жылымық»  өз  әсерін  бере  ме? Оны  уақыт көрсете  жатар.

Еске сала  кететін  жайт, өткен  жылғы (2017 жыл) АҚШ  пен Қытай арасындағы  сауда  – саттық 710,4 миллиард  долларды  құраған. АҚШ 187,5 миллиардтың  тауарын  Қытайға экспортап, ал  ол  жақтан 522,9 миллиард  доллардың  тауарын импорттаған. Бұл  өте  үлкен  көрсеткіш.

Көрсеткіш  ретінде  салыстыратын  болсақ,   АҚШ  пен ЕурОдақ арасындағы  сауда  айналымы 631 миллиард   еуро.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған