«Мен жастарға сенемін» деп еді Алаштың арысы, қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабай. Ақиқаты сол ғой, жастар елдің болашағы, мемлекеттің тірегі. Әттең-ай, бүгінгі жастардың бәрі елшіл, мемлекетшіл деп айту қиын.
Адалынан арамы көп
Жастар өзі алдауға, арбауға бейіл тұрады. Мұны өзім көзіммен көріп жүрген соң айтамын да. Мен таксиспін. Алматының көшелерінде адам тасып, азын-аулақ нәпақа тауып жүргендердің бірімін. Енді өзімнің басымнан өткерген мына бір жайттарды баяндайын.
Бірде көлігіме қазақтың жас жігіті мінді. Кешкілік еді. Асынып алған сөмкесі бар. Баратын жерін айтты. Жеткіздім. Енді ақшасын төлейтін кезде «аға үйден жүгіріп барып ақша алып келейін. Мына сөмкем осында тұра тұрсын» дейді. «Жарайды» дедім. Бала жүгіріп көпқабатты үйдің ауласына кіріп кетті. Содан жоқ. Ары күтемін, бері күтемін. «Сөмкесін алуға келетін шығар» деймін ғой. Жарты сағаттай күттім. Көліктен түсіп, аулаға ендім. Ешкім жоқ. Әлгі бала қай подьезге кіріп кетті? Белгісіз. Көлікке қайтып келіп баланың сөмкесінеқарадым. Сөмкеде не бар екен деп көтеріп едім, сөмке дегенім кір-кір, жыртық, тесік бірдеңе екен. Ішін ашсам табаны қақырап кеткен ескі кросовка, сасып кеткен нәскилер. Лоқсып жібердім.
Әлгі иттің баласы мені қатырып кеткенін білдім. Сөмкені лақтырып жібердім.
«Аға ақшам жоқ. Жеткізіп тасташы» деп өтінсе әкеліп тастар едім ғой. Әлгі баланың тірлігіне бас шайқап жүріп кеттім.
Тағы бірде мынадай жағдай болды. Тағы да кешкілік. Қазақтың екі жас баласын алдым. Баратын жерлері алыс емес екен. Түсерде мың теңге ұсынды. Көліктің шамын жағып қарамай-ақ, қалтама тыға салып, жеті жүз теңге қайырып бердім. «Рахмет аға, рахмет» деп екеуі түсіп қалды. Содан біраз жүріп үйге келдім. Тапқан ақшамды санап отырып, санымды бірақ соқтым. Өйткені
манағы екі қазақ баласы маған «самопал» мың теңге беріп жіберіпті. Кәдімгі ұсақ-түйек сататын дүкендерде сувенирретінде он теңгеден сатылатын жай қағазға басылған мың теңгелік.
Оның шетінде «төлем құралы болып табылмайды» деген жазуы бар. Алданып қалғанымды білдім. «Апырай, шамды жағып қарап алсамшы» деп бір ойладым. Бірақ бәрі кеш. Қазақтың әлгі екі баласын шешелерінен бір сыбап қойдым. Басқа не істеймін? Өйткені сол кеште таксовкада жүргенде мың теңгелік ұсынған сол екеуі ғана. Қалғандары 200 теңге, 500 теңге берген еді. Амал қанша,оларды апарған еңбегім, бензинім бекер кетті. Онымен қоймай здача деп 700 тенге ұстатып жібергенімді айтсайшы!
Осыдан бірер күн бұрын күндіз тәп-тәуір киінген қазақтың екі жас қызы отырды. Олар екі адресті айтты. Алдымен жақын жерге біреуін, сосын екінші адреске екіншісін жеткізу керек болды. 800 теңге десті. Келістім. Екеуі орысша шүлдірлеп отыр. Бірінші қыз түсерде жанындағы отырған қыздың құлағына бірдеңе деп сыбыр етті. Анау жымыңдап басын изеді. Содан екінші қызды айтқан жеріне жеткіздім. «Аға жүгіріп барып ақша алып келейін» дегені. Онда да орысша. «Ақшаларың жоқ болса неге бірден айтпайсыңдар. Адамды әуре қылып» деп ренжіп жатырмын. Қыз да қайтпайды екен. «Қорықпаңыз. Алдамаймын. Жүгіріп барып алып келемін» дейді. Салғыласып тұрамын ба, «жарайды» дедім. Қыз жүгіре басып көп қабатты үйлердің ауласына кіріп кетті. Мен болсам, көлікті жолдың шетіне қаңтарып қойып, күтіп отырмын. Бес минут өтті, он минут өтті. Он бес минут өтті. Әлгі қызым жоқ. Сонда барып ол қыздың да мені алдап кеткенін білдім.
Бәлкім ол қыз терезеден сығалап, «ана лохты лақтырып кеттім» деп мазақтап күліп тұруы да мүмкін.
Не істеймін? Жерге бір түкірдім де «садақа болсын» деп жүріп кеттім. Тізе бірсем, мұндай жағдайлар көп.
Бір байқағаным, осылайша «лақтырып» кетуге өзге ұлт емес, өзіміздің қазақтар, соның ішінде жастар бейім екен. Неге? Білмедім.
Жастайынан алдап-арбауға, алаяқтық жасауға бейім болып өскен жастар есейгенде қандай болады? Ойлаудың өзі қорқынышты.
Мұны неге жазып отырмын. Мен секілді таксоват етіп бала шағасын асырап жүрген таксистер осыны оқыса екен, сосын менен кеткен қателіктер оларға сабақ болса екен. Алаяқтарға алданып қалмаса екен деп жазып отырмын.
Өйткені қазіргі қоғам алдау мен арбаудан тұрады екен. Соны білдім.
Жұмахан, таксист