САЯСИ РЕФОРМА ЖАСАУДЫҢ КЕЗІ ЖЕТТІ

ҚР Ішкі істер министрлігі таратқан деректерге қарағанда 1 мамыр күні еліміздің 5 қаласында митинг болып, Нұр-Сұлтан және Алматы шаһарларында 80 адам қамалыпты. Бұл нені көрсетеді? Бұл- осыған дейін айтып келген «біз демократия құндылықтарын ұстанған елміз, бізде сөз бостандығы бар» деген әңгіменің шетке ысырылып қалғанын көрсетеді. Біз өркениетті елдерге қарап бой түзегенді, солардан үлгі алғанды мәртебе санайтын елміз. Сол Өркениетті елдердің бәрінде түрлі жағдайларға байланысты митингі-шерулер жиі өтіп жатады. Анау Еуропа, анау, Латын Армерикасы, АҚШ мынау Азия тіпті тамыры бір, өзіміздің қандасымыз Түркияны алайық. Әлсін-әлсін шерулетіп жатады. Көшеге-алаңға жүз мыңдаған, миллиондаған адамдар шығады. Өздерінің арыз-арманын айтады. Талап-тілегін білдіреді. Оңды ұсыныс па, билік қабылдайды. Халықпен санасады. Қателіктерін түзейді. Халық мансұқтаған реформаларды жүзеге асырады. Өркениетті елдің аты, өркениетті ел. Біздегідей ауыз аштырмай, бас сап ұстап, қамамайды.

Қазір экономикамызда өсу кемшін, теңге әлсіреп, баға шарықтап барады, елдің тұрмысы төмендеу үстінде. Бұл жұрттың билікке деген наразылығын күшейтіп жатқаны айқын. Сонымен қатар бұл қалыпты жағдай. Ал биліктің кешегі тірлігі яғни көшеге шығып қордаланып қалған мәселелерді ашық білдірігісі келгендерді ұрып-соғып, қамауы халықты одан әрі ашындырып, үлкен бір әлеуметтік жарылысқа алып келетіні аян. Билік осыны білгені жөн. Билік халықты күшпен қорқытатын заманның арта қалғанын түсінетін кезі жетті. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Халық жаппай көтерілетін болса, биліктің омақа асатыны әмбеге аян. Оны көрші елдерде болған түрлі толқуларға қарап білуге болады. Шерушілермен сөйлесуге күштік құрылымдар емес, әкім-қаралар, депутаттар, министрлер шығып, арыз-талабын тыңдап, басу айтуы керек еді. Өкініштісі олай болмады.

Менің ше осы жерде бір арандату бар сияқты. Қалайда қазіргі билікті халыққа құбыжық ретінде көрсету сценарийі жасалған ба деп қаламын. Мысалы Тоқаев тізгінін ұстап отырған билікке қарсы я бәсекелес болғысы келетін белгісіз бір топ түрлі жолдармен күштік құрылымдарды митингіге шыққандарға қарсы айдап салып, ұрып-соқтыруы, қаматуы сол арқылы билікті халыққа жеккөрінішті етіп көрсету, тіпті одан қала берсе жалпақ әлемге «қазақ билігі өз халқына қарсы» деп жамандағысы келе ме деп қаламын. Кім білсін?

Президент тізгінін қолға алған Тоқаев қырық күн ішінде біраз игі тірліктің басын қайырып үлгерді. Ел ішінде оған деген сенім күшейіп келе жатыр. Тоқаевтың аты зорайып бара жатқаны бәз біреулерге жақпай, әдейі осындай қянпұрыс әрекет жасауға ұмтылдыма екен? Белгісіз. Жалпы қазіргі жағдай елде саяси реформа жасаудың кезі пісіп жетілгенін көрсететіндей.

Азаматхан Амиртай
«Байтақ-Болашақ» ЭкоАльянстың төрағасы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған