ӨНЕРГЕ СЫЙЛЫҚ ӨЛШЕМ БЕ?

Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары еліміздегі бәйге атаулының әділетті өтпегенін талай рет көріп, сыйлықтардан көңіліміз суып, етіміздің өліп кеткені ешкімге де құпия емес. Сондықтан амалын тауып, мемлекеттік деңгейдегі ірі марапаттарды әдебиеттегі жолбикелер еншілеп кетіп жатса таң қалмақ түгіл, оған түк мән бермейтін болып алдық. Өкінішке қарай, мұндай келеңсіздіктің әлемдік беделі асқақтап тұрған Нобель комитетінде де оқтын-оқтын орын алып тұратыны қалыпты құбылысқа айналды. Осыған орай Швед академиясы таңдаған лауреаттардың әдебиетші қауымның сын нысанына айналғанына қай заман. Біреулер беделі күшті Академияны нағыз жазушыларды елемей, саяси себептерге орай оқырмандарға аса танымал емес авторларды таңдайды деп айыптайды. Екіншілері, сарапшылардың көбінесе ағылшын тілді әдебиеттің өкілдеріне бүйректері бұрып тұратынын айтып, Нобель комитетінің академиктерін жазғырып жатады. Үшіншілері Нобельдің қалдырған өсиетіне қарамастан, әдебиет саласындағы сыйлықтың кей кездері сөз өнеріне еш қатысы жоқ адамдарға беріліп кететіне наразылықтарын білдіруде. Бүгінгі таңда Швед Академиясының шығарған шешімдеріне қарсы қалың оқырманның наразылығы толастаудың орнына, жыл өткен сайын өршіп, күшейіп барады. Дегенмен, Нобель комитетінің оқырман пікірімен санаспауы кенеттен пайда болған тосын жағдай емес, ғасыр басынан бері жалғасып келе жатқан – қалыпты құбылыс.
1906 жылы әлем оқырмандары Швед Академиясының әділетті шешім шығаратынына сеніп, ендігі Нобель сыйлығын әлем мойындаған ұлы суреткер Толстойға береді деп үмітін үкілеп отырды. Алайда, Ресей ғылым академиясының оны өзіне әперуге әрекет жасап жатқанын біліп қалған Толстой 1906 жылдың 7 қарашасында жақын танысы, фин жазушысы, әрі аудармашы Арвид Ярнефельдтке хат жазып, осы сыйлықтың өзіне берілмеуін сұрап, өтініш білдіреді. «Егер сыйлық беріліп қалса, одан бас тарту маған ыңғайсыздық туғызар еді», – деп жазады «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясының авторы. Ярнефельдт хатты алған соң Толстойдың тілегін орындап, оның өтінішін Нобель комитетіне жеткізеді. Осылайша 1906 жылы әдебиет саласындағы әлемге әйгілі марапат италия ақыны Джозуэ Кардуччиге берілді.
Джозуэ Кардуччидің есімі де, шығармалары да бүгінгі таңда жаһан поэзиясын зерттеп жүрген арнайы мамандарға болмаса, қалың оқырманға беймәлім. Ал, Толстой туындылары әл күнге дейін әлем оқырмандарын тебірентіп,оларды адамгершілікке баулып келеді.

Амангелді Кеңшілікұлы