Киберқауіпсіздікті қалай сақтауға болады – ВВС

Киберқылмыс кесірінен жыл сайын миллиардтаған долларлар қолды болып жатыр. Бұл жағдай жылдан жылға ушығып барады. Кибершабуылдарға төтеп бере алатын компьютер құрастыру мүмкін бе? Бұл сұраққа Израиль зерттеушілері жауап берді, деп жазады ВВС басылымы.

Мақалада келтірілгеніндей, Тель-Авивтегі Check Point Security Technologies киберқауіпсіздік компаниясының вице-президенті киберқауіпсіздік мәселесін шешу үшін хакерлікті тиімсіз ету керектігін айтыпты.

«Бүгінгі таңда компания 150 хакерлер тобын бақылайды. Олардың айтуынша, хакерлер аптасына 100 мың доллар табады», деп жазады басылым. Дегенмен, киберқауіпсіздік жүйелері жылдан-жылға дамып жатыр.

«1991 жылдары бағдарламалық қамсыздандыруға дискетаға салынған қауіпті вирустар қолданылатын. 1994 жылдары компанияның ұжымдық желісіне кіріп мәліметтер ұрлау тіркеле бастаған. Ал 2016 жылы хакерлер көптеген ірі желілерге бір уақытта әсер ете алатын қуатты құралдар қолданатын болды. Ал биыл интернетке кіруге мүмкіндік беретін құрылғылар арқылы шабуыл жасау көбейді», – деп жазады автор.

Оның айтуынша, хакерлер шабуыл жасай алмайтын компьютер құрастыруға болады, бірақ ол өте ауыр және оны орнынан қозғалту мүмкін болмайды.

«Технология дамыған сайын киберқауіпсіздік индустриясы да алға жылжиды. 5G кезінде де кибершабуылдар көбейеді. Жасанды интеллект те көп қолданыла бастағандықтан, ол да хакерлер қолданатын құралдардың біріне айналады», – деп жазады автор.

inform.kz