
Ресей Президенті Владимир Путиннің арнайы құпия пойызында не бар екені белгілі болды. Теміржол транспорты 22 вагоннан тұрады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Құпия пойыз туралы мәліметті «Досье» орталығы, CNN, Süddeutsche Zeitung, Westdeutscher Rundfunk және Norddeutscher Rundfunk басылымдары бірлесіп зерттеген. Азаттықтың жазуынша, 3 вагонның өзі ресторан екен.
Зерттеу кезінде Ресей федерациясының күзет қызметінің, Ресей темір жолы компаниясы мен оған қатысы бар құрылымдардың құжаттары пайдаланылған. Олардың арасында президентке спорт-сауықтыру вагонын дайындаған «Цикрон Сервис» компаниясы да бар. Вагонның ішінде косметолог кабинеті, жаттығу залы мен хаммам барын анықтаған. Косметологтың кабинетінде өзге заттарға қоса жасанды тыныс аппараты (ИВЛ) мен өкпеге ауа баруға көмектесетін, қан қысымын, жүрек соғысын бақылауға арналған және басқа да медициналық құрал-саймандар бар, кабинет жасырын тыңдалмайтындай етіп жабдықталған деп жазады зерттеу авторлары.
Оған көрші бөлмедегі жаттығу залында татами, салмағы сезгіз келі гантельдер және басқа да спорт құралдары бар. Барлық вагондарда теледидарлар каналдары біркелкі реттелген. Президент пойызында барлығы 22 вагон болғанымен олардың бәрін бірдей пайдаланбайды. Әдетте Путин сапарға шығатын пойызда оншақты вагон болады. Сегіз вагон совет кезінде немесе Совет одағы тарағаннан кейін көп уақыт өтпей жасалған. Бұлар негізінен гараж, байланыс торабы, дизель электр станциясы орналасқан техникалық вагондар және вагон-ресторандар. Путиннің жеке өзіне арналған вагондар 2004 жылдан бастап жасала бастаған. Зерттеуші журналистердің қолына түскен келісім-шарттарға қарағанда, 2014 жылдан бері арнайы пойызды күтіп-баптап ұстауға бюджеттен 1,45 миллиард рубль жұмсалған.
Арнайы пойыз кімнің меншігінде екені белгісіз. Кейбір вагондарда Путиннің досы Юрий Ковальчукке қатысы бар «Гранд Сервис Экспресс» компаниясының белгісі бар. «Циркон Сервиса» құжаттарына қарағанда, меншік иесі бірнешеу сияқты. Мысалы, екі вагон Ресей теміржолы компаниясына, тағы екі вагон Федерациялық қауіпсіздік қызметінің тапсырыстарын орындайтын және Путин пайдаланатын «Ресей» арнаулы тобының ұшақтарына қызмет көрсететін «Вемина Авиапрестиж» компаниясына тиесілі деп көрсетілген.
