Ақырзаман…

Қай уақытта  болмасын, халық арасында ақырзаман  жөнінде  әңгіме  көп.  Рас, әлімсақтан бері адам баласы, «көктен құбыжық түседі, жерді топан су басады, не болмаса жер отқа оранады, қалыңдығы бес елі мұз басып, бүкіл тіршілік жойылады» деген үрейлі әңгімені айтумен келеді. Тіпті мыңдаған жылдық тарихы хатқа шекіп жазылған қытай мен үнді жылнамаларында да осы тақылеттес әңгіме жеткілікті.

Бұдан қала берсе, барлық діни кітаптарда да түбі бір түнектің болатыны айтылған. Бірақ қашан? Әсіресе жұмыр жер бетіндегі саналы тіршілік иелері, ақырзаман жөнінде сөз еткенде міндетті түрде ертеде өмір сүрген үндіс мая тайпасының күнтізбесін тілге тиек етеді. Ал ол күнтізбеге үңілер болсақ, жердегі барлық тіршілік атаулыға қойылар соңғы нүкте 2012 жылдың 21 желтоқсаны. Бұдан ары жер бетінде тіршілік бола ма, жоқ па? Белгісіз. Дегенмен соңғы уақытта ғаламтор бетінде «ақырзаман бұдан мың жыл бұрын жасалған ерекше құдіретке ие бас сүйектен болуы мүмкін» деген алыпқашпа әңгіме тарады. Бір қарасаң дақпырт, қауесетке ұқсағанымен, мұнда бір шындық жатқандай. Өйткені тылсым күшке ие бас сүйек өзге емес, атақты Тибет өлкесіндегі Кайлас тауынан табылып отыр. Тибет – құпиясы мол өлке. Адамзат ХХI ғасырға қадам басса да, ғажап аймақ сырын толық ашқан жоқ. Әсіресе Кайлас тауы нағыз шым-шытырық әлемнің ордасы. Бұл төңіректе ертегіге бергісіз аңыз көп. Соның барлығы «Кайлас-әлемдік уақыттың кілті» дегенді айтады. Сенбейін десең, осы өлкеге ат арытып барып, зерттеп қайтқан белгілі ғалымдардың дерек-дәйегінен кейін иланбасқа амалың қалмайды.

Кайлас – әлемдегі ең көп әрі ең ірі пирамидалар орналасқан өлке. Бұған Мысыр не болмаса Оңтүстік Америкадағы атақты пирамидалардың өзі тең келе қоймайды. Мәселен бүгінге дейін жалпақ жаһандағы ең биік, алып пирамида Мысырдағы Хеопс деп саналып келді. Оның биіктігі – 146 метр. Ал Кайлас тауындағы пирамидалардың кейбірінің биіктігі – 100 метрден 1800 метрге дейін жетеді. Енді салыстыра беріңіз… Бар құпия осы таудағы пирамидалармен сонау Пасхы аралындағы тас белгілер, Мысыр мен Оңтүстік Америкадағы пирамидалардың бір ендікте жатуында. Бүгінгі ғылым бұлардың бірыңғай орналасуы жөнінде түрлі болжамдар айтуда. Соның барлығы бұл пирамидалар үштаған ендікте орналасып, ғарышпен байланысқа түсетін нүктелер деседі. Бұл алып құрылыстар бізге дейін – топан су қаптап барлық тіршілік иесі жойылғанға дейін, ғылымы мен білімі қарқынды дамыған, өркендеудің биік тұғырына көтерілген саналы тіршілік иелері салған дегенді айтады.

Пирамидалардың кейбіріндегі тас қабырғаларда адамға ұқсас тіршілік иелерінің суреттері қашалған. Тіпті бір қабырғада төрт адам тектес тіршілік иесі және олардың жанында белгісіз табақшаға ұқсас ұшатын заттың кескіні бар. Бұл не? Әзірге ғылым бұл жөнінде «мынадай» деп болжам жасай алған жоқ. Тағы бір қызық жайт, Тибеттегі биік құздардың бірінде биіктігі 16 қабатты зәулім үймен бірдей адам төмен қарап отыр. Әрине тірі емес, тас адам. Ол Будда секілді малдас құрып отыр. Төмен қараған күйі әлденені оқып отырғандай. Мұны кім тұрғызған? Жұмбақ. Жалпы Тибет адамзат үшін әлі өз құпиясын аша қоймаған өлке. Соның бірі ол жерден табылған бас сүйек болып тұр. Кезінде осы өлкеге сапар шеккен немістің бір экспедициясы жанартау жарылысынан пайда болған шұқырдан адамның бас сүйегін тауып алған. Ол ерекше тастан жасалған көрінеді. Кейінен ол бас сүйек Гиммлердің қолына түскен. Одан кейін ол тұтқындлған ағылшын солдатының қолына өтеді. Кейіннен әлгі жәдігер атақты тарихшы Томас Риттерге жеткен. Ол бас сүйекті арнайы зертханада зерттейді. Алайда кезекті бір суретке түсіру кезінде бас сүйек жерге құлап, жақтың бір шеті сынып қалады. Содан кейін-ақ бас сүйек тұрған зертханада адам айтқысыз жұмбақ оқиғалар орын ала бастаған. Зертхана қызметкерлері «бас сүйектің сынуы құдайлардың ашу-ызасын тудырып жатыр, енді ақырзаман орнауы мүмкін» деседі. Өйткені зертханада болып жатқан оқыс оқиғалар қызметкерлерді осындай үрейге жетелеген. Өйткені бұған дейін де «жер бетіндегі он үш бас сүйек адамзаттың түбіне жетеді» деген үрейлі әңгіме жиі айтылатын. Сонымен он үш бас сүйек ол не? Әлемде мая тайпасының он үш хрусталді бас сүйегі жөнінде аңыз-әңгіме көп. Бұлар өте сапалы таудың хрусталінен ойып тұрып жасалғандар. Жастары 500 жылдың ар жақ, бер жағы. Оны жасағандар аса дамыған өркениетке қол жеткізген үндістердің мая, әстек немесе ольмек тайпалары деседі. Бұлардың ішіндегі ең атақтысы 1927 жылы америкалық археолог Митчелл Хеджесо ертедегі мая қаласы Лубаантунның орнын қазып жүріп тауып алған. Бас сүйек күні-түні ерекше жарқырап сәуле шашып тұратын көрінеді. Зерттеу барысында оның жасалған уақыты ондаған мың жыл екен. Ең үрейлісі, осы бас сүйекті тауып алысымен археологтардың көз алдына жын-перілер, неше түлі жайттар елес беріп, өзгеше күйге енген.

Ал бас сүйекті зерттеуге ұмтылғандар тосынан ажалға тап болып отырған. Америкалық атақты зерттеуші «бұл бас сүйек жерде емес, өзге беймәлім өркениет иелері жасаған. Өте керемет құдіретке ие. Бас сүйек қажет десең иісті сезеді… шуды естиді…» дейді. Кім білсін? Оның айтқанын өзге зертеушілер де қолдауда. Бас сүйек ерекше тылсым күшке ие… Америка үндістерінің айтуынша, мая тайпасында осындай он үш бас сүйек болған. Егер де бәрін бір жерге жиып ұстасаң, бүкіл әлемге иелік етуге болады екен… Қазір осы он үш бас сүйектің біразы жеке адамдардың колекциясында. Үшеуі Вашингтондағы ұлттық мұражайда сақтаулы. Сондай-ақ Париж және Британ мұражайларында орын тепкен. Алайда соңғы екеуі он тоғызыншы ғасырдың соңы мен жиырмасыншы ғасырдың басында Еуропада қолдан жасалған екен. Олар ешқандай құдіретке ие емес. Ал шын мәнісінде мая тайпасының қолынан шыққан бұл он үш бас сүйек әлемді өзгертуге күші жете ме? Ол жағы белгісіз. Аңыз болуы да мүмкін. Тағы бір еске сала кетер жайт, жақында археологтар мая тайпасының ескі жұрты Шультунды қазған кезінде тағы бір жазбалардың үстінен шыққан. Ғажайып астрономиялық таңбаларда айдың, күннің және планетаарлық жолдардың орны белгіленген. Есеп алдағы жеті мың жылға есептелген көрінеді. Осыған қарап ғалымдар бүгін-ертең ақырзаман бола қоймайды деп мәлімдеме жасау үстінде.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ