Бұл шындық па, әлде елес пе?

Жер бетінде түрлі құбылыстар қайталанып тұратын анамольды нүктелер жеткілікті. Бірақ ондай жерлерде болатын тылсым құбылыстардың құпиясын ғылым әлі толыққанды шеше алған жоқ. Жалпы, бұл жұмбақ құбылысты парапсихологтар «хонтинг» деп атайды. Бұл термин «кейбір елестердің белгілі бір географиялық нүктеге байлануы» деген ұғымды білдіреді. Кейде мұндай орындарда бір мезгілде бірнеше жүздеген елестер пайда болады. Хотингтер қанды шайқастар өткен жерлерде жиі байқалатынын да сан түрлі ойларға жетелейді…

Осындай орындардын бірі Франциядағы Эджхиллдің маңында 1943 жылы ханзада Руперт пен Оливер Кромбельдің отрядтары өліспей беріспейтіндей шайқасқа түскен жерде бар. Шайқастан кейін ұрыс болған жерде 5000-нан астам адамның жансыз денесі шашылып қалған. Бір ай өткен соң жергілікті бақташылар бұрын болмаған кереметті көрді. Аспанда олардың көз алдарында король мен парламенттің армиялары жан алысып, жан берісті. Тағы да барабандар қағылып, қарулардың сарт-сұрт дыбысы естіліп, қанды қырғын басталды…

Содан бері бұл аймақтағылар осы шайқастын елесін мезгіл-мезгіл байқап келеді. Осыған ұқсас жайлар кейде Ресей аспанында да пайда болады. Мәселен, әдеттен тыс құбылыстарды зерттеумен айналысатын «Феномен» комиссиясына Кемерово облысындағы Прокопьевск қаласының тұрғыны Александра Васильевна Ушаковадан мынадай хат келген:

«Отан соғысы басталар алдында бала кезімде мен «аспандағы шайқасты» көрдім. Кешкілік сағат 10-дар шамасында әпкем екеуіміз моншадан шықтық. Мен аспанға қарап, қорыққанымнан шыңғырып жібердім. Онда алып салт аттылар бірін-бірі қылышпен шауып, қан-жоса қылып жатты. Адамның жанын түршіктіретін шайқас киноға түсіріп жатқан сәттегідей толық тыныштықта өтті…

Әпкем аспанға жалтақтай қарап, менің қолымды қыса ұстап жүрісін жылдамдата түсті. Сол күні түні бойы көз ілмей шықтық. Біраздан кейін есіктің алдына шыққанымда, аспаннан жанағы құбылысты көре алмадым. Бұрын-соңды мұндай құбылысты көрген емеспін. Көп кітаптарды парақтап, көрген жұмбағыма жауап іздедім. Бірақ мардымды жауап таба алмадым. Бәлкім, сол шайқасты менен басқа біреулер де көрген болар. Хабар күтемін».

Иә, «елес армиялар» мен «елес шайқастардың» аспанда пайда болуы жұмбағы баяғыдан бар және біздің ойымызша, осы күнге дейін оны ешкім толық шеше алған жоқ. Дегенмен, әуелі тарихқа қайтадан көз жүгіртіп көрелік.

…1785 жыл. Силезияда генерал фон Козельді Уйест деген жерге жерледі. Табытты жерге түсіре бастаған сәтте аспанда сап түзеп келе жатқан солдаттар пайда болды…

…1848 жыл. Венаға жақын Дофинэде 20-ға жуық адам аспаннан сап түзеп келе жатқан армияны көрген…

…1888 жыл. Хорватияның Варастин деген жерінде аспанда бірнеше сағат бойы қолында жарқылдаған қылышы бар офицер бастап бара жатқан атты әскерлер отряды жүріп өткен…

Бұл таңқаларлық оқиғалар сол кезеңнің газеттерінде жан-жақты қамтылып жазылған. Ертедегі жылнамаларда Ресей аумағындағы «аспандағы шайқастардың» байқалу жайлары да тәптіштеліп жазылған.

…1242 жылы тевтондықтармен Чуд көліндегі мұз үстіндегі шайқас кезінде князь Александр Невскийдің әскері қатарында көптеген новгородтықтар аяқ астынан аспанда орыстарды құтқару үшін «құдайдын жіберген полкының» пайда болғанын көрген…

Адамдардың аспаннан шынымен бірдеңені көргені ешбір ешбір күдік туғызбайды. «Аспандағы шайқастар» туралы хабарлар тым көп, оларды көрген куәлар да жетіп-артылады. Кейбір ғалымдар мұндай құбылысты атмосфераның қалың қабатында жарықтың бөлшектеніп, сынуынан пайда болатын сағымға теліп түсіндіреді. Дегенмен кейбір танқаларлық құбылыстар бұл болжамның аясына сыймайды. Айталық, Бельгиядағы Вервье қалашығының тұрғындары аспандағы қантөгіс шайқастың куәсі болған және бұл Ватерлоодағы шайқастан кейін бір аптадан соң болған жай. Сонда бұл не, уақыттан жаңылысқан сағым ба?

1956 жылдың қарашасында ағылшындар Петер Зиновьев пен Патрик Скипуит Куиллин тауына жорыққа шығады. Түнгі сағат 3-терде шулаған дауыстарды естіп оянған олар палатканың етегін түріп, аспаннан «көрінбейтін жауларына» оқ жаудырып бара жатқан ондаған шотланд атқыштарын көреді… таңертең достарды аспаннан шыққан дыбыстар тағы оятады. Бұл жолы олар «көрінбейтін тастарға сүрініп жығылып, шегініп келе жатқан шала-жансар күйдегі сол шотландықтарды» тағы да көреді.

Слайгачане қалашығына қайтып оралған Петер мен Патрик көргендерін мейманхана басшысына айтады. Ол бұл құбылысты бұлар ғана емес, талай адамың байқағанын айтып, жауап береді. Бұл 1745 жылы болған шайқастың бір үзік көрінісі болса керек-ті.

«Аспандағы шайқастар» туралы көптеген зерттеу еңбектер жазылып, түрлі пайымдаулар айтылды. Бұл жұмбақты бәлкім көп ұзамай Воронеждегі әдеттен әдеттен тыс құбылыстарды зерттеу комитетінің мамандары шешіп беретін шығар. Олар таяуда «Воронежгеология» кәсіпорынының қызметкерлерімен бірлесіп, Новохоперск аймағында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, сол жерден «Жер энергиясының шығу жолдарын» тапты және суретке түсіріп алды. Суреттен жарық шашқан шарлар мен аймақтың үстіндегі бұлт айқын көрініп тұр. Сонымен қатар экспедиция жетекшілерінің бірі Генрих Силановтың мәлімдеуінше, оларға көп уақыт бұрын осы жерде болған оқиғаны суретке түсіріп алудың сәті түскен.

Арнаулы аппаратураның көмегімен Хопер өзенінің жағалауынан түсірілген суретте палаткалар, каска киген адамдар көрініс тапқан. Суретке тартар кезде бұл жерде ондай ештеңе болмаған. Әдеттен тыс құбылыстарды зерттеумен айналысатын воронеждік мамандар пленкаға энергетикалық «есте сақтау өрісінде» сақталып қалған көп жыл бұрын, яғни Ұлы Отан соғысы жылдары болған оқиғалар көрініс тапқанын айтады. Тіпті, воронеждік ғалымдардың «есте сақтау өрісі» болатыны туралы пайымдаулары расқа шыққанның өзінде «аспандағы шайқастарға» байланысты жұмбақтар толық шешіле қоймады. Айталық, кейбір деректер елес шайқастар кезінде нақты заттардың болатынын хабарлайды…

…1686 жылы Ұлыбританияда қару асынған солдаттардың аспандағы шеруі байқалған. Бұл кезде жерге мылтық, қылыш, шлемдер құлап түскен.

… 1880 жылы Килькенни деген жерде байқалған «аспандағы шайқастан» кейін жерден сынған ағаштар, шөпке тамған қан тамшылары табылған. 1982 жылы Кеңес елінің әскери ұшқыштары Украина аспанында кетіп бара жатып, кенеттен «уақыт ойығына» тап болған. Сонда олардың көргені… төменде қызыл жұлдызы бар кеңес елінің ауыр бомбылаушы ұшағын немістің ұшқыр истребительдері қуалап атқылап жүр. Одан төменде яғни жерде қым-қиғаш соғыс жүріп жатыр. Жарылып жатқан снарьяд, бомбы, атойлап бір-біріне қарсы ұмтылған әскер, қаптаған танк… Бұл әрине санаулы секундтер ішінде ұшқыштарға көрінген көрініс еді. Іле таң-тамаша соғыс көзден ғайып болған. Осы жерге қайта айналып келген ұшқыштар қайтіп әлгі майданды көре алмаған… Шамасы бұл «уақыт ойығында» сақталып қалған Ұлы Отан соғысының бірі көрінісі болса керек…

Мұндай жұмбақ құбылыстардың тізбегі осымен шектеліп қалмайды. әзірге оларға толыққанды түсінік берілген жоқ. Қазіргі заманғы ғалымдардың пайымдауларынша, «елесті шайқастардың» мистикаға ешбір қатысы жоқ және көп ұзамай, олар бізге жұмбақ болудан қалатыны белгілі.

 

 

Жас кезінде Иоганн Вольфганг Гете университетті бітіріп туған қаласы Страсбургке қайтып келе жатқан жолда бір жұмбақ жағдайға тап болыпты. Бұл жөнінде ұлы ақын кейінен күнделігіне мынадай жолдар жазып қалдырыпты. «Маған қарсы атқа мінген бір адам келе жатты. Ол – мен едім. Үстіне қорғасын түстес сұр камзол киген, онысы алтынмен жиектелген. Алғашында үрейім ұшып, әрі таңдана тұрып қалған мен тезарада есімді жиып, атымды тебініп қалдым. Сол-ақ екен қарсы алдымда тұран бейне-өзім лезде ауада еріп жоқ болдым… Сегіз жыл өткен соң құдай айдап, баяғы жолмен келе жатқанда үстіне қорғасынға ұқсас камзол киген өз бейнем тағы да қарсы жолықты…»

 

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ