Елес пе, әлде…

Бүгінгі  күні  екінші  Дүниежүзілік  соғысты еске  алатындар  азайып барады.   Онда  да 9  мамырдағы Жеңіс  күні немесе соғыс  басталған 22  маусымда  ғана. Бірақ 50  миллионнан  астам  адамның  басын жұтқан  төртжылдық қанды  қырғынды  біз  ұмытқанымызбен,   сол  кездің  жаңғырығы  әлсін-әлсін  еске түсіп, өткен күндер елес секілді ойға орала береді. Қалай  дейсіз  ғой, бәлкім   мұны  мистика  не  болмаса тағы да  сондай  бір  шым-шытырық түсініксіз   оқиғаларға теңеуге  болар.

Шындығында жұмыр  Жерде магниттік, гравитациондық  кеңістікпен  қатар ақпараттық  қуат  кеңістігі  бар. Осы кеңістік  жер  бетіндегі  кез-келген  оқиғаны,  соның  ішінде соғыс  болған, аса  көп  адам  қаза  тапқан  аймақтарды «жадында»  сақтап  қалатын  көрінеді. Бұл  ғалымдардың  пікірі.  Сол Жер «жадында» сақталып  қалған  кейбір  оқиғалар  ара-тұра  болса  да елес  болып  әлгі   жерлерге оралып тұрады екен. Төмендегі оқиғалар  соған  байланысты һәм ешқандай   ойдан  шығарылған  аңыз  емес, өмірде  болған жағдай. Өйткені  бұл  жерде  өмірде бар  нақты адамдар,  нақты елді мекендер  айтылады. Сондықтан адамдар  ойша құрастырған  қырық  өтірік  деуге еш келмейді…                                                                                         Соның  бірі  – Орта  Азия  билеушісі Ақсақ  Темірдің мүрдесі  туралы. Екінші  Дүниежүзілік  соғыс  басталардан  бір  күн  бұрын   – 1941  жылдың  21 маусымында кеңестік  археологтар   атақты  қолбасшы Ақсақ  Темірдің  мүрдесін  қазып  алды. Дәл сол кезде көр  қазушылардың  жанына  кенеттен   ақ  басты,  ақ сақалды  үш  қария пайда  болып,  Темірдің  денесін  дереу  қайта  жерлеуді  талап  етіпті. Егер де археологтар  айтқанды  орындамаса, қандықасап  соғыс  басталып  кетуі мүмкін  екенін  айтқан. Шалдардың  айтқанына  қарқылдап күлген  ғалымдар  өз  дегенін істеген. Ал ертесін  соғыс басталды…

1943 жылы бұл  жайды  естіген  маршал  Жуков Сталинге болған  мәселені айтып  беріпті. Содан  кейін-ақ  Тақсақ  Темірдің  басын  жедел  қайта  жерлеуге  Сталин  жарлық  беріпті. Арада  көп  ұзамай Кеңес  әскері  Сталинграды түбінде  алғашқы   жеңісін  тойлады. Содан  кейін-ақ, кеңес  әскерлері  кері шегінуді  білмеді.  Берлиннің  түбіне  дейін  неміс  армиясын  тырқырата  қуғаны  белгілі. Кім  білсін,  бұл  жерде Ақсақ  Темірдің  мүрдесімен  байланысты  мистикалық  бірдеңе  болды  ма, әлде  кездейсоқтық па,  белгісіз…

Ғалымдар «Ұлы  қолбасшының   көрін  қазудың  қажеті  жоқ  еді»  деген  пікір айтады…

Тағы  бір  өзгеше оқиға  Санкт-Петербург  қаласында  болған еді.  Илия Разин деген  азамат күздің  бір  жанға жайлы   бір  кешінде  өзінің сүйіктісі  Нинаға  телефон  шалады. Ар  жақтан  телефонды  көтерген  адамның  дауысы  Нинадан  гөрі  кішкентай  қыздың  дауысына  көбірек  ұқсап  кетіпті. Ол  да өзін  Нинамын  десе  керек.  Телефонды  көтерген  адам  басқа екенін  аңғарған  жігіт  тұтқаны  қойып,  қайтадан   хабарласады.  Тағы да  сол  дауыс. «Менімен  сөйлесе беріңіз.  Үйде мен  жалғызбын»  дейді  әлгі бала.

Жігіт  телефонды не  қоярын, не  қоймасын  білмей,  ойланып  қалды. Сосын  өзі,  өзінің  сүйікті  қызы  Нина  жайлы айта  бастады. Бала  дауысы:

– Илья  қазір  не істеп жатыр екен?

– Телефонды  көтеріп ас  үйге  кірдім,  сосын…

– Телефонды  көтеріп  жүруге  бола  ма екен? Бірінші  рет  естуім, – бала  таң қала  сұрады.  Баланың  таңданысына  Илья  бір түрлі  болып  қалды.Сосын:  – – Ал  сенде  қандай  телефон? – деп  сұрады.

– Кәдімгі,  қабырғаға ілініп  тұратын. Сіз  ас  үйге  кіріп, бірдеңе  жейін деп пе едіңіз…

– Жоға-а… Терезеден   кешкі  қаланың  қызылды-жасылды  оттарына қарап  тұрғаным…

Қыз өкпелей  сөйледі:

– Неге алдайсыз? Қайдағы  шам,  қала  қап-қараңғы   ғой. Шамды  баяғыда  өшірген, үй суық, пешке жағатын  отын  жоқ. Шешем  бір  жаққа  шығып  кеткен.  Әкем  майданда. Ал  сіз мүгедексіз  бе,  неге  үйде  отырсыз?

Сасып  қалған  Илья  Разин:

– Қайдағы  соғыс,  мүгедегі  несі?  Не  деп тұрсын  өзің?

– Қала қоршауда екенін білмейсіз  бе? Қайдан  шыққансыз  өзіңіз? Қаланың  сырты  толған  немістер  емес  пе?

«Есімнен  адасып  тұрған жоқпын  ба,  өзі?» деп үрейленген Илья:

–  Қазір  қай  жыл,  айтшы? – деді  қыстығып.

– 1942  жыл…

Кенет телефон өшіп  қалды…

Жігіт  қайта  телефон  шалды.  Бұл жолы тұтқаны – сүйіктісі  Нинаның  өзі  алды.

– Қайда  жүрсің?  Трубканы  неге  өзің көтермейсің? – деп  жігіт  бұрқ  етті.

  • Қайда жүргені  несі,  енді  ғана  хабарласып  тұрған  жоқсың  ба? – Нина  таң қала  сөйледі…

Жігіт  болған  жайды айтып берген  еді. Екеуі де  таң  қалысты. Илья   кездейсоқ  1942  жылғы  қоршауда  тұрған Ленинградтың  кішкентай тұрғынымен  сөйлескенін  білді. Осы  бір  жағдай мәңгі  есінде  қалып  қойды.   Белгілі  ғалымдарға   жолығып басынан  өткен жағдайды   айтып еді,  өмірде  ондай   оқиға  жиі  болып  тұратынын  естіді…

Брест түбіндегі  елді мекенде  болған  мына  бір  оқиғаны  да  Жердің  «жадында»  жазылып  қалған   күнделік  деп  түсінуге  болады.

Брест  қамалы  мен  оның  маңындағы  елдімекендер немістердің  ең  алғашқы  соққысын қабыл алғаны  белгілі. Одан  кейін  ондаған  жылдар  өтті. Бірақ  Брест  қамалының  түбіндегі   Дубовый Лог деревнясы   әлі  күнге  соғыстың  жаңғырығын  бастан  кешіп  жатыр  деуге  болады. Бір  күні  түнде  ауыл  тұрғындары оқыс  оқиғаны  бастан  кешірді. Түн  ортасында  тарс-тарс еткен  мылтықтың,  үздіксіз атылған  автомат-пулеметтің  дауысы  естілді.  Адамдар ауылды жау  басып  кіргендей  күйге  түсті. Бірі  – ұраға,  бірі  – шатырға  тығылды  дегендей… Іле-шала  көшелерде қараң-қараң  еткен қарулы  солдаттар  пайда  болды. Үстілерінде – неміс формасы.  Айқайлап,   оқты  қарша  боратып  келе  жатыр. Тура  кино  түсіріп  жатқандай не  болмаса сонау  1941 жылдың  22  маусымын еске  түсіргендей  еді…

Шеткі  үйде  тұратын   механизатор Владимр Ярош әйелі мен  баласын    үй  астындағы  ұраға  жасырып,  аңшы  мылтығын  оқтап  шатырға көтерілді. Ауыл  толы  немістер. Әлденені айтып  қарқылдап  күліп, қараңғы    бұрыштарға  оқты қарша боратуда… Өз  үйіне  қарай  бұрылған бір  топ  неміске  мезанизатор аңшы мылтығынан  оқ  атты… Бірақ атқан  оқты  елең  еткен олар жоқ.  Жақындап келді  де кенеттен қараңғы түнге сіңіп  жоқ  болып кетті.  Әлгінде  ғана  азан-қазан  болған  ауыл  тып-тыныш  болып  қалды… Ертесіне  бүкіл   деревня «түнгі   соғыс» жөнінде  қызу  әңгіме айтып, таласып  жатты…

Сүйтсе,  көрші Перстень деген  деревняда  да түнде  немістермен «соғыс»  болған  екен. Мұндай  жайт  Прохоров елді мекенінде де  қайталанғанын   жұрт  аңыз  қылып айтуда. Бұл  жерде 1943  жылы  атақты  танк  шайқасы  болғаны  белгілі. Екі  жақтан (фашистер мен  кеңес  әскері) мың жарымдай танк қатысқан.  Жұмыстан  түнделетіп  қайтқан  ағайынды Черниковтар   көлігі   жолда  тоқтап қалады. Не  істерін білмеген  олар таңды  күтуге бел буады. Кенет  таң алдындағы  тұманды қақ жарып,  алаңқайға  қарай  қаптап келе  жатқан  жарықты  көреді. «Бұл  не  болды екен?»  деп таң  қалысып  тұрған  ағайындылар  жарықтың  танк екенін,  оларда немістің свастикасы  бар екенін  аңғарады. Олар есін  жиғанша  болмай,  айнала   бомбы-снаряд  жарылып,  кейбір танктер өртене  бастайды. Сол жерде  қым-қиғаш  соғыс  басталып  жүре береді. Бір  қызығы,   мұның  бәрі дыбыссыз, тыныш  жағдайда  өткен.  Жарылып  жатқан  бомбыдан да,  атылып  жатқан  оқтан да,  жүріп  келе  жатқан  танктерден де  дыбыс  шықпаған. Соғыс алаңын  тастай  қашқан  ағайынды Черниковтер  ертесін «не  болды екен?»  деп,   кешегі  машинасы  батқан  жерге  келсе, ештеңе болмаған,  айнала  мүлгіген  тыныштық.  Танктің  де,  жарылған  снарядтың  да  ізі  жоқ…

Жалпы  соғыс  болған  жерлерде,  адам көп  қаза  болған  мекендерде  мұндай  елеске  ұқсас  оқиғалар  жиі   болатын көрінеді. Ғалымдардың  айтуынша, жердің ақпараттық  қуаттық  кеңістігі болған оқиғаны «жадында»  сақтап қалады екен. Парапсихолгтар қаза тапқан,  жерленбеген   солдаттардың жаны ұзақ  уақыт  соғысты  жалғастыра  береді  дейді.  Сол  «соғыс»  кейде   тірі адамдарға  елес  болып көреді екен. Біз  жоғарыда  әңгіме  еткен жайсыз жағдайлар  солардың  бір-екеуі болса  керек…

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ