Із-түссіз жоғалғандар… Қайда?

Адамдардың айдың-күннің аманында із-түссіз жоғалып кетуі –  жер бетінде жиі болып тұратын құбылыс. Ғалымдар солай дейді. Тіпті, топ-тобымен, тайпасымен жоғалғандар да жеткілікті. Осы жөнінде нақты дерек-дәйектерді көптеп келтіруге болады. Бір жағынан бұл жай әңгіме, аңыз-ертегі секілді бірдеңе болып көрінуі мүмкін. Алайда жер бетінде адамдардың әлсін-әлсін жоғала беруі осы саланы зерттеуге ғалымдарды да итермелеген көрінеді.

Бір қызығы, көз алдыңда тұрған жарың не болмаса балаң кенеттен ауаға сіңіп, буалдыр тұманға айналып бара жатса қайтер едіңіз?..

Үрейіңіз ұшары хақ. Бірақ қолыңыздан келер дәрмен бар ма? Әрине, жоқ. Әзірге ғылым мұндай жайттар неден болатынын нақты айта алмауда. Тек түрлі болжамдарға ғана баруда. Сонымен, жұмыр жердің әр тұсында тобымен, тайпасымен жоғалғандар жөнінде сыр шертелік.

Адамдардың тайпасымен жоғалуы алғаш рет Солтүстік Америкада тіркеліпті. Оқиға 1587 жылы болса керек-ті. Роанок колониясына қарасты кішкентай елдімекенің адамдары тал түсте ауаға сіңіп кетіпті. Олардың жалпы саны отыздан астам. Арасында еркегі-ұрғашысы, баласы бар. Елдімекен шағын көлдің жағасына орналасқан екен. Жұртың айтуынша, көлде ерекше бір тылсым күш бар көрінеді. «Адамдарды жұтқан осы көл» деседі жергілікті үндістер.

Бұл-бұл ма, ғажайып оқиға өткен ғасырдың алғашқы жартысында Канада да болыпты. 1930 жылдың қараша айында осы өңірдегі белгілі аңшы Лабелль Анжикуни көлінің жағасындағы орманға қоныс тепкен эскимостардың мекеніне ат басын тірейді. Бір қызығы, өткен аптада соққанда тіршілік қызып жатқан елдімекен қаңырап қалыпты. Өлі тыныштық. Тірі жан жоқ. Хижинаның ар жақ, бер жағына шыққан аңшы ешкімді кездестірмеген соң, көңіліне күдік кірді. Бір жаққа қоныс аударып көшіп кетті дейін десең, тұрғындардың бүкіл заты орнында. Пісіріліп, үстелге қойылған еттерін де жемеген. Екі мыңның үстінде адамы бар тайпа із-түссіз жоқ. Қайда кетті? Аңшының басы қатты. Хижинадан шығып, сапарлап кеткен із де жоқ. Көңілін белгісіз қорқыныш билеген Лабелль дереу телеграф орналасқан қосқа жүгірді. Сол арқылы жақын маңдағы елдімекенде орналасқан полиция бөлімен хабарласып, болған жайды жеткізеді. Тосын оқиғаға алаңдаған полиция оқиға болған жерге арнайы экспедиция аттандырыпты. Алайда олар да ештеңе таппады. Көлді жағалай қарағанмен, қаңтарылған қайықтардан басқа ештеңе көздеріне шалынбады. Тек қана байлаулы қалпы, қар астында аштан қатып қалған шанаға жегетін иттердің қаңқасы кездесті. Екінші бір жайт, тайпаның адамдары жерленген молалар қазылып, ондағы мүрделер із-түссіз жоғалған. Осының бәрі із кесушілерді қайран қалдырды. Тығырыққа тірелген олар, «жергілікті тұрғындардың қайда кетуі мүмкін» деген сауалға жауап таппады. Егер де хижинаны тұрғындар амалсыз тастап, өзге жаққа кетті дейін десе, ең құрмағанда байлаулы иттерді босатып қоя беріп, не болмаса ала кетер еді. Екінші бір жұмбақ жайт, эскимостардың дәстүрінде жерлеген ата-баба мәйітін қайта қазып алу жоқ. Тіпті, сондай жағдай туа қалғанның өзінде мұз сірне басып жатқан жерді арнайы техника болмаса, темір күрекпен қопару мүмкін емес-ті. Бір тайпаның адамдары тұтасымен жоғалуы сол өңір тұрмақ, бүкіл Канада үшін жұмбақ болып қалды. Қанша экспедиция келіп тексергенмен, күмәнді ештеңе таба алмаған. Тек осы маңға жақын тұратын жұрттың айтуынша, бар зұлмат көлден келген. Анжикуни көлі жергілікті үндістердің тілінде обыр көл, қарғыс атқан аруақтар мекендеген көл деген атауға ие. Кім білсін?

Міне, адамзат ХХІ ғасырға қадам басты, бірақ өткен ғасырдың алғашқы жартысында болған осы оқиғаның ақи-тақиын әлі шеше алған жоқ. Осындай тұтас ауылдарымен жоғалғандар жер шарында көп болмаса да кездесіп қалады.

Соның тағы бірі Кениядағы Энваиттент аралының тұрғындары жөнінде. Осы аталмыш аралда тұратын тайпа балық аулап, соны сатумен күнелтеді екен. Бірде аралдан балық тиелген сал-қайықтар жағалауға келмей қалады. Бір күн өтеді, екі-үш күн өтеді. Балықсыз қалған екінші елдімекен адамдары «біліп келіңдер, не болды екен?» деп бірнеше адамды қайыққа мінгізіп, аралға аттандырады. Аралға келген олар өз көздеріне өздері сенбепті. Өйткені елдімекен бос, қаңырап қалған. Жан баласы жоқ. Бірақ бүкіл заты, үйдің мүлкі бәрі орнында. Қозғалмаған. Алайда тұтас балықшы ауылының тұрғындары жер жұтқандай ізім-қайым. Тұтас тайпа қайда кетті? Жат румен соғысып, қырылып қалды дейтін қисынға тағы келмейді. Атыс-шабыстың ізі жоқ. Сонда қайда? Бұл да ХХ ғасырдың бір құпиясы болып қалған.

Дәл осындай жағдайлар көрші жатқан Ресей жерінде де әлсін-әлсін көрініс беріп қалған. Мәселен, қарғыс атқан Плещеева көлі жөнінде қорқынышты әңгіме көп. Баяғыда осы көлдің жағасында Клещин деген шағын қала орын теуіпті. Бірде қала тұрғындары айдың-күннің аманында шаһарды тастап, жоғалып кеткен. Қайда? Белгісіз. Осы көлдің екінші бетінде тұратын халық, «кейде көл бетінде домалақ шарға ұқсаған үрейлі тұман пайда болады, соған байқамай тап болғандар тұманнан қайтып шықпайды, параллельді әлемге кіріп кетеді» деседі. Бәрі мүмкін.

Мұндай екінші әлемнің барын ғалымдар да жоққа шығармайды. Мәселен, Иркутск облысындағы Нижнеилимск ауданындағы Өлі көл жөнінде де аңызға бергісіз әңгіме көп. Көл жағасына барған адамдар кейде топ-тобымен із-түссіз кететін көрінеді. Бұл жай лақап дейін десек, 1992 жылы осы көлді жағалап өтетін темір жолда тұтас бір пойыз құрамы, адамдарымен бірге тал түсте жоғалған. Бүкіл Ресей іздеп, шабылып қалды. Бірақ пойыз құрамы еш-жерден табылмады. Көк жұтты ма, жер жұтты ма, белгісіз. Мұндай із-түссіз жоғалғанға байланысты оқиғаларды тізе беруге болады. Көп-ақ.

Мынадай да оқиғалар тіркеліпті. 2001 жылы Қытайдың атақты үңгірлері көп Гуйлин қаласында туристерге үңгірді аралатып жүрген гид, бір қуыстан екінші қуысқа өткен сайын жанындағы адамдарды санап отырады екен. Оның мәнісі – сансыз қуыстардан туристер адасып қалуы да мүмкін. Кенет туристер өздерінің тобына белгісіз бір адам қосылғанын байқайды. «Кімсің?» деген сұраққа ол «шаршаған соң, бір қуысқа отырып, сәл-пәл демалып едім» деп жауап беріпті. Сөйтсе ол адам, 1998 жылы бір топпен үңгірге кірген екен, содан шаршағаннан ыңғайлы бір жерге отырып, демалса керек. Алайда ол жерде «уақыт иірімі» болды ма, сәл демалып алдым дегені 4 жылға созылса керек. Ал әлгі адам осынша уақыт өтіп кеткенін аңғармаған. Мұндай «уақыт ирімі» жөнінде де әңгіме көп.

1621 жылы патша Михайл аңға шығып, сол жерде Гирей ханның жасағын қолға түсіреді. Тұтқындардан сұрастыра келсе, олар 1571 жылы татар әскерлерімен бірге Мәскеуге шабуыл жасапты. Сол қанды қырғын жорық кезінде әлгі жасақ кенеттен белгісіз қалың тұманға тап болып, сіңіп кетеді. Арада 50 жыл өткен соң әлгі соғыс болған орынға қайта тап болып, патша күзетінің қолына түскен. Арада сонша уақыт өткенін естігенде, әлгілер алғашында сенбейді. Артынан барып иланған. Бұл не сонда?

Ғалымдардың айтуынша, кез келген нәрсенің ғайыптан жоқ боп кетуін табиғатта уақытша «қара құрдымдардың» болуымен түсіндіруге болады, «құрдымға» түскен адам параллельді өмірге еніп кетуі мүмкін, бірақ одан кері қайтып келуі – ілуде бір болмаса, мүмкін емес. Уақыттағы мұндай «кетіктер» геофизикалық ауытқушылықтардың салдарынан туындайды деседі.

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ