Кенгір қырғыны

Осыдан тура  65  жыл  бұрын  Сарыарқаның  төсінде ұлы  сүргін  болды. Степлагта бұғауда  отырған  әскери-саяси  тұтқындар   бүлік  шығарды. Алайда оларға  қарсы  мұздай  қаруланған  әскери  бөлімдер  қарсы  тұрды. Төңкеріс  болған барактарды танктермен  қопарып, тұтқындарды  шынжыр  табан  астына  салып  жаншыған  қанды  қырғын   бар-жоғы бір  жарым  сағатқа  созылды. Автомат,  карабинмен  қаруланған қызыл әскерлер қамаудағыларды қуалап жүріп,  штыкпен  түйреді, атты,  итке  талатты…  Алайда бұл  қанды  қасап бертінге дейін  құпия болып келді. Тек  арада  жылдар өте  келе, қаһарлы  Кеңес  елі  тараған  соң  ғана  қазақ  елінің  бір  түкпірінде   болған  сол қырғынның   беті  ашылды…

 

Әңгіменің  әлқисасы  былай  басталған, 1936 жылы  Жезқазған  қаласы  және ондағы тау-кен металлургия  комбинатының  құрылысы  басталды. Ал  1940  жылы Кенгір  өзенінің  жағасындағы  пионер  лагерінің  орнына НКВД-ның  КСРО-дағы  ең ірі лагері бас  көтерді. Осыдан кейін-ақ Жезқазғанда  салынып  жатқан  барлық  құрылыс  НКВД-ның  қолына  берілді  де  лагерь «Жезқазған  еңбекпен  түзеу лагері  және  НКВД комбинаты»  деп  аталды. Өнеркәсіп  және  құрылыс  алаңдарында  7  мың  тұтқын  жұмыс  істеді. Алдымен  олар  Кенгір  су  қоймасы және  ТЭЦ  салды.  Сосын   жарық  пен Кенгір арасын  жалғайтын  400  шақырымдық   темір  жол  төседі.

1945  жылы   Карлагтың  Кенгір  бөлімінде  әскери тұтқындарға  арналған №50  лагерь ашылды. Бұл  жерге  соғыста  тұтқынға  түскен  немістер де,  жапондар  да  әкелінді. Сол  жылдың  соңына  қарай  ол  №39  деп  өзертілді. 1946  жылға  дейін  Жезқазған  еңбекпен  түзеу  лагері   Карлаг  құрамында  болды. Онда  отырғандарды  НКВД «халық  жаулары», «отанын  сатқандар»  және «контрреволюционерлер»  деп  айыптады. Бір  қызығы,  Карлагта  отырғандар Патшалық   еңбекпен  түзеу колониясының   принциптерімен  өмір  сүрсе, Степлагтағылар   неміс  концлагеріндегі   жағдайды  бастан кешірді. Карлагтағылар  негізінен  ауыл-шаруашылық  жұмыстарымен айналысса,  Степлагтағылар  тек  өндіріс  мекемелерінде   жұмыс  істеді. Осы  лагерьдің  бұрынғы  тұтқыны Рашид  Ахметов: «Біз  фашистердің концлагеріндегідей  өмір  сүрдік. Бізге арнайы шифр-сандары  берілді.  Сонымен  ғана аталамыз. Аты-жөнімізді  ұмытып  қала  жаздадық»  деп  есіне  алады. Олар  негізінен   мыс  кен  орындарында  жұмыс істеді.  Жұмыс ауыр  еді. Ішер  тамақ  болмады. Барактар  қыста аңырап тұрды.  Адамдар   топ-топбымен  өліп  жатты.   Ауруларды  дұрыс емдемеді.  Осындай адам  төгісіз  жағдай тұтқындардың  бас  көтеруіне алып  келді.  1954  жылдың  16  мамырында  Степлагта  көтеріліс  бұрқ  ете  қалды.   Көтіріліс  басында кезінде  немістердің  тұтқында  болған кейінен   кеңес  әскері  азат еткен  соң,  Сталиндік  жүйе  оларды  «сатқындар»  деп   танып,  қайтадан  қамауға  алған Қызыл  армияның   зиялы   өкілдері  болды. Көтеріліс   40  күнге  созылды. Бұл  ГУЛАГ    түрмелеріндегі  ең  ірі  көтеріліс  еді. Көтерілістің  бірнеше  себептері  болды. Біріншісі  – Сталин  өлген соң кеңес  елінің  түкпір-түкіпірінде   ГУЛАГ-та  отырған  тұтқындардың  көбі  амнистияға  шығарылды.  Алайда  мұндай  жеңілдік Степлагты айналып  өтті. Өйткені  мұнда  жай  қамалғандар  емес,  негізінен  саяси,  әскери  тұтқындар еді.  Олардың  көбі  кеңестік  жүйемен  ымыраға  келуге   бас  тартқандар  болатын. Сондықтан  жеңілдік  жасалмақ  тұрмақ,  қысым  күн  өткен  сайын  қиындай  берді. Оларға  құл  ретінде  қарады. Он  сағат  шахтада  жұмыс  істеу оңайға  соқпады. Тамақ  жетіспеді,  үнемі  қорлау, сәл қателікке  ұрынсаң саз  балшыққа етпетіңнен  жатқызып,   не  болмаса  отырғызып  қойып  қинады. Тірі адам  секілді  аттарымен аталмай  тек  реттік  санмен  ғана  аталды. Жұмысқа  бара  жатқанда  не  болмаса  келе  жатқанда  сапта  сөйлеуге  рұқсат етілмеді. Лагерь  аумағында орналасқан  барактардың  біразы  тұтқын  қыз-келіншектерге  арналған  еді. 1954 жылы  пасха  мейрамы  кезінде жұмыстан келе  жатқан  саптағы  еркектер  жұмысқа айдап  бара  жатқан  әйелдерге  қарап   (әйелдер  түнгі  кезекке  бара  жатқан) «Христос воскрес!»  деп айқайлап  қалды. Қыздар «Воістину воскрес!»  дауыстады. Сол-ақ  екен  күзетшілер саптағыларға  автоматпен  оқ  жаудырып  берді. Сапта  келе  жатқандардың  13-і  сол  жерде  жан  тапсырды, 33  адам  жараланды. Осы  жағдай  бүкіл концлагерьге  жайылды. Төңкерістің кең  етек алуына  бұл  үлкен  себеп  болды. Түрме  басшылығы  саяси  тұтқындарды  айтқанына  көндіріп  ұстап,  үркіту  үшін    лагерьге  өзге  жақтан 600 қамаудағы  қылмыскерді әкеп  қосты. Алайда   саяси  тұтқындар  қылмыс  әлемінің  басшыларымен  тез  ымыраға  келді. Тату  болды.  Осыдан  болар  40  күндік  тайталас кезінде  қылмыскерлер    саяси  тұтқындардың  дегеніне көнді, айтқанын  істеді. Өйткені  600  қылмыс істеп  істі  болғандарға  лагерьдегі  8  мың  саяси  тұтқын  қарсы  тұрды. 16 мамыр күні   төңкеріс  басталды. Тұтқындар  түрме  басшыларына  өз  талаптарын  қойды. Біріншісі,  тамақ  жөнделсе,  жұмыс  уақыты  он  сағаттан  сегіз  сағатқа кемітілсе, ауруларға жәрдем  дұрыс берілсе т.б. Алайда  олардың  айтқанына  алдымен  көнген  басшылық  кейіннен  айтқандарынан  тайқып  шықты.  Талаптары  жүзеге аспаған  соң,  саяси  тұтқындар  бірден  күзетшілерге  тап  беріп,  қаруларын  тартып алуға  тырысты. Атылған  оққа да  қарамады. Ақыры  тұтас лагерь   қамаудағылардың  құзырына  өтті. Лагерь  өзін-өзін бақсаруға  көшті. Тұтқындардың  жалпы  жиналысында  көтерілісті  басқаратын  адамдар  сайланды.  Әйелдермен  еркектер жататын  барактардың  арасын  бөліп  тұрған   қабырғалар алынып  тасталды.  Соның  арқасында  бірін-бірін  ұнатып,  түрме  төрінде  той  жасап,  қосылғандарда  болды. Жалпы  көтерілсеке  шыққан  тұтқындардың  саны  сегіз  мың  еді.  Олардың  негізгі  бөлігі   украиндар (олардың  басым  бөлігі Украина  ұлтшылдар  ұйымы  мен Украина  бүлікшілер армиясының  мүшелері)  9596  адам, Балтық  бойы  елдерінің «Орман ағайындылары»   ұйымның  мүшелері  4637  адам, қалғандары  орыстар,  еврейлер, беларустар  және  өзге де  ұлттар. Лагерьді  басып алған тұтқындар  40  күн  бойы еркіндікте болды,   өз  айтқандарымен  жүріп-тұрды. Бұл  уақытты  олар жергілікті  қазақтардың   айтуы  бойынша  «Сабантой»  деп атады. Шындығы  сол,  түрмедегі  еркек-ұрғашысы  бір-бірімен араласты.  Бірі жар  тапса,  бірі  көңіл  көтеретін  көңілдес  тапты, бірі  қарындасын,  екіншісі  туысын,  жерлестерін  тауып, қолдарынан келгенше  жақсы  күндерді  өткізді. Өздерінше  тойлады. Дегенмен    алға  қойған  мақсаттарын  ұмытқан  жоқ. Олар  Мәскеуден арнайы  адам  келіп, түрмедегі  адам    төзгісіз жағдайды  түзесе,  келген  үкімет  басшысымен кездесек  деп  талап  қойды. Алайда  талап  кейінге  ысырыла  берді. Көтерілісшілер   қабырға  газеттерін  шығарды, плакаттар,  листовкалар таратты. Оны  Кенгір  елдімекенінің  тұрғындарына  жеткізу  үшін  батпырауық  жасап,  сол арқылы  таратты. Сол  түрме  қабырғасында «Қазақтың күйіп  тұрған  даласында»  деген қамалғандардың  гимні  дүниеге  келді. 27  мамыр  күні бүлікшіле рмен    билік  арасында  келіссөз  жүрді. Оған КСРО ІІМ  орынбасары    генерал С. Егоров  және ГУЛАГ  басшысы   генерал И.Долгик  қатысты. Көтерілісшілер  бір  қатар  талап  қойды. Мәселен, саяси  тұтқындардың  киіміндегі  реттік  сандарды алып  тастау, жұмыс  күнін  қысқарту, ішім-жемді түзеу,  дәрігерлік  көмекті  реттеу, жасы  кәмілетке  толмағандар  мен шал-шауқандарды,  ауруларды  жауапкершліктен  босату, әйелдерді  жеңіл  жұмыстарға  ауыстыру,  сондай-ақ тұтқындарды  атқан  күзетшілерді  жазаға  тарту.  Келіссөзге  қатысқан  билік  орындары  көтерілісшілердің айтқандарын  орындауға  уәде  берісті.  Бірақ   іс  жүзінде  олай  болмады.   Қысқасы  «азаттық аралындағы»  «сабантой»  тағы  біраз  аптаға  созылды. Бес  саусағынан  өнер  тамған кейбір  тұтқындар, лагерьдегі  автономды   ток  беру  жүйесін  іске  қосты. Кейбірі  радиоқабылдағыштарды  жөндеп, сол  арқылы  Кенгірде  болған  төңкерісті  төрткіл  дүниеге таратуға  тырысты. Кейбір  деректер  бойынша  22-23 маусымда  олар   сыртқы  әлемге  хабар  таратуға  қол жеткізген.

Кенгірдегі  оқиғаны  құпия  сақтап келген басшылық  үшін  дәл  осы  жағдай қатты  алаңдатты. Бұдан артық  тұтқындарды  еркіндікке  жіберіп  қоюға  болмайтынын  түсінді. 26  маусым  күні  таң  сәріде   лагерьге  1700 мұздай  қаруланған  жауынгер,  бес  Т-34 танк  енгізілді. Оған  адамдарды  талату үшін  98  үйретілген  ит  қосылды. Танктер  көтерілісшілерді қуалап   жүріп  таптады. Солдаттар қарсы  келгендерді  штыкпен  түйреді,  атты,  итке  аяусыз  талатты. Қанды  қасап  көпке  созылмады. Екі  сағаттың  ішінде түрме  басшылығы тұтқындарды  тәртіпке  келтірді.  Көтерілісшілердің  есебінше  700-800 адам оққа  ұшты,  танктің  шынжыр  табан астында  жаншылды. Жараланғандар  өте көп еді.  Ал  лагерь  басшылығы  Мәскеуге  «46  адам  өлді, 52 адам ауыр, 454  адам жеңіл  жарақат алды. Лагерьдегі  көтеріліс  толығымен  жаншылып  тасталды»  деп ақпарат  берді.   Оқиға  өте  құпия  сақталды. Кейінен  Кенгір  оқиғасына  қатысқан  тұтқындар  түрмеден  босатылғанда «болған  оқиғаны  тартпау  үшін»  арнайы  қолхат  берді. Дегенмен 1956  жылы түрмеден  босаған   венгер    дәрігері Ференц  Варкон  деген азамат  еліне  келген соң,  болған  жайды бүкіл  әлемге  жайып  салды. Адамзат  Қазақстанның  Кенгір  деген  жерінде  40  күнге  яғни  16  мамырдан  26  маусымға  дейін  созыған тұтқындардың көтерілісін  естіп  білді.

Міне, осыдан  65 жыл  бұрын  Жезқазғанның  түбіндегі  Степлаг  саяси  тұтқындар  лагерінде  осындай  қанды  қырғын  болған. Оны  қазір  біреу  білсе,  біреу  білмейді…

 

Таза ел кз