Қайдасың, алтын шаһар?

Тарих  қатпарына  көз  салар  болсақ,  алғашқы  алтын   біздің  дәуірімізден  бұрынғы төртінші мыңжылдықта  Араб  шөліндегі  суы  тартылған  бір  өзеннің арнасынан табылған. Әу  баста  адамзат  алтынды күннің,  жарықтың,  сән-салтанаттың, биліктің,  мәңгіліктің белгісі  деп  ұққан. Осыған қарағанда алтынның  қадірі  сол  кезде-ақ артқаны   белгілі. Жүре  келе алтын әр  мемлекеттің  қуаты мен байлығының қайнар көзіне айналды. Қазір де   солай.  Қай  елдің  алтын  қоры  көп,  сол  елдің  тұрмысы  мығым,  экономикасы  тегеурінді. Алайда айтпағымыз  бұл  емес. Тілге  тиек етеріміз, ертеректе    ел аузында  пайда  болған  «ғажайып  алтын  өлкелер»  жөнінде  болмақ. Адам  баласы  алтынның  нарқын  білгелі  бері,  оған  деген  құмарлық басылған емес. Сол  сары  темір  үшін  жан  берісіп,  жан  алысып,  атысып-шабысып,  ит  өлген  өлкеге  сапар  шегіп,  ақ  сүйек  боп  шашылып  қалғандар  қанша   ма? Алтын және сонымен   байланысты  аңыз  дегенде, талайдың  дегбірін  алған Шыңғысханның  алтын  аты, керуен-керуен  қазынасы  немесе   мұхиттың  арғы  жағындағы   адамды  сағымша  арбаған Эльдорадо, үндістердің жеті  алтын  қаласы  Сибола  жөніндегі аңыздарды  атасақ та  жетеді. Осы аңыздың  соңына  түсіп, «алтынның  буымен»  ауырғандар  да  жетерлік. Бұл  аңыздардың  арқауы  болған  өлкелер  бар  ма,  жоқ  па,  енді  соған  келелік.

Эльдорадо

Бүгінгі  күнге  дейін  қазына  іздеушілердің  дегбірін  қоздырып  жүрген Эльдорадо  жөніндегі  аңыз  Американың  ашылуымен   байланысты.  Жаңа әлемге  аяқ  басқан еуропалықтар   жергілікті  үндістерден инектердің  ғажайып  өлкесі  Эльдорадо  жөнінде  естиді. Отыз  екі  тістен  шыққан  әңгіме  лезде  Америкаға  барып,   келіп  жатқан  еуропалықтар  арқылы  Кәрі  құрылыққа  тарады. Сол-ақ  екен алтынға  малшынған  ғажап  өлкені  іздеуге топ-тобымен жұрт  аттана  бастады. Әрине  алғашында  бұған  сенбегендер үндістерден  тоналған  алтын  және  өзге  де  қымбат  заттар  кемеге  тиеліп, Еуропа  жағалауына  келе  бастаған  соң,  амалсыз  сенуге  мәжбүр  болды. Кім  де  болса,  тегін  байлықтан  құр  қалмауға  асықты. Жұрт  Оңтүстік  Америкаға  жетуге   жанталасты.

Алғашқы  болып  қазына  тиелген  төрт  кеме 1533  жылы Испан  жағалауына  келіп  зәкір  тастады. Осыдан  кейін-ақ Эльдорадоның  ешқандай  аңыз  емесіне  жұрт  кәміл  сенді. Сол  он  бесінші  ғасырдан  бүгінгі  жиырма  бірінші  ғасырға  дейін алтын  іздеушілердің  ешқайысы  инектердің  ғажайып  өлкесі  Эльдорадоға  тап  болған  жоқ. Талайдың  басы  Оңтүстік  Американың  ит  тұмсығы  батпас  ормандарын да, жұтпасы  көп  батпақтарын да,  адамға  алдырмас  таулы  асулар да   шашылып  қалды.

Дегенмен  1535 жылы Себастян  де Белалькасар, 1775-1780 Николай Родригес,  одан  кейінгі Хименес  де  Кесада  бастаған  ірі  экспедициялар   сандық-сандық  алтын  таппаса  да Оңтүстік  Американың   жағрапиясына,  этногрфиясына  қажетті  үлкен пайда әкелді. Дегенмен  осы  жолы  олар  Эльдорадо  Амазонка  мен Ориноко  өзендерінің  арасында  деген  болжамға  келді. Ендігі  сапар  солай  аттану  болатын. Испандық  Мартинес  жеті  айлық  сапарында  жарты Американы шарлап   жүріп, Эльдорадоның   орталығы Маноаға  жетті. Қала  қожайыны  Моксоның   сарайында  болды. Кейіннен  өз  күнделігіне   корольдің  сарайындағы   жағдайды  рет-ретімен  түсіріп,  король  ұйқыға  жатар  алдында  алтын  араластырған  сумен  шайынатын жазған. Сарайдың  өзі  алтынмен  өрнектелгенін, азанда және  кешке  күн  сәулесімен   ерекше  түске  боялатынын  таң  қала күнделігіне  түсірген. Бірақ алтынға  малшынған  аймақты  оған  ешкім  көрсетпеген. Соған  өкінетінін,  Еуропаға  қазына  тиелген  кемемен  қайтпайтынын  қапалана айтқан.

Шындығы  сол, алтын  іздеушілердің   ешқайысы  алтын  өлкен Эльдорадоны  таппаған.  Осы  уақытқа  шейін  тек   ол  атау  аңыз  ретінде  аталып  келеді. Ақиқатына  келер  болсақ,  аңыздың  тууы  үндістердің чиба  тайпасына  байланысты.  Олардың  көсемі әр    түрлі мереке  кездерінде оның   басына  киер қанат  жапсырылған  тәжі алтынмен  боялып, бұлаққа  суға  түсіп  отырған. Ол  суға  шомылған  кезде бұлаққа  әр  түрлі  алтынан  жасалған  бұйымдар  тасталған. Ондағысы «судың  қасиеті  артады»  деген  түсінік  болса  керек-ті.

Міне, «алтын  бұлақ – Эльдорадо» деген аңыздың  өзегінде  осы  бір үндістердің салт-дәстүрі  жатыр. Ал  ол  жұртқа аңыз  боп  тарап, Еуропадан  келген конкистадорлардың құлағына   қазыналы  өлке  болып  жеткен. Сол  тұста Оңтүстік Америкадағыдай  алтын  көп  жер Солтүстік  Америкадада  бар  екен  деген  сыбыс  тараған. Ол  қазыналы  өлке Канаданың   Квебек  аймағында  деп  көрсетілген. Алтын-күміс  іздегендер  сол  жаққа  да  лек-легімен  ағылып  жатты. Бірақ ол  жақта  да,  ырғын  байлыққа  шылқып  баттым  деген  ешкім  болмаған.

Сибола – алтын  шаһарлар  өлкесі

Тағы  бір  Америка  құрлығындағы  алтын   өлке  жөніндегі  аңызға  арқау  болған     аймақ  – Сибола.  Тек  алтынан  қаланған  жеті  шаһар  жөніндегі  әңгіме  еуропалықтардың  ғана  арасында  емес,  үндістердің  арасында  да  қызғушылық  тудырған. Олар Сиболаны алтын  шаһар  деп  емес,  жеті  қазыналы  үңгір деп атаған.   Еуропалық  саяхатшы   Фрай  Маркос  де  Низа  деген  біреу   1539  жылы  осы  өлкеге  алғаш аяқ  басып,  осындағы  үндістердің  апач  тайпасымен  кездескен.  Апачтар  оған   алтынан  тұрғызған  жеті  шаһары  бар  ғажайып  өлке  Сибола    жайлы  айтады…  Сондай-ақ  алтын   теріп алатын   бұлақ-тұмаларды,  құйма  алтындар  кездесетін  каньондарды   көрсетеді. Бүгінгі   алтын  іздеушілер   сол Фрай  Маркос  де  Низа  жазып  кеткен  күнделіктегі  жазбаларды  бетке  ұстап, Аризона  штатын  әлі  күнге  кезіп  жүр. Әрине  олжалы  болғандар  да    жоқ  емес…

Испандықтар апачтар  көрсеткен    кен  орындарынан  тонналап  алтын   жинаған.  Оны    кемелерге  тиеп Испан   корольдігіне  жіберіп  отырған. Дегенмен  1700  жылы  сол жерде  алтынмен айналысып  жүрген  испандар  қалыптасқан  жағдайға  байланысты  ол  жерден  кетуге  мәжбүр  болады. Кетерінде үндістерге, «алтын  кендерін,  бұлақтарды  ешкім  айтпауларыңды   сұраймыз. Егер де  өзгелерге  сыр  шаша  қалсаңдар,  құдайлар  ренжіп,  сендерді  қаһарына  алады»  деп  қорқытады. Содан  бері   ол  алқаптағы  алтындарды  ешкімнің  жолы  болып  таппаған.  Әрине,  бұл  – аңыз. Бірақ  астарында  шындық  бар. Өйткені осы  таулы аймаққа  алтын  іздеп  барғандардың  ешқайсы  тірі  қайтпаған. Бірен-саран аман  қалғандары өздері   белгісіз  жын-елес  қуалағанын  айтады. Әрине   мол  олжа тапқандарда  кездеседі.  1848 жылы   бір  мексиканлық  отбасы алтын  бастауын  тауып,  сол  жерден  10  келі  алтын  өндірген.  Алайда  таудан  төмен  түсіп  келе  жатқан  оларды    белгісіз  үндістер  қоршап  алып    қырып  салған.  Тек  отбасының  бір  мүшесі  ғана  аман  қалып, үйіне  аман-есен  оралып,  жиналған  жұртқа  тауда  болған  оқиғаны  айтып  берген  көрінеді.   1860  жылы  үндістерге  көп  көмегі  тиген  жергілікті  бір    дәрігерге   сый-сияпат  жасау  үшін,    үндіс  көсемі   оны  атқа  мінгізіп,  көзін  таңып    тау  ішіне  алып  барып,   қалың  жыныстың  ішіне  барған соң көзін  шешіп,  «қанша  алтын  керек,  сонша  ал»  деп  рұқсат  берген. Дәрігер  керегін  алған.  Артынан   сол  маңға  талай  мәрте  үндістерден  тығылып  барып,  алтын  іздегенмен қалың жыныс  тоғайды   қайтып  кездестірмеген. Бұл  да  сол   дәрігер күнделігіндегі  жазбалар. 1870  жылы Якоб  Вальтц  және Якоб Уэйзер  деген  біреулер қайдан  тапқаны  белгісіз   алтын  бұлақтар  белгіленген   көне  карта  тауып  алған. Сол  бойынша  жүріп  отырып, таулы  аймақтан  құны  7 тонна болатын алтын  өндірген. Жалпы,  жеті  алтын  қала   яғни  Сибола  шындық  па,  әлде  аңыз  ба? Соған келелік. Тіпті  аты–шулы  Сибола    жөніндегі  аңыз  Мехико   корольі дон Антонио  де Мендосоны  да  мазалаған.  Ақыры    сол  аңыз аймаққа  экспедиция  аттандыруды  жөн  көрген. Жергілікті  үндістерден  жол  көрсетушілер,  қара  жұмысшылар  жалдаған  ірі  экспедиция   жолға  шыққан. Діттген  жеріне   жеткен  мен барлаушылар  алда  үндістер соғысуға  даярланып  жатқаны  жөнінде  хабар  жеткізген.  Онсыз да  әлденеше  айға  созылған  сапарда  азық-түлігі  таусылған, біразы  адасып,  біразы   түрлі аурумен  өліп,  азайып  қалған  экспедиция   үндістерге  төтеп  бере  ала  ма,  жоқ  па  деген  мәселе  туындады.  Дегенмен  от қаруы  бар  топ   айқасуды  жөн  деп  шешкен. Үндістерді  талқандаған  экспедиция  мүшелері  тау  етегіндегі,  өздері  армандаған ғажап  қаланың  біріне  басып  кірген.  Алайда сенім ақталмады. «Алтынан  тұрады»  деген  шаһар тек  қой  тастардан  ойылып,  қаланған  жай  ғана  елдімекен  болып  шыққан.  Бірақ  дәл  сол  сәтте,  аштықтан  бұралған экспедиция  мүшелері  үшін  алтын  емес,  үндістердің    мол  ғып жиған  азық-түлігі  қажет  еді. Олар  соған  ие  болғандарына  тәубе  десті. Ал  жеті  алтын  шаһар   жөніндегі  ел аузындағы  әңгіме  тек  аңыз  екеніне, сол  жердегі  үндістермен  тілдесе  келе  көз  жеткізген. Бір  ақиқат  дүние,  бүгінде   аңызға айналған  Эльдорадоны  ешкім кездестірмеген  сияқты,  жет алтын  қаладан   тұратын   апач  тайпасының   аңызға айналған  қазыналы  өлкесі Сиболаны да   әлі  ешкім  тапқан  жоқ. Қазіргі    тарихшылар  «Еуропадан  Америкаға  алтын  іздеп  немесе   сонда  қоныстануға  барғандар  100  миллионға  тарта  үндістерді  қырып  салды»  деп  жазады.

Міне,  сары  темірдің құдіреті…

 

Нұрсұлу  Мырзабекова