Қазыналы аралдар құпиясы қашан ашылады?

«Алтын  көрсе  періште  жолдан  таяды» деген  сөз бар. Шындығы  сол,   байлыққа  қызықпайтын  жан  жоқ. Өйткені    пендешілік  бәрімізге  тән қасиет. Алайда байлыққа  ие  болудың  жолы  әр  түрлі. Соның  бірі   – бай адамды   тонау,  екіншісі –дәулеттілердің білгілі  бір  жерлерге  тығып  кеткен  қазыналарын  іздеп  тауып, сол  арқылы ауқаттылар қатарына қосылу. «Қазына»  дегенде   әркімнің  көз  алдына  кітаптан  оқыған  не  болмаса  кинодан  көрген,   қарақшылардың  өзгелерден  тонап  алған  алтын-күміс,  бағалы  заттары  мен  оларды  жасырған   елсіз  аралдар  еске  түсетіні   анық. Алдағы  өрбітер  әңгімемізде  осы   жайлы  болмақ.

Қарақшылар  және  олардың  қазынасы…  Өткен  ғасырлардың   арғы-бергі  қатпарларына  көз  салып  жіберсек,   теңіз  қарақшылары  үшін  «алтын  ғасыр»  атанған  уақыт  – 15-16-17  ғасырлар.  Сол  тұста теңіз  қарашылары  Жаңа  Әлем – Америкадан   Еуропаға  жол  тартып  бара  жатқан  кемелерге  тұтқиылдан  тап беріп,   тонады. Өйткені  кемеге  сықита   тиелген  алтын-күміс,  жақұт секілді  әртүрлі  қымбат  заттар  оларды қатты қызықтырды. Сол тұс,  Америка  құрлығы  ашылып, Еуропадан  сол  жаққа  қарай  келімсектердің    ағылып  жатқан кезі-тін. Жаңа  жерге  барғандардың  алғашқы  легінің  ойы,  қалайда    жаңадан  ашылған  құрлықтағы  жергілікті  тұрғын –  үндістерден  түрлі  жолмен  бағалы  заттарды    көптеп  алып,  Еуропаға  апарып  сату.  Сөйтіп   байлыққа  белшеден  бату  болды. Сол  жолда   үндістерді  қынаша  қырды, от  қарумен  қуалап  жүріп  итше  атты.   Соның  кесірінен   санаулы  ғасыр  өтпей  жатып,    10  миллионнан  астам   үндіс қырғынға  ұшырады. Шұрайлы  жерінен, барлық  байлығанан   айрылды. Олар  шөлейт  аймақтарға   қуылды. Үндістерден тартып алынған   мол  алтын-күміс  тиелген  кемелер  мұхитты  жарып  өтіп  Еуропаға  қарай  жөңкілді. Әсіресе   қазына  тасумен  Испан   кемелері  ерекше   көзге  түсті.  Алайда   байлық  толы желкенді  кемелердің  барлығы  Еуропа  жағалауына  аман  жеткен  жоқ.  Көбі  теңіз  дауылдарына  тап  болып,  ойда-жоқта су  түбіне  кетсе,  біразы  теңіз  қарашыларының  шабуылына  ұшырап,   соларға  жем  болып  жатты.  Сол кезеңде  теңіз  қарақшыларының  ішінен   Генри  Морган, Оливье Левассера, Эдвард Тич   секілді тонаушылардың  аты  кеңінен  таралды. Олар  мекендеген аралдардың  маңынан  жүк  тиелген  кемелер  орағытып  алыстан  өтетін.  Алайда  жеңіл, жылдам  жүретін  және    зеңбіректермен  қаруланған    олардың  кемесі    қашқан кемені  құтқармайтын.   Қуып  жетіп,  барын  тартып  алып,  кемені  суға  батырып  жіберіп  жүрді. Қазір  сол  аты-шулы  теңіз  қарашыларының  тығылған  қазыналарын  іздеп, аралдан арал  қоймай  қазып,  тінтіп  жүргендер  көп. Әрине бәз  біреуі  мол  байлықтың  үстінен  түсіп  жатса, кейбірі  көмбе  іздеумен  ұзақ  жылдарын  босқа  сарп етті. Сонымен  қазыналы  аралдар  қайда,  қай  тұстан іздеу  керек?

Азор  аралы

ХVI ғасырда әлемдік  сауда  жолының  бойында Азор аралдары  тобына  жататын  Терсейра, Хорхе  және  Пику  атты шағын жерлер бар. Жүк  тиелген  кемелердің  көбі Америкадан  Еуропаға  немесе  керісінше  бағыт  алғанда осы  аралдарға аялдап,  ауыз  су  және  азық-түлік  қорын молайтып алатын. Сондықтан  болар,  теңізшілер Азор аралын  «Алланың  өзі  мұхиттың   ең  бір  ұрымтал  жеріне  ораналастырған қонақ  үй»  деп атайтын. Дәл сол  жерде  1594  жылы Еуропаның  отары  болған Үндістаннан  келе  жатқан  кеме қатты  дауылға  тап  болып,   апатқа  ұшыраған. Кемеге  аса  көп алтын  тиелген. Бір алтын  монеттің   салмағы 3,5  грамм  болатын. Ал  мұндай  монеттердің  саны  өзге    бағалы  тастарды   қоспағанда  екі  миллионның  үстінде еді.  Осының  өзі-ақ  көп  нәрседен  хабар  берсе керек. Әрине  арал  маңында апатқа  ұшыраған  жалғыз  ол емес,  көне жазбаларға  қарағанда  сондай  байлық  тиелген    жүзге  тарта кеме  су  түбіне  кетсе  керек. Сол байлықты  іздеушілердің  легі  бүгінде  азаяр емес. Өйткені   теңізшілердің  көне  жазбаларына үңілген  адам  сол  маңда   Франция,  Германия  секілді   мемлекеттерді   ондаған  жылдар  асырауға  жететін  байлық  теңіз  түбінде балдырға  шөгіп  жатыр  дегенді  оқып,   содан   өз  үлесін  алып  қалуға  асығатын. Алайда   күні   бүінге  дейін   сол аралдың   маңындағы  судан  қазына  іздеп  жатқан   жекелеген  топтар  я  болмаса  арнайы  жасақталған экспедициялардың  «ат  басындай  алтын тауыпты»  деген  дерегі  естілген  жоқ. Тек  биыл  ғана су  астынан  төрт  кеменің  қалдығы  табылған.  Ал  оларда  байлық  болды  ма,  жоқ  па,  әзірге ол жағы жария  етілген  жоқ.

 

Кариб  теңізінің  қарақшылары

Суға  кеткен  кемелерден алтын  іздеушілер ХVII  ғасырда-ақ  пайда  болған. 1686  жылы  ағылшын Уильям Фиппс Кариб  теңізінде  суға  кеткен  кеменің  қалдығынан құны  бір  жарым  миллион  алтын  мен  күміс  тауып  алған. Бұл  сол  жерде  жолғалған аса  ірі  қазынаның  тек кішкене бөлігі  болатын.  Неге  десең,  дәл  сол  маңда 1643  жылы  «Алтын  флот»  деп аталытын  испандардың  16  кемесі  Америкадан   аса  ірі  көлемде  алтын-күміс  тиеп  келе жатып,  дауылға  тап  болған. Осы  жайдан хабары  бар  америкалық Герберт Хамфри   деген   қазына  іздеуші  апатқа  ұшыраған сол испандық 16  кеменің  біреуін  тауып, 177 күміс  құйма,  15  келі  алтын  құймасын  және  табиғи  таза 10  алтын   тас  тауып алған. Сөйтіп  санаулы  күн  ішінде америкалық  миллионнер атанып  шыға келді. Осыны  естісімен-ақ  сол   маңға   жүздеген  алтын  іздеушілер жол  тартқан. Бірақ   араларында Герберт Хамфри   секілді   мол  олжаға  тап  болғандар  кемде  кем.

Жалпы  Кариб   теңізінде  қарақшылардың  базасы  ретінде   Пинос  аралы айтылады. Бұл  жерді аты-шулы  теңіз  қарашыларының  бірі Фрэнсис Дрейк  мекендеген. Әлі  күнге   «сол  қарақшының тыққан  қазынасы  аралдың  бір  бұрышында  жатыр»  деп,  қазына  іздеушілер  аралды  бойлап жөңкіп  жүрген  жайы  бар. Тек  солардың ішінде  америкалық   Уиккер  деген  біреудің  ғана  жолы  болғанға  ұқсайды.  Ол  аралдың  бір  бұрышынан   бір  сандық  алтын  мен  өзге де  қымбат  бұйымдар  тауып  алыпты.

Кокос  аралының  құпиясы

Бүгінде  белгілі болғандай  Тынық  мұхитындағы   қарақшылардың  аса көп шоғырланған жері Коста –Рика  мемлекетіне  қарасты  Кокос аралы. Теңізшілердің  жазбаларына  қарасақ, осы  аралға ХVII  ғасырда  өмір  сүрген,  атақты теңіз  қарақшысы  Генри  Морган   өз байлығын жасырған  көрінеді. Сондай-ақ, бұл  жерде   сол  ғасырларда  Перуден, Лимадан  тоналған  көп мөлшердегі  бағалы  заттар тығылған  екен. Сондықтан  болар, бұл  аралды  жұрт « Қазыналы  арал», «Қарашылар  сейфі»  не  болмаса  «қазына  іздеушілердің  Меккесі»  деп  атайды. Аралдың   ұзындығы – 6,5, көлденеңі  – 3,2  шақырым. Аралдың  шағын екендігіне қарамастан тығылған  байлықтың  көлемі  зор  болса  керек.  Өйткені    жекелеген  ұсақ    топтарды  есептемегенде,  бұл  жерге  500  ірі  экспедиция  ат  басын  тіреп,   айлап  жатып  қазына  іздеген.  Бір  өкініштісі,  қазына  іздеушілердің  көбі  түрлі  жағдайда  қазаға  ұшырап  отырған.  Содан  болар  жұрт  арасында  «Кокос  аралындағы  қазынаны қарғыс атқан.  Өйткені  олар  бейбіт  елден  зорлықпен  тартып  алған   дүниелер. Онда   жазықсыз  жұрттың  көз  жасы  бар.  Сондықтан  «оны  тауып аламын  дегендерді,  қарғыс  жібермейді»   деген  сөз  бар. Бәлкім,   шындық та  болар.

Арманға  айналған  Амали

Атлант    мұхитында  Амали  деген   шағын арал  бар. Шынында  бұл  арал  бүгінде  көбіне арманға  айналып  отыр.  Неге? Онда атақты   «Қара  сақал»  атанған  Эдвард Тич  деген  теңіз  қарақшысы бірнеше кемеге  жүк  болатын   қазынасын  жасырыпты.  Тарихта  «Қара  сақал» деген  атпен  қалған  теңіз  қарақшысының  тоналған кемесі  жоқ  көрінеді. Тартып  алған  дүниенің  бәрін  осы  аралға  әкеп  тыға  берген  деседі. Ал  бүгінгі  күні  осыдан  хабардар  болған  қазына  іздеушілер    заманауи   құрал-жабдықтарын  асынып,  «тегін  дәулетке  бату»  үшін сол  аралда  шұбырып  жүрген  секілді.

Олжалы  болғандар

1939 жылы  америкалық  экспедиция   Кариб  теңізіндегі  Гаити  және Пуэрто-Рико аралдарынан  атақты теңіз  қарақшысы Вильям Дженнингсомның  қазынасын  тауып  алған. Оның  құны  долларға  шаққанда  ондаған  миллион  доллар болған екен. Қазына  іздеушілердің  патшасы атанған Мелвин Фишер Флорида  жағалауынан  испандық  кеме «Аточаның»  қалдығын  тапқан.  Ол  кемеден  табылған  қазынаның  құны  жүздеген  миллион  долларға  тең  болыпты.

Міне,  байлық  қайда  жатыр. Дәл  осындай  олжаға  кенелгендер  көп  болмаса да  әлемде баршылық. Ал енді    өз  елімізге  келетін  болсақ, бізде  мұхит  болмағандықтан теңіз  қарақшылары  болмағаны  анық.  Дегенмен   қазан  төңкерісінен  кейін  қызыл  армиядан  күйрей  жеңіліп Қытайға  шегініп  бара  жатқан  ақ  гвардияның  атамандары  Анненков  пен  Дутов    Тарбағатай  мен  Жоңғар  Алатауының  қойнауларына   аса  мол   алтын, күміс,  өзге де  бағалы  заттар  тығып  кетіпті деген  қауесет-әңгіме  әлі  күнге  айтылады.  Тіпті   арнайы  экпедиция  шығып, таудың  ұңғыл-шұңғылдарын   тінтіп  қайтқаны  белгілі. Бірақ  қазына  табылмады. Бәлкім  бірде  болмаса бірде  қазына  іздеушілер  әлгі  байлықтың  үстінен түсер…

  Нұрсұлу  Мырзабекова