Судан шыққан соғыс

2011жылдың  ерте  көктемінде  «Араб  көктемі»  деген   атқа  ие  болған  араб  елдеріндегі  көтерілістер талай   билеушіні  тақтан  тайдырды,  басын  жұтты. Қалай айтсақ  та,  төңкеріс   оты  шарпыған  араб елдеріндегі  Ливияның  жөні  алабөтен еді. Ақиқатын айтар  болсақ, жұрт  бас  көтеріп, жақсылық  жақсап  отырған   басшысының  жағасынан   алып,   итше тепкілеп, қинап,  зорлап,  атып  тастайтындай Ливия   кедей-кепшіктің  елі  емес еді. Керісінше, инфрақұрылымы  жақсы  дамыған, экономикасы  қарқынды, әлеуметтік  мәселелері оңды  шешім  тапқан Араб  елдеріндегі   тұрмысы  жоғары  мемлекеттің  қатарында-тұғын. Солай  бола  тұрса да, халық  неге  көтерілді, ешқандай  тиран қолынан келмеген  жақсылық   жасаған  басшыны неге  сатты? Неге  өлтірді? Себебі  не?  Иә  неге? Муаммар  Каддафидің  түбіне  жеткен  халық  па,  әлде  сыртқы күштер  ме?  Жауап  әр  түрлі. Бірі Каддафи аталас  тайпаларға  оң  қарады,  ал  өзгелеріне тізе  батырды,  төңкерістің    түп-тамыры  осы  деседі. Бәзбірі  сыртқы  күштер  дегенді  айтады.  Бұл  жерде  Ливияның мол  мұнайы  мен газын  алға  тартатындар  көп. Тартыс  сол  үшін  болды,  мұнай  Каддафидің   түбіне  жетті  деседі. Бәлкім  бұл  болжам  дұрыс та болар,  бұрыста  болар…

Нақты себебін   ешкім  дөп  басып  айта  алмайды. Десек  те,  дәл  осы  тұста   ешкімнің  ойына  келмеген,  Каддафидің   басын  жұтқан  өте  маңызды  бір  мәселені   жұрт  ұмытып  кететін  секілді. Ол  не?  Енді  соны  өзімізше  тарқатып  көрелік.                                                                                                                                                        2010 жылдың  қыркүйегінде 2008 жылы  «Гиннестің  рекордтар кітабына»  енген Ливиядағы  қолдан  жасалған өзеннің негізгі  бөлігінің  ашылуы  болды. «Ғасыр  құрылысы»  туралы  әлем  ақпарат  құралдары  көп  жаза  қоймағаны да түсініксіз. Бәлкім  бұл  жерде  Батыстың пасық  саясаттының   салқыны жатқан  болар…  Әйтпесе  бұл  жоба  толық  аяқталса, күнге  күйіп,  ерні  кезеріп  жатқан  Африка  құрлығы  Латын  Америкасы  сияқты   гүлжазира оазиске  айналар  еді.  Амал  қанша,  басы  сәтті  басталған ғасыр  құрылысы   орта  жолда тоқтады (дұрысы тоқтатты),  қиратылды.   Бұның  Каддафиге    не  қатысы  бар  деуіңіз  мүмкін.

Иә  бұл  қолдан  жасалған  өзенің  Ливия  арыстаны Каддафиге  тікелей байланысы  бар. Бұл  жоба   соныкі  еді.  Енді аз-маз өткен  жылдардың  бедіріне  көз салсақ,   1953  жылы Ливия  жерінен  мұнай  көздерін  іздеп  жүргендер,  жерастынан  35  мың текшеметр  артизан  суының қорын  тапқан. Арада жылдар  өте  келе  ливиялықтар   судың  мұнайдан  да  қымбат екенін  түсінді. Бірақ  оны  қалай  пайдаланудың   жолын таппады. Егер әлгі  мол  суды  жайып  жіберсе, 350  мың  шаршы шақырымды  алып  жатқан  жері  бар, Германия  судың  астында қалар еді. Егер  жүз  метрлік  тереңде  жатқан  суды  жер  бетіне  шығарса, бүкіл  қара  құрлық  жасыл  желекке  айналып  шыға  келер  еді…

Сол тұста  Ливияның  бағына  орай Муаммар Каддафи  билікке  келе  қалды. Халқының қамын  ойлайтын  басшы бірден   суды ел  мүддесіне  пайдаланудың  жолын  қарастырды.  Тапты  да. Ливияның  аса  құрғақ аймақтарына   ірі  құбырлар  арқылы  су апарудың   жобасын  жасады. Арнайы бөгет  жасауды  қолға  алды. Осы  мақсатта Оңтүстік  Кореядан   мамандар  шақырылды.   Әл Бурай  қаласында су  өткізетін  ірі  темірбетон-құбырлар   зауыты салынды.  1984  жылы   алғашқы  құбырлар төсеу  құрылысын  Каддафидің  өзі  ашты.   Әрине «Гиннес  кітабына»   бұл  қолдан  жасалған  өзен  тектен-тек  енген жоқ.  Бұл  әлемдегі  ең  ірі  құрылыс  еді және  қандай  мақсатқа  арналған  десеңші… Каддафи  тек  Ливияны  ғана  емес,   айналадағы  мұқым  көршілерін жасыл  желекке орандырмақ  болды. Су  бар  жерде  тіршілік  бар. Ливия  басшысы  бұл  құрылысты  «әлемнің  сегізінші  кереметі»  деп  атады.

Қазір  бұл  су  жүйесі 1300 су  сорғыш бұрғыдан тұрады.  Әр  қайсысы жарты  шақырым тереңнен  ауыз  су  сорып,  жер  үстіне  шығарады. Бетон құбырлардың  ұзындығы  төрт  мың  шақырымға  жетеді. Ондаған   су  стансасы,  су  қоймалары,  басқару  орталықтары  бар. Осы  құбырлардан  күніне   жеті  миллион текше метр  су ағып, ондаған  қалаларды,    яғни  Ливия  астанасы  мен  Бенгазы, Гарьян, Сирт  секілді ірі  шаһарларды  сумен  қамтамасыз  етуде. Сондай-ақ, көк  желек  отырғызылған  ондаған  алқаптар да  осы  сумен  суғарылуда. Шаруалар  егін  салып,  көкөніс отырғызып,   ырғын  пайда  көре бастаған  еді. Алдағы  жоспар, күнге  күйіп ай тақыр  болып  жатқан  150  мың  гектар  жерді   көкалдандыру  болды. Одан ары  бүкіл қара  құрлықты аш-жалаңаш,  қайыршылықтан  алып шығып,   сулы-нулы   елге, азық-түлікті  сырттан  тасып  емес,  өз  жерінде  өндіріп,    керісінше  артығын  сыртқа  сататын   бақуатты  жұртқа айналдыру  мақсаты  тұрды…Бұл  әлемдік  деңгейдегі  маңызы  аса  зор  құрылыстың  бітуіне   енді  ширек  ғасыр  ғана уақыт  қалған-тұғын. Сосын   Африка   қара  құрылық  емес,   жазиралы   өлкеге айналмақ  еді…  Амал  қанша?

Бүкіл  Африка  көретін  игілікке  қарыс  қадам  қалғанда Ливияда төңкеріс  бұрқ  ете  түсті. Күлде  жатқан   елін көтеріп  күн  еткен, отар елден бостан  елге  айналдырған,  Батыстың  азулы елдерімен  тайталасып,  олардың  Ливия  жеріндегі  әскери  базаларын  жауып, шекарадан  түре  қуып  шыққан,  қайыршы  Ливияны  бақуатты  елге  айналдырған, ең  соңында, шөлден  қаталаған  елін жерден  су  шығарып,  шөлін  қандырған   Муаммар  Каддафи   2011  жылы  қазан айында төңкерісшілердің  қолынан  қаза  тапты. Халқына  жасаған  жақсылығының  қарымтасы  осы  ма  еді?..

Дәл  осы  жерде Ливия басшысының түбіне  жеткен  осы  қолдан  жасаған  өзен  деген болжам айтылып қалады… Шындыққа   бір  табан  жақын.   Өйткені кейбір  ірі  елдер қара құрлыққа  азық-түлік   тасумен,  сатумен айналысты.   Оларға   Африканың бай  елге айналуы  тиімсіз. Мәңгі  кедей-қайыршы  болып  тұра  бергені үлкен  пайданың  көзі  еді. Өзінен артылғанын   екі-үш  есе  бағаға  сатты. Егер де Каддафидің  жобасы   іске  асқанда, Африка  мүлдем  өзге  жұртқа  айналар еді  де,  әлгілер қара  құрлықты  тұқырту  «көзірінен»  айрылып  қалар  еді. Бүгінгі  күні   ауыз  су  әлем  бойынша қат  бола  бастағанда, қайдағы  бір Ливия бірнеше  ғасыр қара  құрлықты   сумен асырауға   мүмкіндік  алатыны  алпауыт  елдерді  бей-жай  қалдырмады.  Қалай да ол  жобаны  тоқтатудың,  жобаның авторын жоюдың   жолдары  қарастырылды. Әйтпесе басшысының  жағасын жыртатындай Ливия   сондайлық кедей-кепшіктің  елі  емес еді. Жұрт  Батыстың  айтағына  ерді, сүйтіп елім  деген  ердің  түбіне  жетті. Қолдан  жасалған  Ұлы  өзеннің  кезекті  бір  бөлігін  ашып  тұрып, Муаммар  Каддафи: «Ел  игілігі  үшін  жасап  жатқан  осы  тірлігімізді АҚШ  көре алмайды.  Тізесін батырғысы  келеді. Өйткені  біз  тірлікті  өз  бетімізше  бастадық. Қолынан  келсе  Америка   біздің  осы  ұлы  жұмысымызды  жоқ  етуге  тырысып  бағады. Өйткені олар Ливия  халқының    мәңгі аш-жалаңаш, қайыршы  қалпында  қалғанын  қалайды» деп еді.

Дәл  сол  салтанатты жиында   аймақтағы көптеген    мемлекеттердің   башылары қатысты. Соның  бірі – Египет   президенті Хосни  Мүәбарак  болатын. Олардың  бәрі  Каддафидің  жасап  жатқан  тірлігін  қолдаушылар  еді.    Жазмыш  солай  болды   ма, алдымен Мүәбарк  тақтан тайдырылды…сосын  өзгесі…   Кездейсоқтық  па,  қайдам, Ливиядағы   төңкеріске  араласқан  НАТО  ұшақтары алдымен   қолдан  жасалған  өзенді  құртуға  тырысты. Құбыр  шығаратын  зауыттар, су  соратын стансалар,   басқару  жүйлері  бомбының  астында  қалды.  Қиратты.  Күлге айналдырды. Батыстың  бір  басылымы.    «Ливиядағы  соғыс  ешқандай  мұнай  үшін  болған    соғыс  емес. Су  үшін  болған  соғыс.  Каддафи  соның алғашқы  құрбаны» деп  жазған еді.  Бәлкім  солай  да  шығар. Өйткені  алпауыт елдер қашан да қатарға  бәсекелес  болатын елдердің қосылғанын  қаламайды. Керісінше  мешеу,  дамымаған қалыптан  шығармауға  бар  күшін  салады. Қорқытады,  тізесін  батырады. Бой  бермей  бара  жатса, саяси-экономикалық түрлі  құрсауға  алады, белгілі  топтарды  сатып ала  отырып, төңкерістер  жасауға тырысады. Басшысын  тақтан тайдырады,  көзін  құртады. Осылайша    шынжыр  балақ,  шұбар төс іргелі мемлекетке  айналмауына   күш  салады. Бұл еш жерде  жазылмаған  қағида. Бірақ алпауыт  елдердің  жымысқы  саясатының  астарында осы  пиғыл жататыны  белгілі.  «Елін  бақуатты  етемін, жерімді  гүлжазираға  айналдырамын»  деген   Каддафи  осы  саясаттың  құрбаны  екені  ақиқат.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

tazael.kz