Сыры жұмбақ мекендер…

91725844

 

Әлемде адам баласы таңқалатын, көрсең көзің тоятын ғажап мекендер жеткілікті. Сонымен қатар ес білмес ескі заманнан бері аты аңызға айналған, небір шым-шытырық оқиғалардың ордасы болған, тылсым күшке ие мекендер де баршылық. Орайы келгенде солардың бірнешеуін тілге тиек ете отыралық.

Соның бірі – тарихта «Троя соғысы» деген атпен қалған Троя қаласы. Ол Түркияның солтүстік батысында жатыр. Туристер жиі келетін орынның бірі. Көне шаһардың құландысы жақсы сақталаған. Дәл осы аңыз шаһар жөнінде ел аузында ертегіге бергісіз әңгіме көп. Шын-өтірігі белгісіз, кейбір айсыз түндері жараланып ыңырсыған, айқайлаған немесе рух шақырып ұрандаған адамдардың дауысы, атойға үндеген дауылпаз үні, қылыш шықыры секілді түрлі үн естілетін көрінеді.

Екінші бір жер ол – Моңғолиядағы Қарақорым. Бұл Ұлы қаған Шыңғысхан тұрғызған шаһар. Бірақ қазір одан белгі де жоқ. Тек тарихта Қарақорым деген аты қалды. Бұл жерде XVI ғасырда тұрғызылған ұзын ақ қабырғалар ғана тұр. Соның өзі көптеген аңызға арқау болуда.

«Осы жерде Шыңғысхан ғажап түс көріпті» деп келеді көне аңыздың бірі. Ол кезде Шыңғысхан жас екен. Түсіне аппақ киінген бір ақсақал кіріпті. Ол ұлы қағанға үш нәрсе ұсыныпты. Бірі алмас қылыш, екіншісі бір уыс топырақ, үшіншісі құс қанаты екен. «Мұныңызды түсінбедім» дейді әлі әлемнің жартысын жаулап алуға аттана қоймаған жас әмірші. «Балам мына алмас қылыш сенің қорғаның, жауға шапсаң сілтер семсерің. Сен құратын империя осы қылыштың күшімен құрылады. Ал мына құс қанаты, сен жаулап алатын жердің көлемі, аспандағы ұшқан құстың қанаты талатындай ұзақ, ауқымды болып келеді. Ал мына бір уыс топырақ сен қанша әлем әміршісі атансаң да бақилыққа аттанғанда ұрпағың мінәжат етіп, бір уыс топырақ салайын десе, молаңды таппай сандалады» дейді.

Рас, Шыңғысхан алмас қылыштың күшімен ұлы империя құрды. Ол жаулап алған жердің көлемі әлемде ешқандай әмірші немесе ұлы қолбасшы ие бола алмағандай өте үлкен еді. Бірақ әлі күнге бір уыс топырақ салайын десе, ұлы Қағанның моласын ешкім білмейді…

Ніл өзенінің батыс жағалауын патшалар алқабы дейді. Ол жерден бүгінде бәрімізге аты белгілі Тутонхамоннан бастап 60 перғауынның табыты табылған. Патшалар алқабы жайлы жағымды да жағымсыз әңгіме көп… Әсіресе, ол алқаптың тылсым күшке ие екендігі жайында…

Әлемге атышулы жердің бірі – Шамбала. Бұл жұмбақ қала жөнінде не бір алыпқашпа қауесет көп. Шамбаланы тура тауып барып, ондағы уақыт кілтін дұрыс бұрай білген адам, әлемге әмірін жүргізе алады деген сыбыс көп. Содан болар, кезіндегі Кеңес елі де, басында Гитлер тұрған Үшінші Рейх та, ағылшын мен француз да осы жерге бірнеше мәрте жасырын, құпия экспедиция жасады. Өкінішке қарай, уақыт кілтіне ие болдық деген ешкім жоқ. Бірақ Шамбала жөнінде аңыз әлі де жалғаса бермек…

Сахарада жатқан көне шаһардың бірі Тимбукт деп аталады. Әсіресе, XV ғасырда бұл шаһардың аты қатты шықты. Сахараны кесіп өтіп сауда жасап жүрген бәдәуилер осы жерге тоқтап, алтынмен, пілдің сүйегімен сауда жасайтын көрінеді. Сондай-ақ шаһар құл сататын атақты базарымен белгілі еді. Жылына ондаған мың құл сатылыпты. Жұмысқа жарамсыз ауруларын қала сыртына шығарып, шұңқырларға топ-тобымен қырып тастайды екен. Кейде көне шаһардың маңайы күңіреніп тұрады екен… Қиналып, өлер алдында ышқынған адамдардың үні деседі бүгінгілер…

Бүгінге дейін қазына іздеушілердің есін алған, бірақ табылмай келе жатқан мекен – Эльдорадо. Он бесінші ғасырда аты белгілі болған, ғажайып байлыққа ие, алтын шаһар Эльдорадоны іздеп, бүгінге дейін қаншама мың адам қалың жыныс орманда адасты, қаза болды. Көмусіз қалды. Бірақ әлі күнге ғажайып мекен Эльдорадо табылған жоқ.

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ