
Орал қаласына қарасты Серебряков орта мектебінде мұғалімдер мен қызметкерлерге 57 млн теңге артық төленген, деп хабарлайды Kazinform.
Орал қаласының білім беру бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта 73 қызметкерге, оның ішінде 39 мұғалімге 57,1 млн теңге көлемінде негізсіз аударылған қаражатты бюджетке қайтару бойынша сотқа дейінгі реттеу рәсімдері ұйымдастырылып жатыр.
«Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінен қылмыстық іс қорытындысы бойынша іс-құжаттарын тәртіпке келтіріп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдау бойынша ұйғарым БҚО білім басқармасына берілген. Сәйкесінше аталған ұйғарым Орал қаласының білім беру бөліміне жолданды. Биылғы оқу жылының басында Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың қатысуымен Серебряков мектебі ұжымымен мемлекеттік аудит нәтижесінде анықталған берешектер туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ұжым тарапынан аудит қорытындысына күдіктер пайда болғандықтан, тәуелсіз аудит жүргізу арқылы әр қызметкер бойынша нақты берешек сомасын есептеп шығару туралы ұсыныс берілді. Ұсыныс қабылданып, тәуелсіз аудит – «UHY SAPA Consulting» ЖШС-мен келісімшарт жасақталды. Қазіргі кезде 2021 жылдың басынан 2022 жылдың 31 қазанына дейінгі уақыт бойынша аудиторлық тексеру жүргізілуде. Қорытындысы шыққан соң мектеп ұжымымен жиналыс өткізіліп, толық ақпарат беріледі», – деп хабарлады ведомстводан.
Серебряков орта мектебі математика-физика пәнінің мұғалімі Анаргүл Қисметованың айтуынша, қызметкерлер әр түрлі сомада қарыздар болып отыр.
«Серебряков мектебінде 2005 жылдан бері қызмет етіп келемін. Мамыр айынан бері осындай жағдайға тап болдық. Менің айтарым, аудиттің де, бухгалтерлердің де есептеулері әртүрлі болып отыр. Мысалы, маған бастапқыда 2 млн 296,377 мың теңге көлемінде артық төленген деді. Соңғы хабарламада 1 млн 317 мың теңгеге түсті. Ал мектеп бухгалтері санаған кезде 1 млн 104 мың теңге болып шықты. Қазіргі кезде тәуелсіз аудит тексеру жүргізіп жатыр. Мұғалімдер мен қызметкерлер түрліше, алды 3 млн теңгеге дейін қарыздар болып отыр. Мұнымен келіспей, сотқа дейін барамыз. Өйткені есепте нақтылық жоқ. Қолымызға квитанция берілмейді, қарыздың қайдан қалыптасқанын білмейміз. Айталық, қалалық білім беру бөлімінің бухгалтерлеріне жалақымды есептеткен кезде де екі түрлі болып шықты, арасында 40 мың теңгедей айырмашылық бар», – деді А.Қисметова.
«Мен осы мектепте өткен жылдың қыркүйегінде ротация тәртібімен ауысып келдім. Осындай жағдай анықталғаннан кейін бухгалтер бірден қызметінен шеттетілді. Мұғалімдер мен қызметкерлердің қарызға келіспей отырғаны рас. Дегенмен оқу процесі қалыпты жүріп жатыр», – деді мектеп директоры Нұржан Алпысбаев.