Орал қаласында жаңа автобустар жолға шықты

259

Республика күніне орай Орал қаласында жаңа автобустар іске қосылды, деп хабарлайды Kazinform.

Қала ішінде қатынайтын қоғамдық көлік қатары «Yutong» маркалы үлкен класты 10 жаңа автобуспен толықты.

Батыс Қазақстан автобус паркі сатып алған жаңа қоғамдық көліктерді табыстау рәсіміне Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қатысты.

автобус
Фото: Орал әкімдігі

Шаһар басшысы оралдықтарды Республика күні мерекесімен құттықтап, жаңа автобус кілттерін жүргізушілерге табыс етті.

М.Сатқанов жыл сайын қаладағы автобус парктері жаңарып жатқанын атап өтті. Бұл жұмыстар жол ақысын төлеудің электрондық жүйесін енгізудің және әлеуметтік маңызы бар маршруттарда тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялаудың арқасында мүмкін болып отыр.

Желіге қосылған жаңа автобустар мүгедектігі бар жандарға қызмет көрсетуге бейімделген, кондиционермен, күшейтілген жылыту жүйесімен және бейнекамерамен жабдықталған.

автобус
Фото: Орал әкімдігі

Жаңа автобустардың үшеуі метан газымен жүруге арналған.

Бұл – үнемді және экологиялық таза отын түрі болғандықтан, қоршаған ортаны ластау деңгейі төмен.

«Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС қалалық №2, 4, 19, 22, 30д, 52 және алты саяжай маршруттары бойынша қызмет көрсетеді.

автобус
Фото: Орал әкімдігі

Қалалық қоғамдық көліктің жылжымалы құрамын жаңарту және кеңейту шеңберінде автопарк 2021-2023 жылдар аралығында 109 автобус, оның ішінде 43 жаңа автобус сатып алған.