Сатылымға шыққан киіктің еті ірі қара мал етімен бәсекелесе ала ма?

142

Қазір киіктің етін ет комбинаттарына өткізу басталды. Төрт түліктің етімен салыстырғанда, киік еті әлдеқайда арзан көрінеді. Комбинаттар киіктің етіне толса, жергілікті шару қожалықтарының жұмысына кері әсерін тигізбей ме? Бұл сауалға БҚО әкімі Нариман Төреғалиев түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Taza el порталы.

Кезінде киіктердің мәселесі жөнінде БАҚ және бәріміз осы мәселені Үкіметтен қалай да шешу қажеттігі жөнінде талап еттік. Қаншама шаруа қожалықтары осыдан зардап шеккенін білесіздер. Бүгінде киіктердің саны биылғы жылдың қорытындысымен 1 миллион 300 мыңға жетті. Ғалымдардың пайымдауынша, бір киікке 15 гектар жер керек. Яғни, 1 млн киікке 15 миллион гектар жер қажет. Бұл бойынша шаруа қожалықтардың айқайлап жүрген мәселесі реттеліп жатыр. Киіктердің санын реттеу бойынша бүгінгі күні 10 мыңның үстінде киіктерді ауладық. 17 бригада соның ішінде, 15 бригада ату әдісімен жұмыс жасауда, – деді ол.

Киік етінің мәселесіне келетін болсақ, аймақ басшысы қазіргі таңда облыста 8 ет комбинаты жұмыс істеп жатқанын айтты. Бұл ет комбинаттарына 315 теңгеден әрбір килограмына киіктің еті әкелініп беріледі. Қалғанын әріқарай ет комбинаттары 1200 теңгенің айналысында сатып жатқанын тілге тиек етті.

Киіктің еті сатылып жатқасын малдың етіне сұраныс болмай қала деген сауалға қатысты айтатын болсам, біріншіден киіктің етін кез келген адам алмайды. Оны әсіресе жастардың көбі білмейді. Халық арасында жүргенде сауалдар қойып жатады. Сұраныс бар деп айта алмаймын. Себебі бағасының өзі 1200 теңге. Ал санитарлық талаптар қатаң бақылауда, – деді БҚО әкімі.

 

Қайрат Болатов