Маңғыстауда қарақұйрық аулағандар ұсталды

4979

Бейнеу ауданында полиция қызметкерлері қарақұйрық аулағандарды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Браконьер» жедел-алдын алу шарасы барысында Бейнеу ауданында полиция қызметкерлері екі ер адамды ұстады. Олар мінген мотоциклден Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген қарақұйрықтың еті, сондай-ақ, 16 калибрлі екіауыздық тегіс ұңғылы мылтық, 23 оқ-дәрі, пышақ табылып, тәркіленді. «Өзімен бірге мотокөлікті басқаруға құжаттар болған жоқ. Қазір ұсталғандарға қатысты «заңсыз аң аулау« фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл факт ҚР ҚК-нің 337-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Аңға оқ атқан күдіктінің бірі уақытша қамау абақтысына жабылды. Сот-криминалистикалық сараптама тағайындалды. Мотоцикл айып тұрағына қамауға алынды» делінген хабарламада.