Павлодар облысында 5 млн жыл бұрынғы мастодонттың сүйегі табылды

Ертіс өңірінің Екібастұз аймағынан осыдан 5 млн жыл бұрын өмір сүрген мастодонттың сүйектері табылды.

Құнды олжаны Екібастұз ауылдық аймағына қарасты Байет елді мекенінің тұрғындары су құбырын тарту барысында тауып алған. Қазу барысында алып тастар мен олардың арасында ірі жануардың сүйектеріне ұқсас органикалық заттар болған. Кейін оқиға орнына ғалымдар шақырылған.

Палеонтолог-мамандардың пайымдауынша, бұл органикалық қалдықтар мастодонтқа тиесілі. Себебі, мамонттарға қарағанда айрымашылық көп. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті мен Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің палеонтологтары Байет ауылына сапарлап, қалдықтарды зерттеді.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті математика және жаратылыстану факультетінің деканы, биология ғылымдарының докторы Болат Жұмаділовтің айтуынша, бұл сенсациялық жаңалық. Себебі, Ертіс өңірінің қырлы аймақтарында осы тектес сүйектер бұрын-соңды табылмаған.

«Сүйектерді жерден қазып алып, университетке әкелдік. Қазіргі таңда жан-жақты сараптама жүргізіліп жатыр. Кейі қалдықтарды алматылық мамандарға тапырдық. Біздің пайымдауымызша, ежелгі жануар шөппен қоректенген. Себебі, біздің заманымызға дейінгі дәуірде Ертіс өңірінің аумағын ну орман мен джунгли басқан. Яғни, әлемдік мұхиттың түбі болған. Осы жәдігер облысымыздың флорасы мен фаунасы тылсым құпияларға толы екенінің дәлелі болса керек», – дейді Болат Жұмаділов.

Мамандардың айтуынша, ірі сүйектер небәрі үш метрлік тереңдікте жатқан. Қазіргі уақытта бұл жер учаскесіндегі жұмыстар уақытша тоқтатылды. Алдағы уақытта ғылыми экспедиция жасақталып, кешенді зерттеулер жүргізілмек.

«Павлодар облысында түрлі геологиялық кезеңдерге жататын палеонтологиялық мекендер жетерлік. Олардың көбі Ертіс өзенінің бойында орналасқан. Олардың қатарында «Қаз қонақ», Пятерыжск, Железинка, Лебяжье және басқалары бар. Сондықтан, бұл – Павлодар өңірінен табылған алғашқа палеонтологиялық олжа емес. Қазіргі уақытта полеботаниктер мен геологтардың кеңесін күтіп отырмыз. 10-15 күннің ішінде нақты мәліметтер болады», – дейді Павлодар мемлекеттік педагоигкалық университеті жалпы биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Валентина Алиясова.

Еске салсақ, облыс орталығында 1928 жылы ашылған «Қаз қонақ» ескерткіші бар. Ескерткіш Ертіс өзенінің бойында орналасқан. Бұл жер Еуропа құрлығындағы неогенді жануралардың ең ірі қорымы саналады. Ғалымдар 60-тан астам ежелгі сүтқоректінің сүйегін тауып, зерттеген. Олардың қатарында мүйізтұмсық, азулы жолбарыс, лагомерикстер болған. Бұл жәдігерлер еліміздің ғана емес, әлемдік ғылыми қауымдастық үшін аса құнды. Гиппарионды фауна мекенінің жасы 4,4,5 млн жылды құрайды. «Қаз қонақ» ескерткіші 1961 жылдан бері мемлекет қорғауында.

Ақмаржан ӘДІЛБЕК
Фото: автордан