Түркістан облысында 9 айда 100 мыңға жуық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілді

Түркістан облысында биылғы жылдың 1 қазанындағы есеп бойынша атаулы әлеуметтік көмек 99,7 мың отбасыға, нақты 577,8 мың адамға тағайындалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Оның ішінде 352,4 мыңы – балалар, 65,7 мың отбасы – көп балалылар. Бүгін бұл туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлім етті. Облыста АӘК төлеуге көзделген 60,7 млрд теңге қаржының бүгінгі таңда 71%-ы, 43 млрд теңгесі игерілген. «АӘК төлемдері мен жұмыспен қамту шаралары қиын өмірлік жағдайдан шығу үшін көптеген отбасыларға көмектесті. Мұқтаж отбасылар мемлекет тарапынан шынайы қолдау көрді, оның жартысы дерлік көпбалалы отбасылар, сондай-ақ, кейбіреулері аз қамтылғандар санатынан шықты. Облыста жалпы 62,8 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, 1 мың адам кәсіпкерлікті дамытуға микрокредиттер алды, оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту үшін 74 көпбалалы отбасы, мүгедектігі бар тұлғалар және жастар шағын несиелер алды. Сондай-ақ, бизнес идеяны іске асыруға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 1,2 мың грант берілді, оның ішінде 120 көпбалалы отбасы алды. АӘК-нің біржолғы төлем есебінен 5439 адам өз ісін ашты, оның ішінде 1909 адам – көпбалалы ана», – деді Әсия Құралқызы. Алайда, АӘК-ті заңсыз тағайындауға алып келген 18 мыңнан астам отбасының өзінің нақты табысын жасырғандығы анықталған. Нәтижесінде облыста жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша 3 млрд теңгеге жуық қаржы үнемделіп, артық төленген 650 млн.теңгенің 38,8 млн теңгесі қайтарылып отыр.

inform.kz