Үкімет ауылдардағы мәселелерді шешу үшін 900 млрд теңге бөлмек

Үкімет ауылдардағы мәселелерді шешу үшін 900 млрд теңге бөлмек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайында баяндаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауылдардағы мәселелерді кешенді шешу үшін айтарлықтай қаражат қажет. Алдын ала есептеу бойынша 900 млрд теңге керек. Бұл ретте республикалық бюджеттен 70 пайыз немесе 630 млрд теңгені, ал қалған 30 пайыз немесе 270 млрд теңгені жергілікті бюджеттен бөлу ұсынылады. Аталған қаражаттарды 2027 жылға дейін бөлу ұсынылып отыр», – деді вице-премьер. Оның дерегінше, 2019 жылы 30 млрд теңге сомаға шамамен 700 мың адам тұратын 53 ауылда 452 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Олар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды жөндеу, қайта жаңарту жөніндегі жобалар болып саналады. Қаражаттар жоспарлы түрде игеріліп жатыр. «Сондай-ақ, Тұңғыш Президент – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған ауылдарды абаттандыру бойынша ірі кәсіпкерлердің «кіші отанына» қамқорлықпен қарау мен меценаттық жасаудың жарқын көрінісінің мысалдары бар. Мәселен, соңғы екі жылда Қарағанды облысының Шахтерское ауылын дамытуға, «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп 1 млрд теңгеден астам қаржы инвестициялады. «Агрофирма Родина» ЖШС директоры Иван Сауэр Ақмола облысының Родина ауылын дамытуға 500 млн теңгеден астам қаражат салды. Белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов мұғалімдерге арналған тұрғын үйлер салып, Алматы облысының Лепсі ауылында 1 млрд теңгеден астам сомаға әлеуметтік нысандар жөнделді. Мұндай мысалдар әр облыста бар«, – деді ол. Р.Склярдың айтуынша, еліміздің барлық өңірлерінде ауыл инфрақұрылымын кең ауқымды жаңғырту басталады. Оған көзделген 30 млрд теңгеге 2020 жылы қосымша 50 млрд теңге бөлінеді. »Жалпы бөлінетін қаражатқа 250 ауылда 1 641 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл халқын жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және іске асырылып жатқан жобаларға жаңа дағды алу мақсатында ауыл жастары тартылатын болады. Өңір әкімдері шұғыл түрде тиісті жобалық құжаттаманы әзірлеуі қажет«, – деді Үкімет басшысының орынбасары

inform.kz