«Әйелді найманнан аласың, әйтпесе қатынсыз өт…!»

«Айтпаса  сөздің атасы  өледі»  деп жатады  қазақ. Өзім  күнде  көріп,  куә  болып  жүрген  мына  бір  жайтты  сіздермен бөліспеске  болмады. Бәлкім төрелігін  өздерің  айтарсыздар. Нұрислам деген  досым бар. Екеуіміз  мектепте,  бір  сыныпта  оқыдық. Универде  де  біргеміз. Нағыз адал  дос. Бұл күнде  ондай  ақ  көңіл, жаны  таза  дос  табу  қиынның  қиыны.  Бірақ  маған  сондай  бір  достың  тап  келгеніне қуанамын. Осы  күнге  дейін,   арамызда   ешқандай түсініспеушілік  болған  емес.   Нұрислам  қандайлық  жақсы  болғанымен  оның  әкесі   мүлде  бөлек  жан.  Нағыз трайбалист. Руы  найман.  «Найманнан  асқан  ру  жоқ. Найманан   мықты халық  жоқ.  Біз   наймандар күнше  күркіреген  Шыңғысханның  өзіне   хат  үйреткен,  жазу-қисабын  жүргізіп  берген білімдар,  данышпан  румыз»  деп  қайда  болмасын  кеудесін  ұрып, найман  руының  өткен-кеткен  тарихын  жыр  қылып  айтып  отырғаны. Жарайда,  ол  оның   өз  өмірі,  өз  ұстаным  деп  қоя  салуға  болар  еді.   Бірақ   мына  бір  жайт  көңіл-күйіме  қатты  әсер  етті. Бірде Нұрислам  өзінің  жүріп  жүрген қызын  әкесіне  таныстырмақ  болды. Қызды  алып  бармас  бұрын Нұрисламның  әкесі  бізді  шақырып  алып,  оңаша    біраз  нәрсені  сұрады. «Ол  қандай  қыз,  қайда  оқиды,  әке-шешесі  кім  болып  жұмыс  істейді, туған-туыстары  бар  ма,  бар  болса кімдер»  деп  тәмпіштеп  сұрап  алды. Нұрислам  әкесінің  айтқандарына  қызара  отырып   жауап  берді.  Ең  соңында  әкесі:  «руы кім?»  деп қадалды.  Нұрислам:  «қоңырат»  деп  қалып  еді,  сол-ақ  екен  әкесі  тулап ала  жөнелді.  «Иттің баласы,  не  деп  тұрсың.  Мен  саған  ес білген  кезіңнен  құлағыңа  құйып келе  жатқан  жоқпын ба? Әлде  ақпа  құлақсың  ба? Әйелді  тек  өзміздің найманнан  ғана аласың. Найманның  қыздарына  қыз  жетпейді. Шеттерінен  әппақ  сазандай  болып келеді. Дене бітімдеріде  сымбатты.   Түзу. Ертең  ол қатынан туатын  балаңда  сымбатты, көрікті  болады. Жүрген  ортасында  жүзі  төмен  болмайды. Найманның  қызыда,  жігіті  де  білімді, білікті,  сұңғыла  ойлы  келеді. Қазақта  найманнан   мықты  ру жоқ. Сондықтан  қатынды  тек  найманнан  ғана  аласың,   ал найманнан  алғың  келмейді  екенсің,  онда қатынсыз  өт. Мен  рұқсат бермеймін» деп   тас-талқан  болды. Жасаулы  тұрған  дастарханға  отырғызбай  Нұрислам екеуімізді  үйден  қуып  шықты. Мені  қойшы.  Нұрисламға  обал  болды.  «Сүйген  қызыма  не  айтамын. Басқа  рудан  болғаның  үшін  сені  алмаймын   деймін бе,  не  деймін»  деп  өкісіп  жіберді. Әрине  оның  әкесінің  айтқандарына  менде  қапа  болдым.  Жиырма  бірінші  ғасырда  руды   алға  тартып  отырған  әкеден  не  жақсылық,  не  қайыр  күтуге  болады.  «Әкеңнің  айтқанынан  бола  сүйгеніңнен айрылма.  Қайда  барар дейсің,  тулап-тулап  басылар»  деп  досымды  жұбатқан  болдым. Ал,  сіз  не  дейсіз,  қандай  кеңес  берер едіңіз,  Нұрисламға!

 

Бақдәулет Нұрәділ