Екі қатын ойран… ойбай бұл рас екен!

«Елімізде кәрі қыздар көп. Олар реті келсе екінші әйел болып, бір әулеттің түтінін түтету керек», не болмаса «тоқалдықты» заңдастыру қажет» деген сияқты әңгімелер қоғамда жиі айтылады. Жиі көтеріледі. Шынымды айтайын тоқал алу біреуге бақ біреуге сор. Бұлай деуімнің өзіндік себебі бар.

Тоқал алғандардың барлығы бақытты болып кеткен жоқ. Жағдайы жақсы, отбасы бар ер адамға есеппен ретін тауып екінші әйел болып тиіп алып, тып-тыныш ұйып отырған шаңырақты тасталқан етіп жүргендерде бар. Сондай-ақ тоқал алу демографиялық дүмпу тудыруға үлкен әсер береді деп жүргендердікі де бос былшыл. Есеппен тоқалдыққа барған қатын, бала туып көгерпейді. Тоқалға ең бастысы жайлы өмір керек. Шалқып жүргенді қалайды. Осы есеппен олар бақуатты еркекке екінші әйел болып баруға келіседі. Өйткені қазіргігің тоқалдары баяғы заманның тоқалдары емес. Заман басқа, адамның өмір сүру ортасы басқа, ой-сана басқа. Айтқым келгені мына бір жағдай еді. Университетте бірге оқыған жақын досым бар еді. Өз мамандығы бойынша жұміс ісеп. Қарапайым тіршілік етіп жатқан жан еді. Бірақ бір айлықтан бір айлыққа өліп-талып жетіп өмір сүру қиын болды ма, әйтеуір өткен жылдары жұмысын тастап, несие алып, ауыл жақта мал өсіруді қолға алды. Білмеймін айы оңынан туды ма, қысқа уақытта мал санын көбейтіп, қара күзде соғым етіп сатып кәдімгідей кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Онымен қоймай, «біздің ауылдың топырағы жақсы. Шағын крпіш зауытын ашамын» деп жүріп, Қытайға барып, арзанға керек-жарақтарын әкеліп, оныда іске асырды. Тірлігі жүріп берді. Малы өсіп жатыр, кірпіш зауыты істеп жатыр. «Жаяу Мұса» атанып жүретін ол жарқыраған шетелдік көлікке мінді, қатырып үй салып алды. Бір сөзбен айтқанда, жағдайын түзеді. «Қазақ байысы қатын алады» деген бар, «Әйелімнің денсаулығы мәз емес. Екі баламен тоқтап қалды. Кіндігімнен тарайтын ұрпақты көбейткім келеді. Ол үшін тоқал алсам, ол тағы бірнеше бала туып берсе» деп соңғы кезде өзгеше әңгіме шығарған. «Жағдайың бар еркексің ғой. Бір емес бірнеше әйелді асырауға шамаң жетеді. Үйдегі келіншегің рұқсат берсе неге алмасқа» дегенбіз. Рас қалтадағы артық ақшаның буы ма, әйтеуір ол көп ұзамай жап-жас қызды тоқал етіп алып тынған. Мейманасы тасып жүрген досымның сол екінші әйелді алған кезден бастап, алға басқан қадамы кері кете бастады. Әрине үлкен қала емес, аудан орталығында үй арзан. Содан болар ол тоқалына бір үй алып беріп, жеке шаңырақ ретінде отырғызып қойған. Сүйтіп екі үйдің ортасында теңселіп жүргісі келген. Бірақ ол ойы жүзеге аспады. Жас қатыны, «бар тапқан –таянғаныңды ана ауру қатыныңа тасисың, онда мені не үшін алдың?» деп дау көтерсе, алғашқы әйелі «Тоқалыңның үйінен шықпайсың, бар игілікті сол көріп жатыр» деп ол шу шығаруды жиілетті. Сүйтіп досым екі оттың ортасында қалды. Ақыры тоқалымен ажырасып тынды. Ал ол тоқал досыма бала туып бермек тұрмақ оның біраз бизнесін жоқ қылды. Былайша айтқанда, жай кеткен жоқ, әкімшілікте істейтін ағайындарын салып жүріп, досымның кірпіш зауытын тартып алды.

Малдың да біраз бөлігін бауырына басты. Осылайша досым баяғы бақуатты тіршілігінен айрылып қалды. Міне тоқалдық кесірі. Бұл мен көзбен көрген, білетін жағдай. Әрине тоқал болып жүргендердің барлығы сұм, бақай есеппен жүргендер деп айта алмаймын. Керісінше тәп-тәуір отбасы болып, айрандай ұйып отырғандар баршылық. Бірақ толқал болғысы келгендер, не болмаса тоқал болып жүргендердің басым көпшілігі ауқатты еркектерді таңдайды. Өйткені жақсы өмір сүру үшін. Олар үшін бала туу екінші бәлкім үшінші орында тұруы мүмкін. Ал бірінші қарақан басының жағдайы тұрары анық. Қысқасы атам қазақтың «екі сиыр айран, екі қатын ойран» дегені дәл қазіргі күнге дөп келіп тұрған сияқты… Сіз қалай ойлайсыз…

Жарылқап Далабай