«Кидала» қыздар

Кешкілік дүкеннен азық-түлік алып шыққанмын. Үлкен арбаны көре салып, бұрышта тұрған жап-жас екі жігіт “аға, такси керек пе?” – деп жетіп келді. Екеуінікі екі бөлек машина екен. Дембелше келген, қараторы жігітпен ақысына келісіп, пакеттерді көлікке арттық та, жолға шықтық. Біздің үй орталықтан алыс. Әуежайдың төменгі жағында орналасқан. Рөлдегі баланың жасы шамамен 22-24 жобасында. Әңгімешіл екен.
– Сіз келіспей қойсаңыз, түнгі “жорыққа” аттанғалы тұрғам, аға, – деп бір күліп қойды.
-Ненің жорығы? – дедім мен де елең етіп.
– Екі қыз бар еді. Түнгі оннан бастап, таңғы алтыға дейін қаланың ішінде тасуым керек. Тоғыз мың теңге береді, – деді ары қарай адамды қызықтыра түсіп.
– Сонда олар таң атқанша не істейді?
– Сондай екі қыз бар, аға. Былайынша “жезөкшенің” кейпіне енген. Бірақ жезөкше емес…
– Түк түсінсем бұйырмасын, балам. Жөндеп, таратып айтшы. Не айтып кеттің, өзің?
– Қалада екі қыз бар. Түннен бастап, таң атқанша “жорыққа” шығады. Өздерін жезөкше етіп таныстырады. Солай хабарландыру беріп қойған. Алматыға күн сайын сырттан пәленбай мың адам қыдырып келіп жатады ғой. Сондай адамдарды “қармағына” іледі… – деп екіұшты сөзбен бетіме қарап, тағы бір жымиды. Әлі де болса әңгіменің байыбына жетпегенімді білдіріп, бетіне үңіле қарадым. – Бәрін басынан айтайыншы. Өткенде клиент іздеп, 28 панфиловшылар паркінің жанында тұрғам. Екі қыз бен екі жігіт келіп, бір пәтерге апаруымды сұрады. Алыс емес екен. Абылайхан көшесіндегі бір үйдің жанына жеткенімде, көліктің ақшасын төлеп, түсе бастады. Анандай жерге ұзай беріп, қыздың біреуі қайтадан кері бұрылып келді де, 10-15 минут күте тұруымды өтінді. Алдын-ала қолыма 2 мың теңге ұстатып кетті. Маған не керек. Әрі ақша табам, әрі қызық көремін деп ойлағам. Сөйтсем, бұлардың қызығы мен күткен қызықтан та асып кетті, ағасы! Он минутқа жетпестен, алқын-жұлқын екі қыз жүгіріп келіп, машинеме отырды да: “кеттік! жылдам! Болыңыз!” деп асықтыра бастады. Зыр етіп, Абылайханмен төмен құлдилай жөнелдім. Кім ақша төлесе, соған қызмет жасаймыз ғой. Қыздардың айтуымен, бірінші Алматыға қарай тартып кеттім. Ақан сері көшесінің тұсына келгенде, бір дәмханаға тоқтап, шай іштік. Сыртта темекі шегіп, біраз сөйлестік. Қыздардың әңгімесінен ұққаным – екеуі де құрбы екен. Бірге жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Сөйтсем, олардың схемасы мынандай екен: өздерін “жезөкшеміз” деп түрлі сайттарға хабарландыру беріп қояды екен. Іссапармен, немесе қыдырып келіп, бұты сыздап, пұлы қайнап жатқан ағаларымызды “сындыру” ғой мақсаты. “Екі қыз қалағаныңызша ләззат сыйлайды” дейді ғой. Содан, әлгі ағатайларымыз, олардың арасында небір шенеуніктер бар. Қара шашы қасқа бола бастағаннан, сізден де үлкен ағалар, тіпті, аталар бар! Сенесіз бе? Сол адамдармен келіскен ақшасын алып, “қазір, ақшаны шопыр балаға беріп келеміз” деп сыртқа шығады да, қашады екен. Қыздардың сөзіне алғашқыда сенген жоқпын. Бірақ түріне қарасаң, алдап тұрған жоқ секілді. Кәдімгідей, әп-әдемі-ақ қыздар. Боқтап, шылым шегеді демесеңіз… Содан не керек, сол түні екі қызды айтқан мекен-жайларына таң атқанша тасумен болдым. Расымен, біраз ақша “жасады”. Клиентке барады да, 10-15 минут болмастан, жын қуған бақсыдай жетіп келеді. Мен де дайын отыра қалам. Машинаны оталдырам да, келесі құрбандыққа қарай кете барамыз. Әр аптаның жұма, сенбі күндері кәдімгі жұмысқа шыққандай, осындай кәсіппен айналысады екен. Бүгін сол қыздар шақырған еді. Ары ойланып, бері ойланып, “құрысын!” деген шешімге келдім. Мұндайда бәріне шопыр жауап береді екен. Ертең, Құдай сақтасын, бірдеңе бола қалса, “косякқа” мен кіреді екенмін. Одан да Құдайдың берген ризығын аз болсын, көп болсын, осылай, адам тасып тапқаным артық деген ойға келдім. – Шопыр бала осылай деді де, кенет, телефонын шұқылай бастады. Үйіне видеоқоңырау шалды ғой деймін. Арғы жақтан бір ұл мен қызын ойнатып отырған келіншек көрінді. Қыз бала телефонда әкесіне бірдеңе деп жатты. Өз ойыммен өзім отырып, келіншектің шопыр балаға не дегенін естімей қалыппын. “Мен сол, такси болып кетіп барамын. Қалайсыңдар? Жейтін тамақтарың бар ма? Қазір апарам”, – дегенде селт ете қалдым. Көзім тағы да екі балаға түсті. Кішісі ұл екен. Телефонға қарап, әкесіне күлімсірей қол бұлғап тұр. Қатты толқып кеттім. Анау байғұс қыздар да кезінде біреудің осындай бейкүнә балапандары еді. Жаманшылық жолында енді бір жаманшылыққа ұшырап қалмай, дәл осындай, көлік айдап, тамағын тасып беретін біреуді тапса ғой деген ойға қалдым…

 

Тоқтар Жақаштың  Фейсбуктағы  парақшасынан