Күйеуімді дуалап тастапты…

Әлеуметтік  желіні  ақтарып отырып мына  бір  жазбаға  көзім  түсіп кетті. Оқымасқа  болмады. Бір  отбасының  ойраны  шығыпты. Күйеуі  дуаланып  қалған. Ал,  әйелі  болса  зар  илеп, не  істерін  білмей  жүр. Ақыры  осында  жазып,  жұрттан ақыл-кеңес  сұраған екен. Мүмкін  тығырықтан  шығар  жол айтып, қол  үшін  созар  жандар  бар  шығар. Көшіріп алып,  сіздерге  жолдап  отырмын. Сонымен өмірі  өксікке  ұласқан   келіншек  былай  дейді:

«Күйеуімнің маған деген көзқарасы аяқ асты 180 градусқа өзгереді деп еш уақытта ойламап едім.Бұған дейін қандай бақытты едік. Жан жарым жұмыстан келе сала, қос ұлымен қызын ойнатып, сабағын қаратып, одан қалса ас үйде жүрген маған көмектесіп жаны қалмайтын. Тапқан табысының бір тиынын сыртқа шашпай алып келуші еді. Сенбі, жексенбі күндері отбасымызбен Алма арасан не болмаса Медеу, Шымбұлақ жаққа барып демалып, мәре-сәре болып жатушы едік. Бірақ соның бәрі қазір көрген түстей болып қалды. Соңғы кезде күйеуім қатты өзгерді. Жұмыстан жай келеді. Пісірген тамағым, қайнатқан шайым ұнамайтын болды. «Шуламаңдар» деп балаларына жекіретінді шығарды. «Жұмысында бір деңе болған шығар, шаршап жүрген шығар» деп ойлаған едім. Балаларымда баяғыдай емес, әкелері келгенде бағжаңдап, үркіп тұратын болды. Ол болса түнде мені баяғыдай еркелетіп, құшақтауды да қойды. Жастығын құшақтап, күрсінетінді шығарды. Бірде оңаша қалғанда: «не болды жасырмай айтшы» деп құшақтап едім, қолымды лақтырып тастап, ала көзбен қарады. Бір нәрсе айтқысы келді. Бірақ үндемей тұрып кетті. Тіпті соңғы бірер аптада үйге қонуды да сиретті. «Біреумен жүріп жүр ме, әлде көңілдес тауып алдыма?» деп жаным жай таппады. Аралас-құралас келіншектерге айтып едім, олар күдігімді тіпті үдетіп жіберді. «Сенің үш балаң бар. Қартайып қалдың. Сондықтан ол бір жас қыз тапқан болар» деді бірі, екіншісі «кім біледі, біреу басын айналдырып, дуалап жүрме?» деді. Не істерімді білмедім? Өйткені күйеуім үйге келуді сиретті. Үйге келсе, диванда теріс қарап жастық құшақтап жатады да қояды.Кейде өз-өзінен күбірлеп жатқанында байқап қалдым. Бірде ұйқысырап жатып, «Фания, Фания» деп бір әйелдің атын атап, өкісіп шықты. Таңертен «Фания деген кім?» деп сұрап едім. Күйеуім алғашында айтқысы келмеді. Сосын барып, «осыдан бір жыл бұрын жұмысқа бара жатып, жол-жөнекей бір келіншекті ала кетіп едім. Ұлты татар екен. Аты Фания. Сеннен жасырып араласа бастадым. Өзінің айтуынша күйеуі ертерек қайтыс болып кетіпті. Жалғыз тұрады. Жұмыс арасында ара-тұра үйіне барып жүрдім. Жақсылап дастархан жасап қарсы алатын. Соңғы үш-төрт айда ол келіншек есімнен шықпайтын болды. Жарыққа үймелеген жынды көбелектей оны көрмесем тұра алмайтын болдым.  Не сиқыр бар білмедім, Айналып сол үйге бара беремін» дегені. Не істерімді білмедім? Өйткені күнен –күнге күйеуімнің өңі қашып, үйге келген кезде өз-өзімен күбірлеп сөйлесе бастады. Ағайын-туысқа отбасымыздағы жағдайды жасырмай айтуға тура келді. Олар тәуіпке барыңдар десті. Бардық. Сөйлестік. «Күйеуіңді дуалап тастаған» деді олар. «Дуалағанда да қатты дуалаған. Татарлардың дуасы бөлек. Оны қайтару қиын. Оның үстіне дуа сүйекке өтіп кеткен» десті. Тығрыққа тірелдік. Аға –інілерім «әлгі келіншекті көрсет. Өлтіреміз» деп күйеуімнен оның тұратын жерін сұрап алып барды. Сөйлесті. Қорқытты. «Менің еш кінәм жоқ. Өзі «ғашықпын» деп үйден шықпайды. Көршілер куә» деп көршілерін шақыртты. Оларда менің күйеуім осы үйге жиі келетінін айтып берді. «Дуа дегенді білмейді екенмін. Аулақ жүріңдер. Сотқа арыз жазамын. Керек болса күйеуіңе ие бол» деп өзіме тап берді. Не істеймін? Еңіреп жылап үйге қайттым. Сүйтіп жүргенде күйеуім көтеріліп ауырып жындыханаға түсті. Қазір сонда. Кейбірлеулер «дуа сүйекке сіңіп кетсе, оны қайтару мүмкін емес. Ол адамды о дүниелік деп санай беріңдер» дейді. Не істеймін,кімге барамын? Білмеймін».

Бота.