Маймыл мен адамды будандастырып көрген ғалымдар таң қалды

Қытайда испандық ғалымдар зертханада “химерлік эмбриондарды” алды. Олар генетикалық модификацияланған маймыл эмбриондарын алып, оны адам жасушасы тініне енгізді, деп жазады Life.ru El País-қа сілтеме жасап.

Бұл жануарлардың денесінде адам ағзаларын өсіру мүмкіндіктерін зерттеу үшін қажет болғандығы айтылады. Әзірге, қандай маймыл түрі тәжірибеге қолданылғаны айтылмайды. Ол макака болуы мүмкін деген болжам бар.

Хуан Карлос Изпису бастаған ғалымдар эмбриондардың дамуын 14 күн бойы бақылап, содан кейін оларды жойып жіберген. Өйткені халықаралық ғылыми қауымдастықтың талабы сондай. Екі аптадан кейін адам эмбрионында жүйке жүйесіндегі даму аяқталады екен, сондықтан этикалық себептерге байланысты оған жол бермеу туралы шешім қабылданған екен.

Бұрын тура осы ғалымдар тобы адам мен шошқа тінін будандастыруға тырысқан, бірақ онысынан түк шықпаған. Адам жасушалары іс жүзінде шошқа ұрығымен біте-қайнаса алмаған. Ғалымдар маймыл эмбрионымен жүргізілген эксперимент адам ағзаларының трансплантациясы бағытында жасалған маңызды қадам деп санайды.

Басылымның хабарлауынша, испан ғалымдары өз зерттеуін рұқсат берілгендіктен Қытайда жасағандарын айтады. Мысалы, Еуропада мұндай зерттеулерге қатаң тыйым салынады, ал АҚШ-та ондай зерттеулер мүлде қаржыландырылмайды екен.

Сол секілді жақында Жапония адам жасушаларын жануар эмбриондарына қолдануға рұқсат берген. Бұған дейін басылым хабарлағандай, олар адам мен тышқанды будандастырып көріпті.