Мен саған ғашық едім…

Бүгінгі   бозбала, бойжеткенмен 70-80-жылдардағы   жас  өскіннің жан  дүниесі,  ойлау жүйесі  екі  түрлі. Айырмашылық  – жер мен  көктей. Рас, кешегінің  баласы  – ұяң, ибалы  еді. Бүгінгі бала  – тарпаң. «Жүзің  бар,  бетің  бар»  демейді. «Үлкенге  – құрмет,  кішіге –  ізет»  деген  қағида  оларға  жүрмейді. Бұған  бәлкім  бүгінгі  қоғам, дұрыс тәлім-тәрбие  бере алмаған ата-ана,  балабақша,  мектеп  кінәлі  болар.

Оған  қазіргі жер  дүниені  өртше жалмаған жаһандануды  қосыңыз. Темекі  шегу, арақ  ішу, қылмас  жасау, жеңілжүріске  салыну  – бәрі-бәрі бүгінгі  жас  өскіннің бойынан табылады.  Нақты  дерек  көздеріне сүйенсек, елімізде  12  жастан асқан  ұл және  қыздарды  10  пайызы,  ал  18-20  жастағы  бойжеткендердің  25  пайызы көк  түтінде  ала алмай  жүрген  өші  бардай бұрқырататын   көрінеді. Осы  жастағылардың  15  пайызы  ішімдікке  де атадан  қалған  астай  қарайды  екен. Жартылай  жалаңаш  жүргені  былай  тұрсын,  мектеп  жасында  жеңілжүріске бой  алдырып, жүкті  болып  қалғандары  қанша  ма? Еліміздегі жастардың жартысынан көбі 13-14 жастан бастап жыныстық қатынасқа түседі екен. Мамандардың  айтуынша, жасанды түсік жасатқан қыздардың  30 пайызы әртүрлі жазылмас онкологиялық, гинекологиялық ауруларға шалдығады. Қатерлі ауруға шалдығу қаупі жас қыздарда 2,5 есе көп, оның арты бедеулік екені  белгілі.

Әлемдік көрсеткіш бойынша, жыл сайын 1 миллион жасөспірім қыз жүкті болады. Олардың арасында жасанды түсік жасату мен босану үстінде өлетіні көп. Оның бірден-бір себебі – жас организмнің жетілмеуінен. Ал Қазақстанда жыл сайын 100 мыңнан астам бойжеткен түсік тастайды. Криминалды түсік сол санның 0,1 пайызын құрайды. Яғни, бұл негізінен жасөспірім қыздар саналы түрде, өз еркімен түсік жасатады деген сөз.

Ал  баяғының  баласы  қандай  еді? Таза еді,  ибалы,  ұяң  еді? Ол  кездегі  бозбала бойжеткенмен  танысқан  бойда, қазіргідей  қолтықтап,  жетелеп  кете алмайтын. Ұнатқан  қызына  алыстан  телміріп  қарап,  реті  келсе  хат  жазып,  жауабын апталап, айлап  күтіп  жүретін. Бәлкім  бұл  жан тазалығының  белгісі  болар-ау. Әлі  есімде, алтыншы я жетінші класта  оқимын.  Кішкентай  болсақ та  көркем әдебиетті (бүгінгінің  баласы  ғаламторды  шыр айналдырған  сияқты)   құныға  оқитынбыз. Мектеп  кітапханасына  жиі  барамын. Бірде кітап  сөрелерін ақтарып  тұрып  қолыма:  «Мен  саған  ғашық едім»  деген қалақтай  ғана кітап іліге  кетті. Авторы  – Төлеген  Айбергенов екен. Өлеңдер  жинағы.  Ол кезде өлең  оқи  қоймаған кезім. Кітаптың  өзінен  гөрі,  аты  ұнады. «Мен  саған  ғашық  едім». Керемет. Үйге  алып  кетіп,  оқиын  деп  кітапханашының  алдына бардым. Жанында  бірнеше  мұғалім  бар,  әңгіме айтып  отыр. Менің  қолымдағы  кітапты  көріп,  бәрі  шалқасына  түсе  жаздады.  «Мен  саған ғашық едім»  бұны  қалай  түсінуге болады? Мектеп  оқушысы  мұндай  кітап неге  оқиды? Іші  не  жайлы екен ашып  көріңдерші»  деп мұғалімдер жер-жебіріме  жетіп  ұрсып  жатыр. Ақыры кітап ешқандай анайы  емес,  кәдімгі өлеңдер  жинағы  екеніне  көз  жеткен  соң  ғана  алуыма  рұқсат  берді. Онда  да «мұндай  махаббат  жайлы кітап  оқығанша, пионер  батыр бала  Болатбек  жөніндегі   жазғандарды  неге  оқымайсың?»  деп тағы бір  шүйлігіп  алды. Мұны   жазып  отырғаным  ол  кездегі  ұстаздар оқушыға  дұрыс  тәрбие  беретін. Жаманнан  жирендіріп, жақсыға  бейімдейтін. Бәлкім  содан  болар ол кездегі  мектеп  оқушыларында  қылмыс  жасау немесе  өзге де    ұятты  тірліктермен айналысу  болмайтын.  Болса да  сирек.  Төлеген  Айбергеновтың  сол жыр  жинағы  қатты  ұнады (Есейе  келе   сатып алдым).

Сол  жыр  жинақтағы  махаббат  жайлы  жазылған:

«Сеземін сүйген  жүрекке,

сағыну  соқпас  оңайға.

Дегенмен, қалқам  қалайда,

қалт еткен  шақта  мені  ойла» деген жыр жолдарын көшіріп  алып,  алғаш  ұнатқан  қызыма  жазып  та  жібергенмін. Кейіннен  жылдар  өте  келе, сол  жазған  махаббат  толы  хатыма  елең  етпей,  өзге  жанның  ошағын  түтеткен  қызға,  сол «Мен  саған  ғашық  едім»  кітабындағы

«Жолығар  болсам  қайта  мен,

Тағы  бір  мәрте  сол  шақпен.

Бәрінде  саған  айтар  ем,

жалғыз-ақ  тамшы  моншақпен»  деген жыр жолдарын  тағы арнадым.

Жалғыз мен  емес, сол  кездің  жастары  бәрі сүйгеніне  хат жазатын,  өздері  жаза  алмаса  өзгеге  жаздыратын. Ол  бір  мөлдір  кездер  еді. Обалы  не,  ол  кездегі  ақындардың да махаббат  жөніндегі  өлеңдері  кіршіксіз таза, тау  бұлағындай  мөлдір  келетін.

Атақты  Мұқағали:

«– Құс  боп  ұшып  жоғалсам, не  етер  едің?

– Сені  іздеумен  мәңгілік  өтер  едім.

–Отқа  түсіп өртенсем,  не етер  едің?

– Күл  боп  бірге  соңыңнан  кетер  едім.

– Бұлдырасам  сағымдай не етер  едің?

– Жел  боп  қуып  ақыры  жетер  еді.

– Қайғы  әкелсем  басыңа  не етер  едің?

– Қойшы  сәулем,  бәрін де  көтеремін, – дейді.

Қандай  мөлдірілік. Сүйгеніңе  бұдан артық  тауып айту  мүмкін  бе? Жоқ.

«Дария  жақтан  көтерілгенде,

Қып-қызыл  болып  қалқан  Ай.

Өбісіп  тұрар  от еріндерде,

Бар еді-ау  бір  күш, қалқам-ай».

Бұл  – Есенғали. Қазіргі  жастар жұлдыз санап, бетін  түнгі  саумалға өптіріп,  қырға  шықпай-ақ (қалтарысқа  бармай-ақ) көпшілік  ортасында жабыса қалады. Міне,  Есенғали  жырлаған  кезбен,  қазіргі жастардың айырмашылығы  қандай  екенін  осыдан  көруге  болады. Ал  бүгінгі ақындар махаббатты  олай  жырламайды. Олар  тікесінен былай  дейді:

Шәйі көрпе шытыр-шытыр етеді,
Шайыр төсек сықыр-сықыр етеді.
«Келші жаным, кел тағы да» дейсің сен,
«Болды» деймін, «жоқ, осы да жетеді».
Бірде майып,
Бірде жеңіп,
Ұтамыз,
Бар бұлақтың балын бірге жұтамыз.
Алқын-жұлқын,
Бөрі тартқан тулақтай,
Айдалада қалған шығар лыпамыз.
Сезім — сері,
Көңіл де — тоқ,
Серт – егіз,
Ерке бала сияқтымыз,
Ерке қыз.
Бұла күштің бұлқынысы шыдатпай,
Белден төмен сырғып кетті көрпеміз.
Көрікті сөз төгіледі кесте боп,
Ләззаттардың лағыл тасын тескен оқ.
Сен емініп,
Мен езіліп жатқанбыз,
О, құдірет…
Арғы жағы есте жоқ…»

…. Бұған  енді  дауа  жоқ. Егерде бүгінгі  жас  өскінге дұрыс тәрбие  береміз  дейтін  болсақ, қай  жерде  де  өнегелі дүниені алға  тарқан  жөн-ау.

Темірлан  БАЯЗИТ