Қайрылмай кеткен Кентавр…

Марат Қабанбай – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ көсемсөзін жаңа бір кезеңге көтерген дарынды қаламгер. Өліара кезеңде қарымды қаламынан туған мақалаларын жұрт іздеп жүріп, тұщына оқыды, мейірі қанды, риза болды.

Марат ағаның жазушылығы өз алдына. Өз ортасында мойындалған талант. Әттең, өмір болғанда ұлтқа қажетті талай сүбелі туындылар жазар еді. Амал қанша, дүние жалған деген сол, нағыз толысқан шақта, пәниді тастап, бақиға оза берді. Кезінде Марат ағамен бір басылымда жұмыс жасадым. Інісіндей көрді. Жанына жақын тартты. Кейде оңаша қалған сәтттерде сырын ақтарушы еді. Көкейінде көптен бері жүрген үлкен бір шығарманың қаңқасын сөз ететін. Бірақ тағдыр ол дүниесін аяқтатуға жазбапты. Соңғы рет аурухана төсегіне таңылып жатқанда кездестік. Төбеге қарап ойланып жатқан Марат аға, бір сәт: «Әттең, бұл Құдай азғантай ғана ғұмыр берсе, «Кентаврды» жазып тастар едім-ау. Соған жете алмай қалам ба деп қорқамын. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, олай-бұлай боп кетсем, толғағы келіп, шыр етіп жарық дүниеге шығуға аз қалған шығармам өзіммен бірге көміледі-ау. Жанымды қинайтыны сол. Оны дәл мендей жалғастырып жазатын ешкім болмас. «Кентавр» талай жыл жүрегіме ұя салған ақ қанат құсым еді. Соның қанат қаққанын көре алмаймын-ау» деп күрсінген.

Содан кейін көп ұзаған жоқ, дүниенің жалған екенін айғақтап, келместің сапарына аттанып кете барды. Дүние жалған деген осы.

Бірақ соңына өлместей шығармаларын тастап кеткен қазақтың аса бір талантты ұлы екені анық. Ал Марат ағаның қатарластары, замандастары не дейді?

 

Тұрсын Жұртбай, жазушы:

ТҰЙЫҚ ТАЛАНТ

Қазақ қаламгерлерінің арасындағы ең тұйық әрі ішкі тегеуіріні қуатты, қаламнан басқа қарапайым тіршілікке қыры жоқ, өзінің көркем қиялының ауыздығымен алысып өткен трагедиялық талант иесі Марат – Марат Қабанбаев. Бақ-талайына бұйырған балалық шақтың «кермек дәмі» оны өмірге кекті намыспен, булыққан бұйығылықпен қарауға мәжбүрлеп, кісікиік – кентавр етіп өсірді. Еркелеуді, ағайынның алғауын, жақындардың жалғасуын көрмей өткен қазақ болса, ол – Марат. Сол намыс пен булығудан арыла алмай, өмірге тісін қайраған жанталасты күймен дүниеден озды. Туғаннан талқыға салған тағдырдың шеңгелі оны фанидің соңында да алқымынан алып босатпады.

Сол жылдары ешкімнің де көсегесі көгеріп күн кешкен жоқ. Бірақ Мараттың басындағы жалғыздық пен тарығуды оның еш замандасы басынан өткерген емес. Арысы – әлем, берісі – одаққа танымал Марат өз шәкірттері пәтерден пәтер ауыстырып, жағдайларын дұрыстап жатқанда, екі бөлмеде жиырма бес жыл тұрды. Одақ ыдырап, қаңқасы көтерілген иесіз үйге әзер қолы жетіп, марқұмдар Мейрам Асылғазин, Талаптан Ахметжанов үшеуі үш жыл жөндеді. Қырғызстандағы кеңестен ауырып қайтқан ол қолқа еті қабынған дертінен құтылу үшін қаражат іздеп қалай жанталасты десеңші. Адал, ақкөңіл жары Сәуленің және жоғары оқу орнынан қол үзе жаздап күлше нан сатып әкесіне демеу болған ұлы мен сүйікті қызының аялы мейірімдері ғана оның дімкәс жүрегін жұбатты. Соңғы рет табалдырығының алдында тұрып: «Қу тіршіліктің қыспағынан құтыламай-ақ барамын. Әттең, алаңсыз аз өмір болса «Кентаврды» (роман) аяқтап кетсем, арманым болмас еді», – деп теріс бұрылып кеткені әлі есімде. Оның жан сырын бір түсінсе Тұрысбек (Сәукетаев) пен Асқар (Егеубаев) ғана түсінген шығар.

Қатар оқып, бірге қызмет істеген шағымызда байқағаным, кейде ол сәл жайбарақаттана қалса болды, өзін өзі қолдан қинайтын сияқты көрінетін. Жазғанына да, сызғанына да еш риза болған емес. Көркем сөзді аялайтыны сондай, жылына бір рет «Жұлдыздың» тапсырмасымен іссапарға барғанда әлгі көркем очерктің өзін қиналып жүріп әзер жазатын. Бар қалам күшін көркем сөзге сақтайтын. Соңынан қалмаған мұқтаждық оны өмірінің соңында белсенді публициске айналдырды. Ол қазақтың бойындағы тоқмейіл «қазақшылықпен» күресті. Бұл оны оппозициялық басылымға алып келді. Ол сол басылым арқылы «күрмеуіне келмей жүрген қысқа жіптің ұшына кендір жалғағысы келді» және адал істеді. Соңғы айларда жалақы тимеген күндерінде оның қысылғанын айтпаңыз. Біздің де «мұршамыз» белгілі болатын. Абай айтқандай: «Ағайынға күн түспек, Ол да үлкен қарғыс қой. Беретіні ең күштеп, «Бейшара» мен «Байғұс» қой» – дегеннің кейпінде еді. Оның көңілденгені кейде өзіне жараспай тұратын сияқты еді. «Жұлдыздың» жыл сайын жаңа жылды ұжым болып қарсы алу дәстүрі бар еді. Сонда міндетті түрде Абайдың «Жарқ етпес қара көңлім неғылса да» атты әнін жоғары дауыспен орындайтын. Менің ойымша, оның көңіліне сәулені Сәуле ғана түсіре алды. Өйткені ол Маратты сүйетін. Шын сүйетін. Сондықтан да сүйеу болды.

Ал жазушы Марат Қабанбаевтың көркем ойлау жүйесі, көркем әлемі, көркемдік мәнері, сөйлем құрылымы, көркемдік шешімі – қазақ прозасындағы авангардтық құбылыс болатын. Оның жазу мәнеріндегі көркем бейнелеу де, астарлы қыжыл да, қасақана қыжырыну да, психологиялық қайшылық та, сөздік құрылымы мен теңеулеріндегі кедір-бұдырлық пен қасарыса тістесу де, Мараттың дүниені көркем қабылдау түйсігі қалыптаса бастаған тұста жүйкесін билеген табиғи жазушылық мінез еді.

Мараттың талантының тұйықтығы – шығармасының тұйыққа тірелуі емес, керісінше ұзаққа бастайтын жол арнасы. Мараттың жан құпиясы –шығармаларында. Оның өзгелерден бой озып шығатын кезі де алда. Оның шығармаларының толық жинағы неге басылмайды? Мен соған таңмын әрі асыға күтіп жүрмін.

 

Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ, жазушы:

 

ҚАРАСӨЗДІҢ ҚАБАНБАЙЫ

 

Марат аз жасаса да көп іс тындырды. Көркем проза мен публицистикаға қатар құлаш сермеп, екі жанрда да қайталанбас өз қолтаңбасын қалдырды. Жазушы мұрасын екшеп, мөлшермен қарасақ, ұзын-ұрғасы жеті-сегіз томға жетіп жығылады екен. Қамшы сабындай ғана ғұмыр кешкен адам үшін бұл көп еңбек. Әйткенмен қайран Мараттың көкірегінде қаншама жауһар кетті ғой деген өкінішімізді де жасыра алмаймыз. Шынында да Марат өрге салсаң, төске озып, Құлагердей аламан бәйгенің алдын бермей келе жатқанда, сұрмергеннің жебесіне жолықты ғой! Шырылдап өмірдің етегіне қалай жармасса да рахымсыз тағдыр илікпеді. Бүгін бастап, ертең бітірем деп кесіп-пішкен талай асылы қаттауы жазылмаған күйі ішінде кетті. Үлкен өкініш сол.

Марат – шалғай шет, шекара түбіндегі бұйығы ауылда жетімдік пен жоқшылық тақсыретін көп көріп қиналып өскен жігіт. Өмірдің батпағынан оны қайсар мінез, қайтпас талабы сүйреп шықты. Бұғанасы қатпай тұрмыстың батпан жүгі белін қайыстырса да мойыған жоқ. Ауру ана, шиеттей іні-қарындастарын асырап бақты. Совхоздың майлық-сулық жұмысында қара сорпасы тамшылап жүріп кешкі мектепте оқыды. Одан соң екі-үш жыл аудандық газетте істеді…

Бір сөзбен айтқанда, Марат әдебиетке өмірден келді, өз өмірінен өнер жасады. Сондықтан оның шығармалары өмірдің өзіндей шынайы, өң-бояуында жасандылық жоқ, кейіпкерлерінің іс-әрекетіне шүбәсіз иланып, әлдебір танысыңды көргендей, әлдебір жақыныңмен ұшырасқандай жатырқаусыз қауышасың. Бұл тарапта «Кермек дәм», «Айшылық алыс жол» романдары мен тағы басқа әңгіме-хикаяттарынан жазушы тағдырының сілем-сілем іздері қылаң беретінін аңғару қиын емес. Марат жетпісінші жылдардың орта шеніне қарай әдебиет есігін айқара ашып кірді. Әдепкі жаңа талап, жас таланттар сияқты именіп, төменшіктеген жоқ, нық адыммен екпіндей енді. Бұл уақыт туған әдебиетіміздің туы желбіреп, кемеліне келіп дәуірлеп тұрған мерейлі кезеңі болатын. Шеберліктің шалқар көкжиегі ашылып, әлемдік биіктер меңгерілді. «Қазақ әдебиетінің» алтын ғасырын жасаған ұлы шоғырдың осындай асыл үлгісі тұрғанда жас қаламгердің жұртшылықты елең еткізе қоюы, әлбетте, екі талай нәрсе. Әйтсе де Марат өзінің алғашқы шығармаларымен-ақ оқушы ілтифатына бөленді. Бірінен соң бірі жарыса жарық көріп жатқан «Жиырма мен жалғыз», «Зая атылған оқ», «Се ля ви», «Бақбақ басы толған күн», «Қала және қызбала» т.б. әңгіме-хикаялары әдебиетіміздегі жаңа сөз, озық нұсқа еді. Олардың қай-қайсы да өзінің тосын табиғатымен өрекшеленді. Бояуы бөлек, әуен-ырғағы ерек.

Марат әдебиеттегі «балалық ауырумен» ауырған жоқ. Бірден қаламын нық ұстап, есейген есті шығармалар жазды. Көп оқыды, жалықпай үйренді, бірақ ешкімге еліктеп-солықтаған жоқ; талай үлгіні зерделеп, жүрек сүзгісінен өткізді, бірақ ешқандай ізді шиырлаған жоқ, қияға өрлеп, қиыннан өз жолын салды. «Соқтықпалы соқпақсыз» асу белдерде жығылған, сүрінген тұстары да, әрине, аз емес.

Жазушының мойыны озық туындыларының бірі – «Арыстан, виолончель, мен және қасапхана» дейтін хикаяты. Жазушының бұл шығармасы кезінде одақтық «Детская литература» баспасынан жарық көріп, одан ары Еуропаға сапар шекті. Германияда «Қарлы құйын» деген атпен неміс тіліне аударылды. Асыл мен жасықтың парқын білетін талғампаз Батыс жұрты зор ықылас танытып, көп ұзамай оған балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығарма ретінде халықаралық Г.Андерсон атындағы сыйлық берілді. Қарап отырсақ, Марат Қабанбай мұндай мәртебелі сыйлықты иемденген берісі қазақ, арысы иісі түрік әлеміндегі бүгінге дейінгі бірден-бір жазушы екен. Қазақ әдебиеті үшін мерей ме? Мерей! Бірақ өкінішке орай, оны тиісті дәрежесінде бағалап, елеп, ескеріп жатқан әзірге ешкім жоқ.

Марат шығармашылығының ендігі бір сүбелі саласы – журналистика. Үнемі баспасөз айналасында жұмыс істегендіктен болар, ешқашан публицистикадан қол үзген емес. Күн көрістік қарабайыр кәсіп деп қарамай оны өнер дәрежесіне көтерді, не жазса да буын бұрқыратып, бояуын ашып, түрлентіп, төгілтіп жазды. Қай мақаласын оқысаңыз да өмірдің қантамыры дүрсілдеп соғып тұрады. Еліміз азаттық алған алғашқы аумалы-төкпелі жылдарда қоғам өміріне белсене араласатын ұшқыр да жауынгер жанр-публицистика суырылып алға шықты. Оның «Қазақ, қайда барасың» атты жинағындағы үздік публицистикалық туындыларын қазақ журналистикасының інжу-маржаны десек, асыра айтқандық бола қоймас. Марат бұл шығармаларымен ұлттық журналистикамызды жаңа сатыға көтерді, шеберліктің ұтымды үлгілерін көрсетті. Енді Маратша жазу, Маратша сөз саптау үрдіске айналды. Шын мәнінде үлкенді-кішілі журналистеріміздің көпшілігі оны ұстаз тұтты. Марат қайтыс болғанда «Көсемсөздің Қабанбайы» деп қазақ журналистикасының жоқтап, күңіренгені осының айғағы болса керек.

Марат Қабанбай көзі тірісінде ешқандай атақ алып, сый-құрмет көрген жазушы емес. Қатарынан оза шапса да бәйге бұйырған жоқ. Есесіне ол өзінің жұлдызы жарқыраған талантты туындыларымен өзіне алтын тұғырлы асқақ ескерткіш орнатты. Жалған дабыраны малданып мастануды білмейтін хас талант үшін шынында да одан артық қандай мәртебе-мерей бар .

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ