Алтайдың Кербұғысы

– қазақ оқырмандары үшін қастерлі де қасиетті және оқырманы ең  көп  жазушы. Оның  әр  бір шығармасын  жұрт асыға  күтті. Ал  қолына  қалам  ұстаған  жастардың арасында  Оралханға еліктемегені  аз  шығар. Оралханша  жазу – әр кімнің арманы  еді. Оралхан Бөкеев Алтайдың мұзарт шыңдарынан бүкіл қазақ халқының заңғар көгіне самғап ұшқан темірқанат қыраны еді. Бірақ қазақ  әдебиеті көгінде жарқырап  қалай  тез  көрінсе, батуы да  тез   болды.  Егер де  Оралхан  тірі болғанда, «Осы өтіп жатқан күндер қиыннан гөрі құйынға ұқсаңқырап бара ма, қалай? Алымды, жалынды деген жастардың өзін ұйытқытып ала жөнеледі де, ұйықтата салады. Көріп отырып көзің күйеді.Өмірімен де, өнерімен де жаңа сипатта танылған Оралхан секілді айбозым (олар көбейіп кетті) қаламгерлер қазасы төңірегінде ойлағанда тағдыр бізге артықша интелектіні көпсінетіндей көрінеді: осылар қазақ жұртына ең бір керек уақытта, кемелдене бере опат болғандай бұл құдайға не жаздық?! Оған жауап жоқ. Қолдан келетіні – көзіміз жасаурап баяғы сол халыққа қарай береміз, орны толмастың ізбасар жұбанышын жұртымыздан ғана күрсіне отырып күтеміз…» деп қазақтың  тағы  бір дарынды  ұлы, үлкен  ақыны  Хамит  Ерғалиев  көзіне  жас  алып  отырып,  естелік айтпас  еді  ғой.

Қаламдастары  оны Кербұғы  дейтін. «Жүрісі де, тұрысы да кербез, жұмбақ, өр де астам, басынан сынық түймедей сөз асырмайтын түз тағысы – Кербұғы келіп қосылған…., лапылдап көп сөйлей де бермейтін, ал, айтыса кетсе, түйдек-түйдек ойларын бұлтартпайтын дерек-дәйектермен дәлелдеп, қарсыласының үнін өшіретін, жарты сағат сөйлесе, бір сөзін екінші қайталамайтын шешен…»  десетін әріптестері. Марат  Қабанбайша айтқанда, «Цензураның мың ширатылған қызыл жылан жіптерімен қол-аяғы мықтап байланған О. Бөкей кеңесті кемсітудің жолын дәл тапты; ол – қазақты биіктету, рухын ояту…

Қаламгер сондықтан да кітаптан кітапқа қазағын Алтайдың асқар шыңына өрлете берді. Ең аяғында, өзі де қасқа құлынын жетектеп, қар жамылған Мұзтаудың ұшар биігінде күнге қасқая қарап, Кербұғыдай қарысып тұрып қалды. Мәңгілікке!». Оралханның  бергенінен  берері  көп  еді-ау.

Сонау «Қамшыгер» жинағынан бастап, өз шабытына қамшы салған дарабоз дарын ең ақыры «Ұйқым келмейдіге» дейін қаншама дүр-дүниелерді өмірге әкелді.

   

 Ахат  Жақсыбаев,  жазушы:

Оралханды  ойласам

Оралханды  ойласам… ақ  жарқын, адал  достың  бейнесі  көз  алдыма келеді.  Әлі  де  тірі,  бірақ  ұзақ  сапарға  жолаушылап  кеткен  секілді   көрінеді…Оралханды  ойласам… оның  жазған    кітаптары,  сондағы  кейіпкерлер   есіме  түседі.  Бәрі де  өмірде  болған,  өзіміз   күнде   көріп,  араласып  жүргендей  әсер  етеді.  Себебі, шығармаларының   көркемдік  қуаты,  тіл  байлығы, шеберлік  кестесі  сезімді  тербеп,  ойыңды  қозғайды. Ол  журналистика  саласында  да   өнімді  еңбек етті.  Ұзақ  жылдар «Лениншіл  жас» (қазіргі  «Жас  Алаш»)  газетінде, «Жұлдыз»  журналында қызмет атқарды.   Өмірінің  соңғы   жылдарында «Қазақ  әдебиеті»  газетінің  бас редакторы  болды. Оралханның   аса  талантты  суреткер  екенін  еріксіз  мойындайсың,  еріксіз  табынасың.  Оралханды  ойласам…  онымен  замандас  боп,  қатар жүріп, бірге  өткізген  кездерім   есіме   түседі. Себебі   отыз  бен қырық  жастың   арасындағы   өмірдің   қызықты  да қымбат  шағын  екеуміз  «Жұлдыз»  журналының   рекдакциясында  он  жыл  бойына   бірге  өткізіппіз. Ол  журналдың   әдебиет  бөлімінің  меңгерушісі,  ал  мен  жауапты  хатшысы  қызметін  атқардым.  Айтуы да,  қайтуы  да  тез, өкпелеуге  бар  да, өш  алуға  жоқ,  қиқарлығы болғанмен  қиянаты  жоқ,  өр  мінезді,  терең  ойлы  азаматтың, кемел  жазушының  қадір-қасиетін  айта  берсе  ұзақ  әңгімеге  айналар   еді.  Оралхан айтатын еді:                                                                                                     «Әлемдегі мақтаулы  әдебиеттің  айдарынан  жел ескен  шоқ туындыларын  жұтынып-ақ  қолға  аламын. Амал қайсы, қызықтырмайды. Бәрі  баяғыдан  белгілі  дүние  сияқты,  таңқалдырған емес. Содан  соң  ой айтқан  тұстарын  шолып,  аттап-бұттап,  парақтай  бастаймын. Ал,  керісінше,  танымдық әдебиеттер    көп  тартады. …Өзім  де   соларша  жаза алатын   сенім  мен  сезімге  неге  басым екен  менде…».                                                                                                                            Оралхан  айтатын  еді:                                                                                                          «Мен замандастарым ішіндегі  білімдарлығы  жоғары,  әдебиет ауылына Әуезовтық  дайындықпен   келген  екі  жігітті   бөлекше атағым  келеді.  Олар – Әбіш  Кекілбаев  пен  Мұхтар   Мағауин».

Оралхан айтатын еді: «мен  әр  шығармамды  жазуға  отырған  сайын   ең алғашқы   әрі  ең  ақырғы  шығармаға кіріскендей  толқып, жүрексінемін»,                                                                                                                    Оралхан айтатын еді:                                                                                                         «Халықты  қалқан  тұтатындар  бар, халыққа  қалқан  болатындар  бар»  деп.                   Иә,  Оралханның  айтатыны  көп  еді…                                                                                                   «Бір айналдырғанды  шыр айналдырады»  деген  сөз Оралханға  тұп-тура келді.   Қыздар  иниститутын   бітіріп, ауылда  мұғалім  боп  жүрген   кенже  қарындасы  Мәншүкітің   дүниеден  ерте кеткеніне Оралхан  қатты  қайғырды. Мәншүкті аузынан тастамайтын. Мұның  алдында Әймен  деген  әпкесі  көз жұмды.   Көп  сөзі  жоқ, шаруа  баққан  әкесі   Бөкей де  дүние  салды. Одан кейін   үнемі  денсаулығын  ойлап, алаңдап жүретін  ауылдағы   анасы Күлия да  көз  жұмды.  Бұл  аз  дегендей,  өзі Қырымдағы  санаториде   демалып  жатқанда  аяулы  жары Айман  Алматыда   күтпеген  жағдайда  өзін өлімге  қиды… Бірінің артынан   бірі  жеделдете  дүние  салған  аяулы жандардың   қазасы   Оралханның  жанына  қатты  батқаны  сонша, тағдырына  налып, күйініп, күйзелген еді.Қамықса да, қиналса  да – бәрі  іште. Аузы  берік, сыр айта  қоймайтын.   Кейде оңашада «маған салған   тағдырдың   талқысы  көп еді»  дейтін.

Өзі  дүниеден  өткеннен кейін  жарық көрген «Жазушы  күнделігінің» 27 YIII 92  деп таңбаланған  бетінде   ол  былай  дейді: «Бүгін  таңертен ертемен   Семейге  ұшуым керек еді…  бара алмадым.  Қырықтың  бесіне келгенде   құдайдан жалбарынып  жүріп,  бір  ұл (Айхан),  бір  қыз  (Айжан)   сұрап алдым.   Маған  деген  тағдырдың   талқысы  көп  еді… енді-енді еңіреуден   есімді  жиып,  шүкіршілік айта  берген  кезде  аузымнан  түсіп  қалған  ботақаным – Айжанымның   бүйрегінде   жазылуы екіталай   ауру  бар  деген ауыр  сөзді  естідім.  Сең соққандай емес,   қалың  сеңнің  астында  қалғандай   халдемін.   Көзімде  жас… көңілім  үйдің  пешіндей  уілдейді… құр  сүлдерім…  не  істеймін?! Қайда  барамын?  Қарағым-ау, жүрегімді  қақ айырып,  қаңыраттың-ау! Қайтейін? Қайсыбірін айтайын?  Өзімді алып,  баламды  қалдырсаңшы, Аллам».

Алланың әмірі,  тағдырдың  жазуы  солай  болды  ма, арада  жыл  өтпей,   яғни 1993 жылы мамырдың 17 күні Оралхан Бөкей  жасы елуге толуға аз  қалғанда өмірден  өтті.

 

Тұрсын Жұртбай, жазушы:

ЕТБАУЫР

Адамға адам етбауырындай боп бауыр басып өмір сүруі мүмкін дегенге  кексе тартқан түйсік пен суық тартқан бауыр сендіре қоймас.  Бірақ оның тірі кезіндегі менің оған деген ессіз ықыласым сондай риясыз, алғаулы сезімге толы еді. Соның сартабы мен татынан, сол бір беймезгіл зауал таңда Несіпбек жарықшақ дауысымен: «Ағаңнан айырылып қалыппыз», – деген шақтағы өтім жарылып кеткендей боп тұла бойымды жайлаған ащы уыттан жиырма жыл өткен соң да арыла алмай, қаламды енді ғана қолыма алып отырмын. Мұндай суыт та суық естіртуді естігенде тыныс ала алмай, булығып қалдым. Бір кезде құрғақ ауа өксікпен қоса парлаған жас   араласа сыртқа төгілді. Іле Қалихан (Ысқақов) ағаның: «Естідің ғой, тез одаққа кел. Мәйітті жөнелтудің қамына кірісуіміз керек», – деген абдыраған дауысын естігенде барып есімді жидым. Сонда ғана барып оның бұл сапарға тосын әрі сүлесоқтау күйде  ықылассыз аттанғаны көз алдыма келді.

Соңғы уақытта оның мінезінен оған  жат шарасыз салғырттық  аңғарылып қалатын. Өзін бұрынғыдан да оңаша, тұйық ұстады. Ұшыраса қалғанда кеудесін сәл шалқақ ұстап, көзін аспанға қадап, бейне бір суретке түсетін адамдай сұлық тұрып қалатын. Ешқандай жауапсыз үнсіздікпен сөзіңді тыңдап, бір сөзбен жауап беріп,  басын бір шайқап қойып жүріп кететін. Кейде, одақта, театрда, не қонақта болсын, терезеден сыртқа ұзақ қарап, кілт бұрылып жүріп кететінін жиі байқап жүрдім. Біріне бірі ұласқан, айналасы екі-үш жылдың ішінде әкеден, шешеден, апайдан, қарындастан, жарынан айырылып, жалғыз басы сопиып қалған, кеудесіне толған шерді төгіп алатындай өзін-өзі ауырлап, адымын ауырлап басқан зауалды шақта да  мұндай мінезі байқалмаған. Ол мұндай зауалды өзінің жалғыздығын көңіл аңсарына айналдырып алғанынан көріп: «Сен балаңнан да айырылып көрдің. Мен де ол да жоқ. Мұңға әуейі болмау керек екен. Ол бұлт сияқты, мұңға мұң шақырады екен. Мен, міне, енді шын шерменде болдым», – деп жұмыстағы жазу столының үстіндегі әйнегінің  астындағы Айманның суретіне мұңая қараған. Әйнектің қалтарыстау бір бұрышынан мінезі де, түрі де өзінен аумайтын, еркешора  қарындасы марқұм Мәншүктің ауылда түсірілген шағын суретін байқап қалдым. Кеудені сазытқан ондай аянды сары мұңды дүниеге келген шикіөкпелер – Айхан мен Айжан сейілтетін шығар деп ойлағамын: «Зарығып көргендіктен шығар, күндіз-түні көз алдымнан кетпейді. Құмарым қанбай жылап тұрып иіскей беремін. Көз алдымда тұрмаса көз жазып қалатындай үрейленемін. Бұл сезімнен арылу керек шығар. Әзірше, ұзақ күттім ғой, құмарымды баса тұрайын деп жүрмін», – дейтін ақталғандай боп. Оның санасына ұялаған мұндай табиғи қарама-қайшы ойлардың еш ерсілігі жоқ сияқты еді. Мен оны басқаға, яғни, өзгерген ошақтың райына жорығамын. Соңғы жылдары тек жұмыста ғана тіл қатысып жүрдік. Бұрынғы елжіреп, өзімсініп тұратын жан жылуы салқын тартқандай еді.                                                                                          …Жол жүретін күні кеңсесіне бардым. Кірімді-шығымды кісі боп,  тереңдеп кете алмадық. Екінтіге орай Делиге ұшуы керек. Барға барып кофе іштік. Түстікке үйіне бармай қолжүгін жүргізушісі  Махмұдқа алдырды  да, иығына асып жалғыз өзі әдеттегідей басын көтере ұстап көлікке беттеді. Ешкім шығарып салмады, оған өзінің де ықыласы болмаған сияқты. Аэровокзалдан Талғат (Кеңесбаев) күтіп алмақ көрінеді … Жазушылар одағының есігінің алдына тұрып көзіммен шығарып салдым. Әдетте бір-екі ауыз емеуіріні болушы еді. Ол да жоқ.  Ұзын шашы иығын жапқан жотасын беріп теріс қарап жүріп кетті. Қайтып оның беті бері қарағанын көру маған бұйырмапты.

…Қарашаның бір кешінде театрға бардым. Спектакльден соң Ор-ағаңды көріп қап, сәлем беріп ем, жанына сымбатты, аялы жанарлы, шашын түйген ажары ашық келіншек келіп, қолтығынан ала берді: «Мына сұлу келіншек менің әйелім. Аты – Айман. Көзін қарашы, көрдің бе, қандай аялы, жуылған мойыл сияқты. Мұндай аялы көз Алматының келіншектерінде жоқ. Ал мынау менің бауырым…», – деді сондай бір масаттанып. Бірінші Алматыда, Сейфуллин көшесінің бойында пәтерде тұратын кезі. Аялдамаға шығарып салдым. Сөйтіп, аяулы Айман жеңешеммен де таныстым. Мұның өзі арамыздағы жылылықты бұрынғыдан да мейірлендіріп жібергендей болды. Желтоқсанның екінші жартысында университетте М.Әуезов үйірмесінің дәстүрлі әдеби кеші өтті. Бес жүз адамдық мәжіліс залында ине шаншар орын жоқ. Мұқағали мен Тұманбайдан соң жастарға кезек берілді. Кеңшілік өзінің әйгілі «Көк өгізін» оқыды. Бір уақытта Бекділда   шығып: «Арамызда шашы ұзын шала Шекспир, толмаған Толстой пайда болыпты. «Алтай қазақтарының тілі» деп, Сәбит Мұқанов айтқандай, қытай қазақтарының тілімен қайдағы бір қияли кейіпкерлерді суреттейді. Бурамен поезды соғып, рельстен шығарғысы келеді. Көнені аңсап, қамшыгерді жазады. Мына дүниеауи құбылыстан хабарсыз көл жағасында жалғыз мекендеген, өзінің абыройын төгіп алғанын сезінбейтін қызды суреттейді. Дафнис пен Хлояны, «Қорғансыздың күнін» жаңғыртқысы келеді…», – деп өрекпи сөйледі. Ол кезде Бекділданың да бас асауы басылмаған шағы еді.

Зал дуылдап кетті. Шешен мінбеден түсер түспестен Ор-ағаң орынынан көтерілді. Сұлтанғали Садырбаев ағамыз: «Оралхан! Ораш! Сабыр! Сабыр!», – дегеніне қарамастан сұқ саусағын шошайтқан күйі мінбеге шықты да: «Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов: ит қапты деп мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады деген екен. Мен де аузымды былғағым келмейді», – деп мінбеден түсті де, басын шалқайта ұстап қайқая адымдап сыртқа шығып кетті. Зал үнсіз тынып, Ор-ағаңның соңынан көзімен ұзатып салды. Ол сол мінезімен шешеннің де, кешті жүргізушінің де, тыңдаушылардың да мысын басты.  Бұл – әдеби ортадағы айтысты тұңғыш көруім еді, дымым шықпай қалды. Сөйтсем, ол өзі кәдімгі пікір алысудың қалыптасқан желісі сияқты үйреншікті жай екен. Қыс айларында «Ұйқым келмейді» атты ұзақ әңгімесі жарияланды. Кәнігі оқырмандар: Оралхан өзінің басындағы уайымын жазған – десті. Қандай уайым? Үй алды. Құттықтап барып ем: «Балам болғанда ғой мен де үш бөлмелі пәтер алар едім», – дегені. Жүрегім шым ете қалды. Айман жеңешемнің аялы жанары мұңға толып тұратыны елестеді. Терезеге көзі жасаурай қарайды. Менің көзімнен де бір тамшы жас мөлт ете қалды. Орнымнан күбірлей қоштасып, сыртқа шыға бердім… Өмір кіл мұңнан тұрмайды ғой. Көңілді, күншуақ сәттер де көп болды. Алайда сондай шақтарда Ор-ағаңның дауысын шығарып қарқылдап күлгенін естімеппін. Ақырын ғана мырс етіп, ішінен күледі екен.

…Жыл сайын «Жұлдыздың» жұлдыздары жаңа жылды Алматы қонақүйінің мейрамханасында қарсы алады. Бұл өзі бір жыл сайын аңсап күтетін күн еді. Үй-ішілеріміз де араласып, бір-бірін танып, жақын араласуға негіз қалады. Сол күні Бекежан Тілегеновтен басқа ән айтып, өнер көрсетпейтін адам болмайтын. Тек қана Ғафакеңнің өзі ғана айтатын Қасымның «Дариға сол қыз» әні қандай еді. Ор-ағаң «Алтайдың әні былай…» – деп «Ахой, аха-хоуға» салатын.  … Ор-ағаңның «Біздің жақта қыс ұзақ» атты хикаялар жинағы шықты. Жыл қорытындысында жеңіл-желпі ғана аталды. Мемлекеттік сыйлыққа кезекті шығармалар ұсынылды. Ең соңында Ор-ағаң екпіндей мінбеге көтеріліп: «Жолдастар! Биыл Оралхан Бөкейдің «Біздің жақта қыс ұзақ» атты хикаттар жинағы жарық көрді. Ұсынған шығармалардан бір артық-кемі жоқ. Қайта құрудың нақты тынысы бар. Мен сол дүниені ұсынамын. Ұсынысты хаттамаға қосып, дауысқа сауларыңызды өтінемін», – деді де түсіп кетті. Сол жинақ хаттамағаға кіргізілді, одақтағы талқылаудан өтті, мелекеттік сыйлық та алды. Міне, бұған ол кісінің актерлік қабілеті әсер еткені анық. Шығармалары Мәскеуде аударылып шыға бастады.  Осыдан кейін Ор-ағаңның өміріндегі жаппай сәтсіздік кезеңі басталды.

Мен жазушылар одағынан ғылым академиясына ауысқандықтан да кездесу де сиреген кез. Қырымға кеткенін білемін. Әлдебір жұмыспен бірінші мамыр мерекесі қарсаңында одаққа кіріп бара жатқанымда қарсы алдымнан Айман жеңешем шыға келді. Қуана амандасып ем: «Мына кісі менің папам. Соны дәрігерге қаратып жүрмін. Кіре кетейінші деп келіп ем…» – деді де, кенет үлкен жанары жасқа емес, сондай бір өкінішті мұңға толып кетті. Үлкен кісінің жағдайы үмітсіз болды ма екен деген оймен: «Жазылып кетеді. Алаңдамаңыз. Аға келген соң бәрі де реттеледі», – дедім албырап. «Ағаңды енді көрмеймін… Қош», – деді де әкесін қолтықтап сыртқа беттеді. Төбе құйқам шымырлап кетті. Әлібектен, Дидахметтен мардымды жауап алмадым. Тек Қуанышбай аға ғана: «Қиын боп тұрғаны рас. Оралхан ағаңның өзі демалысын бітірмей, мерекеден соң келеді. Соған дейін шыда…», – деді телефоннан. Шынымен, ақсақал үмітсіз бе, әлде… Бір тікеннің жүрекке қадалғаны рас еді. Тағы да таңертең, тағы да сол дауыс: «Одаққа тез жет. Айман жеңешең оқыс қазаға ұшырапты», – деді. Қуанышбай ағаның: «Екі-үш күн болды, Айманның қасындамыз», – деген дауысы қатты алаңдатып еді. Мерекеден соң Айман жеңешем қызметке, ол кісі үйіне кеткен. Содан кейін Айман жеңешем пайғамбардың ақ жолынан адасып, ажал баспалдағын аттапты… Қалиқан ағаның бөлмесіне кірсем, Қал-ағаң, Әлібек, Дидахмет, Несіпбек төртеуі үрпиісіп отыр: «Үйдің есігі берік. Сені күтіп отырмыз інісі деп. Есігін ашайық…», – деді Қал-ағаң. Несіпбек одақта қалды. Төртеумізді көршісі Сайымжан Еркебаев қарсы алды. Кілтті менің қолыма берді. Бөлме сол қалпы. Жүгіріп Ор-ағаңның жазу бөлмесіне бардым. Ашық ақ қағаздың бетіне: «Ораш! Қош бол, Ораш! Бақыт тілеймін. Мен саған толық бақыт сыйлай алмадым. Ораш! Не істедің? Рас па? Қош, Ораш. Енді мен саған жоқпын. Қош. Айман», – деген мазмұндағы жазуды оқыдым. Қал-ағаңды, Әлібекті, Дидахметті сол бөлмеге шақырып оқып бердім де, хатты Қалихан ағаға ұсындым (ол хат кейін прокурордың тергеу ісіне тіркеліпті). Төртеуіміз сол бетінде Ленинград көшесінің бойындағы №4 емхананың мәйітханасына бардық. Қайран аймаңдайлы Айман жеңеше! Кезекші хирургке жолығып едік: «Емханаға келгенде есі кірді. «Бәріне де өзім жазықтымын. Ешкімді кінәламаңдар», – депті. Аман алып қалудың мүмкіндігі болмапты. Ертеңінде еңіреп Оралхан ағаның өзі жетті. Мұны көріп, дауысын естіген адам, оны жеткізуге «ботадай боздады» деген сөздің аздық етерін мойындар еді. Содан бастап Ор-ағаң  қабақ көтеріп қана амандасып, жақын сырласуға бармай, мені шеттете бергендей болды. Бастапқыда түсінбедім. Соңынан естідім. Үйленіпті. Айхан келді дүниеге, Айжан келді дүниеге… Кеңсесіне барғанымда әйнектің астынан Айман жеңешемнің суретін көретінмін. Шығармашылық туралы айтсақ та ашылып кетпей, тұйықталып жүрді.

Делиге ұшарда …көңілсіздеу күйде аттанып еді. Оралхан да өтті өмірден. Сол кезде  етбауырындай жабысып үйренген  жалғыз мен ғана емес,  бүкіл қазақ даласы өксіп тұрғандай сезілді. Екінші өмірі ешкімге салмақ түсірместен тілеулестерінің арқасында мәңгілік жолға түсті. Шындығын айтсам, Оралханның балалары Айхан мен Айжан бізді жатырқап өседі-ау деген ой ешкімнің қаперіне кірмеп еді. Сағыныш пен мұңға аңсары басылмаған ғұмырдың іңкәрінің нысанасындай болып олар да ер жетті. Ұзақ ғұмыр, толық бақыт берсін. Ғалия қарындасыммен жақын араласа бастағаннан кейін сол өксігім жеңілдегендей болды. Жиырма жыл бойы сан оқталып жаза алмаған естелікті де жаздырған да сол басылмаған өксік.

(естелік  қысқартылып алынды)

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ