Әпкем менің…

Бұл  пәниді  тәрк  етіп,  бақиға аттанғаныңада  үш жыл  өте  шығыпты. Уақыт-ай  десеңші. Бәрі  де  күні  кеше секілді  еді. Аман-сау  шапқылап  жүрген  күндер…   Менің  азамат  болып  қалыптасуыма үлкен  сүйеу,  тірек  болып  едің. Енді сырымды кімге  ақтарамын,  мұңымды кімге шертемін,  кімге еркелеймін,  кімге  өкпелеймін… Жатқан  жерің  жайлы  болсын  апатайым!  Мынау  өзің  өмірден  озған кезде  жазған  естелігім еді..

…Неге екені қайдам, соңғы рет ауруханадан шыққанда-ақ  әпкемнің бұл дүниенің  адамы емес екенін  сезінген  едім. Құр сүлдері  қалған. Көзінде нұр жоқ. Мына беймаза тірліктен шаршағаны  көрініп тұр. Өңінен  аурудың әбден өтіп  кеткенін байқауға болатын. Самарқау. Сүлесоқ.  Алматыдан ауылға  аттанып  бара  жатқанда,  құшақтап  бетімнен сүйді.  «Аман  бол. Дұрыс  жүр.  Аянға қара»  деді.  Бұл оның  «қош  бол,  енді көріспеспіз. Аянды  саған  тапсырдым» дегені сынды    естілді.  Аян    деп  тұрғаны, артында  қалған жалғыз тал баласы.  Жүрегім  қан жылап тұрса  да «әлі  келесің ғой. Жазыласың» дедім.  Көзіме  келіп қалған  жасты  көрсеткім келмей, бұрылып кеткенмін.  Содан  кейін-ақ  көңілім алабұртып  ауыл жақтан  естілетін  жайсыз   хабарды күткен  едім. Көп ұзамады. Араға  ай  салмай  бір күні түнде  «Раядан айрылып  қалдық» деп булыға  жылаған қарындасымның  дауысын телефоннан  естідім. Ертесін  жиналып жолға шықтық.  Алматымен ауылдың арасы шамамен  мың шақырым.   Жол  ұзақ. Автобустың  терезесінен  сыртқа қараған күйі  ойға  баттым. Әпкеммен  бірге жүрген күндер  үзік-үзік болып  көз алдымнан өтіп жатыр…                                                                                         …Бүлдіршін  кезіміз. Үйде  қаз-үйрек өте  көп. Содан  болар,  бір уақ  оларды айдап шығып, бақшаның  ар жақ   түбінде ағып  жатқан  тоғанға  барып, бағамыз.    Қаз- үйрекпен бірге   тоған  суына түсіп  біз  мәзбіз.    Жанымда әпкем – Рая.   Жас айырмамыз ­- төрт жас. Бізге  бас болатын  сол. Бір топ  бала  шу-шу  етеміз.  Қаз-үйрек  тек  бізде ғана емес, сол кезде бүкіл көршілерімізде   көп еді.  Осында жүрген  шуылдақтардың бәрі   қаз-үйрек бағып жүргендер.   Лай  суға түсуден шаршаған соң,  тоғанның   шетіне отырып алып,   балшықтан үй  соғамыз.  Одан қалса,  «папа-мама»  болып ойнаймыз. Бізге  көрші  Кәбір деген   кісі   тұратын. Соның менімен шамалас  Роза деген қызы бар.  Мен «папа»,   Роза «мама» болып  ойнаушы едік.  «Розаның  мұрынан  боғы аққан. Жаман.  Оданда «мама»  мына Фарида болсын.  Әдемі қыз» деп әпкем  үйі  бізге  жақындау тұратын Сәлиқар деген кісінің  Фарида атты  қызын «мама»  болып  ойнауға тықпалайтын.  «Роза  жақсы»  деп  әпкеммен  шыр-пыр  болып  айтысып жатушы едім…  Кейде  «Құстар, құстар сызылтып ән салады, сол әнімен  тербетеді  даланы»  деп  құйқылжытып ән салатын  кездерде  болушы еді.    Өйткені  ауылға  егістік  жақын.  Соған  топ-топ тырна  келіп жайылатын. Өңкей  ұсақ бала шулылдап ән салып жатқанда  сонау-у  аспанда  тырналар  шеру тартып,  «тыраулап»  ұшып бара жататын.  Қайдам  ол бір  керемет, алаңсыз, мұңсыз  кездер еді.   Әпкем  Раяның ән  салғанын көрсең, дауысы  қандай  ғажап.  Қайдам, ән айтып отырып, тырналар  көз ұшынан  жоғалып  кеткенше, мұңая  қарайтын…

  Әпкем менің…

Кішкене  кезімізде   ауылға қар  қалың түсуші  еді.  Омбылап  жүрудің өзі  мүмкін емес. Үшінші сынып  та  ма,  әлде  төртінші  сыныпта  оқып жүрген кезім  бе екен,  есімде жоқ.  Бір оқиға  болды. Қыс  келіп,  қалай  жерге  қар түседі,   мектепке   есекке  мініп баратынмын.  Онда  да өзім  емес. Көрші үйде  Мамырбек деген  үлкен ақсақал тұрды.  Дәу көк  есегі бар.  Менен бір  сынып жоғары  оқитын Сайлау  деген немересі  бар.  Сол екеумізді  есекке  мінгестіріп, мектепке  жеткізіп тастайтын.  Балалар қар  кешіп мектепке  бара жатқанда,  аттай  дәу  көк есекке мінгескен   Сайлау  екеуміз қар  омбылағандарға тілімізді  шығарып,  соқтыртып  бара  жатар едік. Баламыз ғой,  таңғы ұйқыдан тұру  оңай емес. Ұйқылы  -ояу  киініп  бола  бергенде  Мамырбек  ақсақал келіп  қалады.  Әкем есектің   артына көтеріп  отырғызады.  Ақсақалдың алдында   Сайлау,  артында  мен. Көк есек қарды  омбылай  тыпыңдай  жөнеледі. Бір күні  ұйықтап кетіп, есектен  сыпырылып түсіп қалыппын. Оны  Мамырбек  ақсақал  байқамаған.  Біреу «тұр,  тұр, не жатыс, үсіп қаласың» деп қояды.   Сөйтсем әпкем Рая екен.  Қар  үстінде  шалжиып ұйықтап  жатсам керек.  Үсті-басымды қағып  жатыр.  Мектепке  менің  артымнан  іле –шала шыққан ол  қар  үстінде  қарайып  жалғыз  жатқан  мені көріп  алғашында шошып  қалыпты.  Сосын  жайбарақат  ұйықтап жатқанымды  байқап,  «ух»  десек  керек-ті.  Қары  күрелген   үлкен  жолға  дейін  біраз бар. Рая  мен арқалап алып, омбылай  жөнелді.  Кішкене  болса да  шақар.  Қарға  малтығып  келе жатса да   мені құлатпай  тартып келеді.  Ара  -тұра  «тү-у  қандай ауырсың» деп  қояды.  Үлкен жолға  да жеттік-ау.  Анау  жақтан  есегін желдіртіп Мамырбек ақсақал  келе жатыр.  Менің   жоқ екенімді енді аңғарса  керек. Әпкем мені  аттай  дәу есекке әрең көтеріп  мінгізді.  Мамырбек ақсақалды тастай  қылып құшақтап  алып,  мектепке  қарай тарта   жөнелдік.  «Құлап  қалма, байқа»  деп  Рая артымыздан   дедектеп  жүгіріп келеді.

 Қайран әпкем  менің….    

Ауылда  әр отбасында ұсақ  мал, қой-ешкі  жетерлік.  Содан  жиырма-отыз үй  келісіп,  кезектесіп  қой  бағады.  Кезек біздің үйге келеді.  Ондайда   қойды  бағатын  Рая екеуміз. Менің барғым келмейді. Өйткені  күн ұзақ,  күн  ыстықта малдың соңынан  салпаңдап  жүргенің.  «Жүрші, мен саған  керемет ертегі айтамын»  деп  әпкем мені қоярда   қоймай  ертіп  алады. Кішкене  кезімнен  кітап оқуға құмар едім.  Содан болар,  «ертегі  айтамын,   кітап оқып  беремін»  десе,   әпкемнің  артынан еріп жүре  беретін әдетім  бар. Қойды  Көрпебай  жотасынан асырып жіберіп,  жартасқа  отырып алып  Рая  не бір қиял-ғажайып әңгімелерді айтатын.   Ойы  жүйрік еді. Сол айтқандарының көбін ойдан құрастырып,  қисынын  келтіріп соғатын.  Аузым ашылып, мен отырамын.  Бірде  «анау-у-у   жалғыз  бәйтеректі  көрдің бе,  соның ар  жағында  өткенде  қой бағып жүріп   төрт  құлақты зиратты  көріп едік қой.  Ішінде  қара  тал өсіп тұрған.  Соны жұрт  «Талдыбейіт»  деп атайды.   Сол бейіт  жайында   мынадай  аңыз бар»  деп әпкем бір әңгімені бастады.   Өзен жағалап  жайылып  бара жатқан  қойдың соңынан көз тастап  қойып,  әпкемнің айтқандарын  тыңдап отырмын.  «Баяғыда осы  өңірде мейманасы тасқан бір бай  өтіпті. Оның  күн  десе  көзі, ай  десе аузы бар   жалғыз қызы  болыпты.  Қыз бойжетеді.  Оған сөз салушылар да,    баймен  құда болғысы келгендер  де  көбейеді. Бірақ сұлу    бойжеткен  ешкімді көзіне  ілмеді. Уақыт  өтіп жатады.  Бірде   қызды  ауылға   жалғыз атты, домбыра  өңгерген  бір сері келеді. Әлгі  әнші  сері  байдың үйінде  жатып, бірер  күн жастардың басын қосып,  ән  айтып, айлы  түндерде алтыбақан құрғызып,  ойын-сауық  жасайды. Ай астында  әуелете  салған  жігіттің әні де, өзі  де  бойжеткенге ұнап   қалады.  Жігіт те   ару  қызды  жақсы көріп қалып,  ауылдан кеткісі келмейді.   Қыз бен  жігіттің  бір-бірімен сөз байланысқаны  қыздың әкесіне  ұнай қоймайды.  Өйткені    ол өзі  секілді   төрт  құбыласы түгел,    жайылымы  малға толы бай-бағланмен  құда болғанды  жөндеп  шешкен –ді. Жалғыз атты,  қарасирақ   кедей жігіт  қанша  әнші-күйші болса  да,  аунап-қунап  жататын жыртық та  болса  үйі  болмаған соң, қыздың  әкесіне  жақпайды.  Ретін  тауып оған  ауылдан тездетіп  кетуін талап етеді. Сөйтіп әнші жігітпен  қыздың әкесі сөзге келіп қалады.  Жігіт ауылдан  қуылады.  Бірақ  қызбен сөз байласқан  жігіт  ретін  тауып айлы  түндерде  қызбен  қыр астында  кездесіп жүреді. Сөйтіп жүргене қыз жүкті болып қалады.   Уақыт  өте  келе  қызының үйде отырып аяғы ауыр  болып қалғанын білген  бай, жігітті  ретін  тауып  ұстап  алып,  аттың  құйрығына   байлатып  жібереді.  Байқұс  жігіт  жапан түзде  солай  шейіт  болады.  Мұны  қыз білмейді.  Келем  деп кеткен  жігітін күтумен   жүре береді. Күн  артынан  күн   өтеді, ай  артынан  ай өтеді. Жігіт  жоқ.  Іс-түссіз.  Әкесі де  үндемейді. Уақыты  келген   соң, қыз босанады.  Өмірге  балпанақтай  ұл әкеледі.   Бірақ әкесі келмейді.  Сүйгенін зарыға күтумен өмірі  өтіп бара  жатқан қыз,  ауруға шалдығып,  құсалықпен   өмірден озыпты.  Анау   ортасына   қара  ағаш өскен, төртқұлақты   бейіт  сол мұңлықтың  бейіті  екен» деп әпкем әңгімесін аяқтаған.  Көзінде  мөп-мөлдір жас бар екен.   Өзі айтқан аянышты  әңгімеге   өзінің   көңілі босаған  секілді.  «Қойшы  қайдағы   бір аңызға  бола жыламай» деп  әпкемді  жұбатып  қоямын.  «Сүйгенін зарыға күтіп, құсалықпен  күн кешу  оңай  емес  қой».  Осыны  айтқан  ол   сонау көз  ұшында  бұлдырап   тұрған   жалғыз бәйтеректен көз    алмай  ұзақ отырды…

Қайдам,   ол  кезде  әпкем кейін   өзі де сол  әңгімедегі  қыздай сүйгеніне қосыла алмай,  тек  одан бір  ұл  көріп, өмірін  зарығумен, күтумен  өткізерін   сезінбеген  болар-ау… Жылдар  өтіп  жатты. Ер жеттік,есейдік.  Бірақ  та, тете  өскендіктен бе,  әпкем   маған  қай  жерде,   қай  маңда  жүрмейін,    тіреу  болды, сүйеніш  болды. Барын  аузыма  тосты.  Ол  Каз-ПИ де, мен Каз ГУ  де  оқыдық.  Жұмыс істедік. Үйлендік.  Бірақ  оқудың соңына  түскен  әпкем  тұрмысқа шықпады.   Сөйтіп жүріп жастық  шағын өткізіп  алды.  Биология  ғылымының кандидаты болды.  «Жақсы  көретін адамым  бар»  деп  жүретін.  Содан  бала  сүйді.  Бірақ бірге  тұрмады.  Амал  қанша,  ғылымның соңына  түсемін деп  шапқылап жүргенде белгісіз ауру  жабысты.  Қырық  екі  жасында  жабысқан  сол  ауру   ақыры алып жықты…

Он  екі жыл  бірде Өскемен,  бірде Алматының  ауруханасына  жатып,  өлі  мен  тірінің ортасында  ғұмыр  кешті.

Әкемнің  жанына  қойдық. Елу төрт  жыл өмір сүрді. Бұл аз ба, көп пе білмеймін. Топырағың  торқа  болып, пейіште  нұрың шалқысын әпке!..

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ