Жауһар жырлардың иесі еді…

Қайрат  Әлімбек

Өмірдің  өзі  ағыс  қой… тоқтаусыз  ағыс!

Білмейміз  оны… Бүгін де,  кеше де  күлдік.

Кетпейді  бәрі  адамның   жоқтаусыз  алыс

Сұралар  бір  күн, өйткені – өше  ме  тірлік?! – деп  баяғыда алғашқы тырнақ  алды   жырларының  бірін осылай  өрнектеп  еді.  Өзі  жазғандай  Қайрат «жоқтаусыз  кететін  адам»  емес-тұғын. Тау  өзеніндей  арынды, дала  өзеніндей терең жырлары  тұрғанда  оны жырсүйер  қауым  ұмыта  қоймасы   заңдылық.

Ақын боп  өмір  кешіру  оңай  деймісің,  қарағым,

Аузында  болу  бұл  өзі   сыздаған  барлық  жараның.

Көкірегіне  құйып  ап  әлемнің  асқақ  бар   әнін,

Қосудың  арпалысы  бұл – тоғыспас   жолдар  торабын.

Нахақтан күйіп   баратса  нұрлы  күн үшін   бір  тұтқын,

Кес-кестен   барып  кеудеңді   оғына  тосу  мылтықтың.

Қалдырмау  үшін ұятқа    күнәсіз  мынау  дүниені,

Жамау  қып  басу  өзіңді   аузына  барлық  жыртықтың, – деп  Төлеген  жазғанындай, Қайрат дәл сондай  ақын еді.

Тілге  тиек етіп  отырған жан, қазақ  жыр  әлемінде өзіндік  орны  бар Қайрат  Әлімбекпен сонау  тоқсаныншы жылдардан  бері  таныс-біліспін.  Бірақ  тым  жақын  араласып көрген емеспін. Ара-тұра  жолығысып  қалғанда  аман-сәлемнен артық сөйлесіп  көрмеппіз. Тек  бірде  ойда-жоқта  ұшырасып, шай  қайнатым уақытта біраз  сыр  бөлісіп  едік. Сол  тоқсаныншы  жылдардың  алғашқы жартысында «Арай»  жастар  журналында жұмыс  істеп  жүргенмін. Бірде  редакторымыз  Әшірбек  Көпіштің  тапсырмасын уақытында  бітіре алмай,  күн  сенбі  болса да барып,  мақаламды  аяқтап, көңілім  тоғайып  жатақханаға (баяғы Каз Гу-дің 5 жатақханасы) қайтып  келе  жатқанмын.  Мінген автобусымның нөмері – 61. Ыңыранған  сары автобус Әл-Фараби  даңғылымен  келіп, Каз-Гу-дің аялдамасына  тоқтап, ары  кететін. Кешкілік кез. Сенбі  болған  соң  ба, автобуста адам аз. Ең соңғы  теріс  қараған  орындыққа  отырып,  ойға  шомғанмын. Фурманов  көшесімен жоғары  өрлеп  келе  жатқан  автобус  келісі  бір аялдамаға  тоқтап, жүре  бергені  сол  еді. Терезеге  қарап    ойға  батқан менің  иығыма біреу қолын  салып, «Ұлықбеков теріс  қарамай,  бері қара» деген  дауысқа  жалт  қарадым. Сүйтсем  жымия күліп Қайрат  тұр екен  жанымда. Орындыққа  жайғасып  жатып, қайдан  келе  жатқанымды  сұрады. Журналдың  жұмысымен  жүргенімді айттым. Содан  кейін-ақ әңгіменің  түйіні  ағытылып  жүре берген.  Қазақ  поэзиясының  алыптары, дүниеден ерте  озған Мұқағали, Төлеген  жөніне біраз   сыр ақтарды. Одан секіріп  Жұматай, Кеңшілік  секілді өзге де  талантты ақындар,  қатарластары  жөнінде ой  қозғады. «Сені ара-тұра  республикалық басылымдар  беттерінен көріп қалушы едім. Өлеңдерің тәуір.  Соңғы кезде   зыя-зия жоқсың. Студенттік  өмірдің қызығына  батып, қаламды  ары  ысырып  қойған  секілдісің. Бірақ  мынаны  ұмытпа, не жазсаң да  жас  кезіңде  жазғандай болмайды. Нағыз төгілте  жазатын  кезің  осы. Уақытты өткізіп алма. Құдай берген талантты дұрыс пайдалан. Поэзия  – киелі  дүние. Жүрдім-бардым  қараған  адамға, теріс айналады. Кейбіреулер «өлең  жазуды  тастап  кеттім»  деп  жатады.  Өтірік. Ешкім  өлеңді  тастап  кетпейді,  керісінше  өлең оларды  тастап  кетеді»  деп ағалық  ақылын  айтты.

Сәлден  соң «өлең оқышы» деді. «жазғандарымды  жаттамаушы  едім»  деп  қашқақтап  едім, қояр да қоймады. Сосын  біраз  күн  бұрын қағазға  түсірген «Өлген адамның  монологы» деген өлеңімді  оқып  бердім.  Ойланып барып, «жақсы  өлең  екен. Бірақ  жассың ғой. Өлім  жайлы жазып,  мұңға бату  әлі  ерте»  деді. Сүйткенше  болмай автобус  КазГудың  аялдамасына тоқтады. Қоштасып,  мен  түсіп  қалдым. Қайрат «бір  жұмысым  бар  еді»  деп   ары  кетті. Одан  кейін  қайтып жолымыз  тоқайласып  көрмепті.

Бір  қызығы ол мені  еш уақытта  атымды  атамапты. «Ұлықбеков,  қалайсың?»  деп  қоятын  кездесе қалғанда. Амал  қанша,  өзгеге ақылын айтып, жақсысына сүйініп аңқылдап  жүрген  арда  азамат,  ғажап  дарынның, керемет жауһар жырлардың  иесі  кенеттен  болған  жол апатынан  қайтыс  болды. «Өмірдің  өзі  ағыс  қой… тоқтаусыз  ағыс!»  деп  өзі  жазғандай, уақытта  тоқтам бар  ма?Амал  қанша? Аман  болғанда поэзия  сахнасында күнше  күркіреп  жүрер  ме  еді? Бірақ  тағдыр  оны  жазбапты…

Қуат Қайранбаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:

– «Жа­рату­шыға да жақсы адамдар керек» деп жатады жұрт. Осы сөз Қайратқа қа­ра­тып айтылған сияқты көрінеді. Өйткені, айналасына шуағын шашып, алыс-жақынға қол ұшын беруге құлшынып жүретін ол аз ғана ғұмырында барынша жақсылық жасауға асыққан екен-ау!
Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай де­се­ң­ші! Бәрі де күні кеше сияқты еді. Қайратпен тұңғыш рет Ақсу ауданында жылма-жыл өтіп тұратын «Ілиястың ізбасарлары» атты жыр мүшәйрасында ұшырасқанбыз. Қа­ратал ауданынан келген жас ақын өрнекті өлеңдерімен оза шауып, жүлдегерлер қатарынан көрінгені есімде. Араға уақыт са­лып ҚазМУ-дың қалашығында қайта жо­лықтық. Бөрілітөбе аудандық газетінде бірге қызмет жасап, журналистік жолыма бағдар берген ақын Жомарт Игіман екінші рет таныстырған. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін оқуға түскен мен үшін Қайрат тәжірибелі, ересек көрінді. Адам баласына қылдай қиянаты жоқ, ақ­жарма жүректі ақынмен арамыздағы ал­ғаусыз достық алғашқы сәттен басталды деп топшылаймын. Олай дейтінім, сол бір өзара сыйласым мен бір-бірімізге де­ген құрметке бір сәт көлеңке түскен емес.
Жалпы, «ақындық – Алланың адамға бер­ген сыйы» деп жатады. Олар былайғы жұрт­тың назарына іліге бермейтін, көзіне ша­лынбайтын жайларды көңіл терезесімен аңғарып, тылсым түйсігі арқылы сезінеді дей­тіндер де бар. Ол жағын анықтап айта ал­маспын, алайда, ақындарға дархан жү­рек пен даладай көңіл тиесілі екеніне күмә­нім жоқ. Қайратқа осы қасиет ерекше мол дарыған еді. Әлгінде айтқандай, ол сол студент кезінің өзінде бәріне қамқор бо­лып, үнемі біреулердің мәселесіне кө­мек­тесу үшін алашапқын болып жүретін. Ондайда өз шаруасын да жиып тастаудан тайынбайды. Адамдарға осыншама іңкәр көңілмен, ыстық ықыласпен қарайтын екін­ші бір жанды кездестірдім деп айта ал­маймын. Жасы кіші болса да жоғарғы курс­тың студенті ретінде мені де қам­қор­лығына алып қояды. Ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырғанда өлең оқи­тын­дардың тізіміне іліктіріп, «жас пері­лер­дің» жанына қосуды да ұмытпайды. Ондайда: «Сенің жасың үлкен болса, менің жо­лым үлкен» дейтін әзілдеп. Бір жолы маған келіп: «Тоқтасын Сү­гір­беков деген ақын ағамыз сессияға ке­ліп жатыр. Сені сырттай таныстырып қой­ғанмын, жүр, барып жолығайық», – деген. Тоқаңмен таныстық. Талдықорғанда об­лыстық радиода коментатор болып қыз­мет жасайды екен. Нағыз серілердің қан­дай болатынын көргенім осы. Бірер күн ға­на жолдас болуға жарадық. Алайда, сол күннен бастап аға-інідей араласып кет­кеніміз анық. Қайраттың өзі таныған жақ­сылармен өзгелер де жуыс жүрсе деген ізгі ниетіне өмір бойы тәнті болып өттім де­сем, артық айтқандық бола қоймас. Қыстың күні де малақай кимей жү­ре­тін кең маңдайындағы моншақ тер­лерді алақанының сыртымен сыпырып тас­­тап, шабыттана өлең оқитын Қайраттың тұлғасы әлі күнге дейін көз алдыма келеді де тұрады. Алматы облысының орталығы Талд­ы­қор­ған қаласына ауысқаннан кейін, біз көп ұзамай жаңа орталыққа қоныс ау­дар­дық. Талдықалаға көшпей, Алматыда қал­ған­дардың бірі Қайрат болатын. Үй-күйі жай­лы, жағдайы дұрыстау болғаннан кейін қозғалмаған шығар деп топшыладық. Өзі судағы балықтай сезінетін әдеби ортаны қимауы да мүмкін еді. Қалай десек те Қайрат жылы орнын суытқан жоқ. Онысы біз үшін де теріс болған жоқ. Алматыға ан­да-санда келгенде алдымыздан жар­қырап Қайрат шығатын. Сүйекке сіңген әдет қала ма, шаруаларымызға қолғабыс жа­сап, Жазушылар одағына апарып онда­ғы ағалармен таныстыратын. Өлеңдерімізді газет-журналдарға өткізіп, жарық көруін қадағалап жүретін де өзі.
Журналистік қабілет-қарымы мықты Қай­рат мақала, очерк жазудың да шебері-тұ­ғын. Қалам ұстап, қағазға шұқшиып отыр­ғанын да көрмейсің. Қолындағы бір жа­пырақ қағазға қарап қойып, үлкен суреттемелер мен жауапты мақалаларды бірден машинистка қыздарға оқып тұр­ғаны. Шабыттың шаужайына жармасқанда сөйлемдер түйдек-түйдегімен төгілетін.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде қазақ қоғамына арақ деген дүние дендей енді. Бұл ақындарды да айналып кетпегені бел­гілі, тіпті сүйікті шәрбатына айналды де­се болғандай. Сыраханаларда тұрып өлең оқу дәстүрі қалыптасқан. Біз де осы­ған біраз еліктедік. Қайрат осы әдеттен өз ықтиярымен бас тартқандардың бірі. Иман­дылыққа бет бұрып, адамдарға жасар жақсылығын жандандыра түскен.
Осындай күндердің бірінде мен тағы бір Алматыға келдім. Хабарласып едім, де­реу үйге жет деп өтінді. Шабыт үстінде екен. Екеуіміз түн жарымына дейін сұх­бат­тасып отырғанымыз есімде. Ертеңіне шар­уа­ларыммен жүрмек болып едім, қояр да қоймай Қазақ радиосына алып келді. Бірден арнаның директоры Нұрлан Өнер­баевтың бөлмесіне жетелеген. Сәлем-сыйласымы дұрыс болуы керек, оны өзім­сініп, мені таныстырып жатыр: «Бұл Қуат Қай­ранбаев деген ақын. Сазгерлігі мен әншілігі де бар. Өзі келіп тұрғанда дауысын жазып алмасаңдар, ертең өкініп қалуларың мүмкін…» – дейді екпіндетіп. Қосып мақтап жібергеніне қысылып тұрған мені қаперіне алатын емес. Басшы бірден ыңғай таныта қоймады білем, Қайрат дауысына салмақ қосып: «Қуаттың тірі дауысын жазып алсын деп жолынан қалдырып алып келдім. Енді Қазақ радиосы керек етпесе орыс радиосына баруымыз керек пе?» – демесі бар ма. Нұрекең орын­басарын шақырып, үш-төрт бағдар­ламаға жазып алуды тапсырған. Кейіннен оларды радиодан естіп, Қайратқа алғы­сымды жаудырғанмын.
Бұл оқиғаны мен жайдан-жай еске алып отырған жоқпын. Себебі, бұл менің Қай­ратты соңғы көруім екен. Көп ұзамай ол жол апатынан көз жұмды. Өмірден баз кеше қоятын жан емес еді. Шығармашы­лық жоспары да көп болатын. Өмірге деген құш­тарлығы да ерекше-тұғын. Менің жанды дауысымды ұрпақтарға қалдыруды ой­лап жүргенде Қайрат өзінің ғұмыры кел­те үзілетінін ойламаған да болар. Бір тәуба дейтініміз, артында жары Қуаныш пен балалары қалды. Қайраттың жарқын бей­несін жадында мәңгі сақтайтын қалың жұрты қалды. Талай жүректерде поэзия шо­ғын тұтататын отты жырлары жасауда. Ен­деше, Қайрат Әлімбек өлген жоқ, ол әлі де бізбен бірге, арамызда, жүрегімізде, миымызда өмір сүруде.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ