Әйгілі телепат Ләйлә Сұлтанқызының сұрақтарын алдын-ала біліп қойды – “The Эфир”

Израильдық белгілі телепат, менталист, адам ойын алдын ала оқи алатын қасиеті бар Лиор Сушард (Lior Suchard) Ләйлә Сұлтанқызы жүргізетін “The Эфир” жобасының жаңа қонағы болды.

Телепат сұхбатында позитив ойлаудың құпияларын, ата-анасы мен отбасы және әлемді таңғалдырып жүрген сиқырларын қалай жасайтынын бөліседі.

Сондай-ақ, ол сұхбатында өзін неліктен экстрасенс, балгер деп атағанды қате деп есептейтінін түсіндіреді.

“Мен маг, экстрасенс емес, менталиспін, адамдардың ойлау негізін білемін. Мен мұны маған құдайдың берген сыйы мен туа біткен және жылдар бойы қалыптасқан қасиеттерімнің қосындысы деп айтар едім. Өзіммен жұмыс істеймін, мен қолданатын техниканың барлығы өзім шығарған концепциялар”, – деп түсіндірген ол адамдардың ойындағы негатив пен позитив жайлы айтып берді.

Ол Барбра Стрейзанд, Ким Кардашьян, Джениффер Лопестермен өткізген шоуларын айта келе Ләйлә Сұлтанқызымен қызықты тәжірибе жасап көрді. Сүхбат соңында телепаттың Нұр-Сұлтанда өткен шоуынан үзінді көрсетіледі.

Лиор Сушард – өз қабілетін америкалық, израильдық, ресейлік шоуларда көрсетіп, әлемге танылған адам. Лиор тренингтер мен корпоративтік консультациялар ұйымдастырады, ірі корпорацияларға бизнес-идея жасайды. Бүгінде ол әлем бойынша дәрістер өткізіп жүр.

Бұған дейін Ләйлә Сұлтанқызымен “The Эфир” жобасында әнші Ернар Айдар, актер Мейірғат Амангелдин, “КешYou” тобының экс-солисі Балжан Бидаш, әнші Қайрат Нұртас, айтыскер ақын Балғынбек Имаш, әнші Тоқтар Серіков, “Назар аудар” жобасының мүшелері, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, театр және кино актері Әбунасыр Серіков және тағы басқалар болған еді.

Айта кетсек, бұл жобаның мақсаты – танымал тұлғаларды жаңа қырынан көрсету, олар туралы жаңа мәліметтерді оқырманға ұсыну.
kaz.tengrinews.kz