Аз ұлттарға қатысты саясат

73

Ма Рұң – Бейжің университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің бұрынғы деканы, профессор. Оның біз тоқталмақ мақаласы осыдан жеті жыл бұрын «Лиң Даужы көшбасшысы» журналының 2011 жылғы 38/39 сандарында жарияланған. Кейінірек «Ұлттар қоғамдық ғылымдары» журналында толық нұсқасы басылған. Бұл күндері әлеуметтік желілерінде кеңінен насихатталып жүр. Негізі мақала – 10 бөлімді, біз соның өзімізге қатысты кейбір бөлімдеріне тоқталғалы отырмыз.

Мақсатымыз – қазақ-қытай достығын жалаулатып жүрген қытай жағының іргедегі азғана қазақтармен бауырлас ұйғыр, қырғыз халқына қандай саясат жүргізіп жатқанын, «аз санды ұлт» деп сүмірейте атап келген осы аз халықты ұлт ретінде, халық ретінде, қысқа ғана уақыт ішінде бүтіндей жойып жіберуге кіріскен бүгінгі Қытай компартиясының дара билігіндегі Қытай өкіметі, оның күштік құрылымдары жүргізіп отырған «зұлмат-геноцидке» теориялық негізсымақ жасап беруге тыраштанған аса залалды мақаласын оқырмандарға таныстыру. Сондай-ақ қолдан жасалған Қытайдағы «ұлттық саясат» деген нағыз өктемдік, зорлық-зомбылыққа негізделген «зұлматтың» шын сыйқын мынау бейғам, аңқау елге ашып көрсету еді. Бұл күнде аты өшкен Совет одағы компартиясына өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап, ревизионист – социал жиһангер деп, өздерін – «нағыз маркісшіл-лениншіл» етіп көрсетуге барын салған, Мау Зыдұң бастаған қытай коммунистері кейінірек «қытайша социализм» құрып жатырмыз деп даурығып, «нағыз ревизионистердің» қандай болатынын әшкерелеп қойған еді.

«Қытайлық социализм» дегені – бір партияның дара билігіндегі шектеусіз қанды диктатураға негізделген казармалық социализмнің нағыз жексұрын формасы болатын.

Қытай компартиясы бұл күндері бір мезгілдік экономикалық жетістіктерге қол жеткізгенімен, соңғы жылдары алдағы күнінің не боларын ойлап, үрейге бой алдырған да сияқты.

Біз сөз етіп отырған профессор Ма Рұңның (одан басқа да көптеген саясаткерсымақтардың) мақаласының ортақ тақырыбы «ХХІ ғасырда Қытай тап болар ең зор қатер – мемлекеттің бөлшектенуі болмақ» деп сүрен сала, пәле шақырып тұр.

10 бөлімнен тұратын осы байбаламның негізгі мазмұны, жасырын Һәм әшкере мақсаты – Қытайдағы хандық емес ұлттарды не үшін, қалай, қандай айла-шарғымен ұлт ретінде жұтып, жоқ қылуға болады деген сұраққа саяси, әлеуметтік, діндік, рухани, сондай-ақ геосаяси тұрғыдан жауап-теориялық негіз жасап беру болатын. Бұл күндері Шынжаңдағы ұйғыр, қазақ, дүңгендер басына төнген ауыр ұлттық езгі мен жазалау шараларының зардаптарын шовинист профессорлардан ғана көру аңғалдық болар еді. Бұл мәңгіліктен дәмегөй Ши Жинфиң бастаған Жұңнанхай билеушілерінің ұрда жық саясатының нәтижесі болатын.

Нақтылап айтқанда, олар «ұлт-ұлттың өзін-өзі билеу құқын терістеп, олардың империялардың бұғауынан құтылу жолындағы барлық іс-әрекеттерін жоққа шығару керек» дейді. Іс жүзінде ондай әрекеттер бұрыннан да мақсатты түрде астыртын жүргізіліп келген. Енді ашыққа шықты.

Өзінің атамекенінде мыңдаған жылдардан бері өмір сүріп, небір қуатты хандықтар мен қағанаттар құра алған тибеттіктер мен Шығыс Түркістандағы ұйғырларды «ұлт» деп мойындауға болмайды екен. Сонда осы тарихи мекенге кеше ғана келген қытайларды кім деуіміз керек?

Профессор Ма Қытай мемлекетінде тұрып жатқан байырғы ұлттарды «этникалық топтар-қауымдар» деп атаудан тайынбайды. Сонымен өздері пір тұтып келген Маркс-Энгельс, Ленин-Сталиндердің ұлт-ұлттың өзін-өзі билеу құқы жөніндегі көзқарастарын терістеп, жоққа шығаратын уақыт келді деп есептейді. «Этникалық топтарды» Қытай теңізіне батырып, жоқ қылғанда ғана Қытай ХХІ ғасырда төніп тұрған «бөлшектену қатерінен аман-сау құтыла алады. Сол үшін бүгінгі қалыптасқан әлемдік қолайлы жағдайды ұтымды пайдаланып, аяусыз күрес жүргізуден тайынбауға шақырады.

Ендеше, Қазақстанды соңғы бір-екі ғасырдан бері ғана мекендей бастаған келімсектерге Тәуелсіз Қазақстан Конституциясында ұлықтап, 130-140 ұлт мәртебесімен Ұлттық Ассамблея құрып беретінімізді қалай түсінсек екен? Сөйте тұра біртұтас «Қазақстан халқын» (кешегі Кеңес халқы «Қытайдағы» жұңхуа ұлты) қалай қалыптастырмақпыз? «Қытайша геноцидпен» бе, әлде Ассамблея аясында би билеп, ән салумен бе?

Қазақстандық жол қандай болу керек еді? Әрине, бұлардан басқаша жол. Осындай өмір мен өлім тайталасына тап болған ХХІ ғасыр зобалаңын көзімен көріп, қолымен ұстағандай болып отырса да «Көршісін құдасындай сыйлаған елміз деп «ұлы аспан асты елімен» байқап сөйлеу керек» деп ара ағайын болғысы келіп, дедектеп жүрген қандастарымызға «әкесі өлгенді де естіртеді» дегендей, көз алдымызда қытайлар жүргізіп жатқан зұлмат саясаттың бет-пердесін ашып, құныкерлерден қандастарымыздың құнын сұрауға батыл кірісуіміз керек.

Қытай өкіметі жүргізіп жатқан жаныштауларды «ол біздің ішкі ісіміз, басқалардың араласуға хақы жоқ» деп өзеурейді. Олай болса олар жүргізіп жатқан қанды қырғынның халықаралық адам құқы жөніндегі декларациясындағы «Геноцид-зұлмат» жөніндегі баптарымен салыстыра отырып талдау жасап көрулеріңізді, әділ баға берулеріңізді өтінеміз, қадірлі оқырман.

Енді большевиктер мен кешегі және бүгінгі Қытай компартиясы жүргізіп келген саясат пен іс-әрекетті салыстырып көрелік. Большевиктердің көсемі В.И.Ленин ашықтан-ашық «жер бетінде большевиктер мен буржуаздардың біреуі ғана тұруы керек. Ал екеуі де өмір сүруге құқылы дейтіндер табылса, оларды темір шарбақта ұстау керек» деп жар салуы, советтік Ресейдің 70 жылдық қанды тарихы Ленин айтқан межеден әлдеқайда асып кеткені, ХХ ғасыр басында 6 миллионға жеткен қазақ халқы үштен екі бөлігінен айырылып, жетпісінші жылдары әрең дегенде 6 миллиондық межеге жеткені таласқа жатпайтын шындық еді.

1949-1966 жылдар аралығында Лениннің жолын ұстанған Қытай коммунистері 26 миллион қытайлықты өлім жазасына кескенін, 1935 жылға дейін Қытай компартиясының бас хатшысы болған Уаң Мин өзінің «Жұң Го компартиясы Орталық комитеті және сатқын Мау Зыдұң» (1970 жылы Мәскеуде басылған) деген кітабында жазған. Ал 10 жылғы қан қасап «Мәдениет төңкерісінде» және одан бергі жарты ғасырға жуық «пролетариат диктатурасын» қару еткен Қытайда қанша миллион адамның ажал құшқанын көз алдыға келтіре алмаймыз.

«Күн бір жауса, терек екі рет жауады» демекші, жалпы Қытайда жүргізілген репрессиялық науқандар кезінде Тибет пен шығыстүркістандықтарға қарсы еселеп жүргізген жаныштаулардың зардабын, қытайландыру мен жергілікті халықтың демографиялық өсіміне шектеу қоюлардың (жоспарлы туу) зардабын азсынған Ши Жинпиңшылар қолданып жатқан «геноцидтік» қырғындардың жалпы жағдайын былайша атап өтуге болады.

Қытай профессорлары мен Қытай компартиясы ХХІ ғасырда тап болар бөлшектену қатерінің алдын алу үшін жасап шыққан ұлттық саясатын басты тақырыптар бойынша топтастырар болсақ былай болып шығады:

  1. В.И.Ленин мен Сталин дәріптеп қалыптастырған «ұлттардың өзін-өзі билеу» және «бөлініп шығуға дейінгі құқын» мойындағанын теріске шығару керек деп кесіп айтады. Өйткені Сталиннің ұлт теориясы тәрбиелеп шығарған қазіргі «ұлт» санасы, «автономиялық аймақ» жүйесі ұлттық бөлшектенуге апарады дейді.

Теориялық тұрғыдан ұсынылып отырған осы реакцион теория арқылы қытай «ұлттың өзін-өзі билеу» құқын аяққа таптауға жол ашып отыр.

  1. Қытайдың қол астындағы 56 ұлттың «өзін-өзі билеу» құқы сақталар болса, Қытай болашақта әрдайым «ұлт ыдырауының тәуекелінде өмір сүреді» екен. Профессор мырза көп ұлтты елдер жағдайына талдау жасай келе былай дейді:

«…Қытайдағы этникалық деморкация мен этникалық саясатты «қайта қалыптастыруды, яғни саясиландыруды ұсынамын», «қытай ұлты» концепциясын сақтап, «қытай ұлты», «этникалық құрылыс» пен «қытай ұлтын» қайта жариялауды, сонымен қоса 56 «ұлтты» «этникалық топтар» ретінде құруды ұсынамын».

Ма Рұң мырза одан әрі ашықтан-ашық, «Қытайдағы барлық этникалық топтар… барлығы бір этникалық топ қытай ұлты ретінде бірігуі тиіс» дейді.

Ол үшін істелер және істеліп жатқан қытайландырудың нақты тактикалық және стратегиялық міндеттері ретінде баса көрсетілгендері мынадай:

  1. Жергілікті шағын ұлттардың балаларын толығымен, ешбір ойланбастан балабақшадан бастап тек қана қытай тілді мектептерде оқытып, қытай етіп шығару. Бұл мақсат соңғы 10-15 жылдан бері нақтылы іске айналған.
  2. Мектеп бағдарламасында жергілікті ұлт тарихындағы белгілі тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар. Нақтылап айтқанда, Қытайға қарсы көтерілген ұлт-азаттық күресіне байланысты зерттеулер, оқулықтар аласталуы керек. Оқушы санасына ұлт, ұлттық тарих, мәдениет, дәстүр, діндік наным-сенімдер жөнінде мағлұмат бергізбеу.
  3. Жастарға кәсіптік білім беру және қытайлармен күнделікті араластыққа жол ашу үшін ішкі провинцияға жаппай тарқата орналастыру.
  4. Аралас некені барынша дәріптеп, қытайлық отбасылар санын арттыру.
  5. Аз санды ұлттардың дарынды балаларын қолдау желеуімен Қытайдың таңдаулы оқу орындарында оқытып, келешекте соларды әкімшілік жүйелерге тарту арқылы қытайландыруды оңтайландыру.
  6. Ислам, будда діндерін жергілікті халық тұрмыс-тіршілігінен аластау үшін «экстремизм, сепаратизм және терроризмге» қарсы күрес желеуімен аяусыз жаныштау, діни рәсімдерді өтеуге жол бермеу, діни қызметкерлерді аяусыз жазалау, тіпті із-түссіз жоқ қылып жіберу.
  7. Ішкі Қытайдағы қағылған-соғылғандар мен иесіз қалған шал-шауқанды жергілікті ұлт отбасыларына кіргізіп «бауырластыру» арқылы қытайландыру.

Бұдан басқа да көптеген қытайлық «қамқорлықтар» арқылы жергілікті ұлтты ұлт ретінде жойып, Қытайға төніп тұрған ХХІ ғасырдағы «ұлттық мемлекеттік бөлшектену қатерін» біржола жоқ қылу, сөйтіп біртұтас Қытай болып тып-тыныш құшақтасып жатып-тұруға қол жеткізу.

Ма Рұң мырза, сонда, қытай қол астына зорлықпен бағындырылған, бірақ тәуелсіздігі үшін, діні мен тілі, салт-дәстүрі үшін жүздеген жылдар бойы жүздеген ұлт-азаттық күресті басынан өткерген 56 ұлт, әсіресе қытайлардан артық болмаса кем емес, бай мәдениеті мен дәстүрі бар ұйғыр, тибет, моңғол, дүңген, қазақтар қытай болу үшін, ұрпағын миллиард қытай теңізіне батырып жоқ қылу үшін өмір сүруі керек болғаны ма?

Қытайдағы шағын 56 ұлт алдында осындай зобалаң, аяусыз жойымпаз саясат жүріп жатқанын, оны тек қана әлем жұртшылығы мақұлдаған «геноцидке» қарсы ортақ күреске шақыру арқылы жұмыла кірісетін уақыт жеткенін ашық мойындау керек.

Сонымен зұлмат немесе геноцид деген не? Әуелі осы сөздің мағынасын ашып, жұмбағын шешіп алайық. Геноцид сөзі ежелгі гректің genos – тұқым, caedere – өлтіру, құрту деген сөзінен алынған. Нәсілдік, ұлттық, діни немесе идеологиялық түрлі желеу-сылтаулармен халықтың кейбір бөлігін, кейде тіптен бүтін халық немесе ұлттың тұқымын құрту деген сөз. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1948 жылы 9 желтоқсанда қабылданып, 1961 жылы 12 қаңтардан бастап күшіне енген «Геноцидтік қылмыс және жазалаудан алдын ала сақтандыру туралы конвенциясының І бабында «Келісімге қатысушы тараптар зұлмат бейбіт немесе соғыс кезінің қайсысында жасалғанына қарамастан, адам құқығы ережелерінің нормалары бұзылған болса, оған қарсы ескерту жасауға, тіптен жасалған қылмысқа қатысушыларды жазалауға міндетті» деп көрсеткен. Ал конвенцияның ІІ бабында «Қандай да бір ұлттық, этникалық, нәсілдік және діни топтарды біржола немесе бір бөлімін жойып жіберуге бағытталған іс қимыл геноцид деп танылады» деп жазылған. Мұндай әрекеттерге:

а) Нысаналы топтардың мүшелерін өлтіру;

б) Топ мүшелеріне дене жарақатын салу немесе рухани күйзеліске ұшырату;

с) Қандай да бір топтарды түгелімен және кейбір бөлімдерін құртуға бағытталған алғышарттар жасау міндеті жүктелген жазалаушы ұйым, топ құру;

д) Көзі құртылуға тиісті топ адамдарының бала тудыру жолын кесуге бағытталған шара ұйымдастыру;

е) Адамзаттың бір тобының ұрпақтарын басқа бір топқа күшпен аудару жатады.

Ал енді осыларды большевиктердің іс-әрекеттерімен салыстырып көріңіз. «Меншік иелері, бай, кулактар мен буржуйларды тап ретінде жою» туралы жобасын алғаш большевиктердің көсемі В.И.Ленин ұсынды.

Коммунизм құру стратегиясы, коммунистік идеологияның салдарынан тек кеңес одағы ғана емес, кеңестер одағының ықпалындағы барлық ұлттар жапа шекті. Олардың ішінен зұлматтан ең ауыр жапа шеккені білікті, білімділер мен дін адамдары және көшпенді малшы қауым болды. Өйткені большевизм теориясы жұмысшы, шаруаларға арналғандықтан жоғарыда аталған үш топтың табиғатына жат болатын. Осы жаттық оларға әсіре зұлмат әкелді. Білікті, білімді топ большевиктер үшін «ақылды жауы» саналды. Ондай жаулар жер басып жүруі мүмкін емес екен, сол үшін жойылды. Ал діндарлар большевизм догмасымен келіспегені үшін, көшпенді қауым коммунизм теориясына жат құбылыс болғаны үшін жазаланды.

  • 1929-1933 жылдары Қазақстанда ОГПУ-дің тізіміне 22933 адам ілігіп, олардың 3386-сы атылып, 13151 адам 3-10 жыл уақытымен концлагерьлерге айдалған. ОГПУ жаналғыштары ұсталғандарға жазасын мойындату, келешекте оларды үрім-бұтақсыз қалдыру үшін кеңестер одағы прокуратурасында ұйғарылған «Жазалау ішкі ережесі» бойынша төмендегі жазалау шараларын қолданған:
  • Маңдай тістерін қағып түсіру.
  • Ер адамдардың жыныс мүшелеріне істік жүгірту.
  • Екі аяғын салбыратып іліп қойып басынан ыстық бу, жалынмен қақтау.
  • Жазалылардың балаларын үрім-бұтақсыз қалдыру үшін ызғар, мұз, қырауға отырғызу.
  • Үкім шығарғанда әдейі таңдалып алынған іріткі салушылар, сөз тасушылар, құпия хабар берушілердің жалған куәлігін негізге алу, т.б.

Мұны күн көсемдерін қызғыштай қорғаштап жүрген коммунистер білмегенімен, атылған, айдалғандардың ұрпақтары біледі. ОГПУ-дың бұл нұсқаулары 1956 жылғы жылымық басталар алдында жойылған.

Ал ХХІ ғасырда, осы күні бүкіл Қытай аумағында мұндай нұсқаулар одан әрі толықтырылып, түрленіп, аяусыз тән және рухани азаптау өркениетті әлем алдында ашық-әшкере қолданылып отыр.

Қадірлі оқырман, мен білім-білігімнің жеткенінше, сондай-ақ азаматтық парызыма адалдығымды білдіру мақсатымен өздеріңе ой салу үшін осыны жаздым. Қытаймен қарым-қатынастың қандай болуы азғантай қазақ халқының болашағына тікелей байланысты, онда да аса қауіп-қатері мол геосаяси мәселе.

Құдай тағала ұлан-байтақ жерге ие еткен Қазақстан әлемдік тарихта зорлық-зомбылық пен империялық жаулаушылықпен жаман аты шыққан орыс пен қытайға көрші етіп қойыпты. Қытай көршілес шағын халықтарды құшақтап тұрып тұншықтырып өлтіруге әбден машыққан «зұлымдық империясы». Ол тарихта көршілеріне қарата «алдарқату саясатын» қолданса, бұл күндері «жұмсақ саясат» деген көлгірсіген зұлымдық саясатын кеңінен іске асыруда. Олар Қазақстан мен Орталық Азия елдерін зерттейтін ондаған ашық, әрі бүркемеленген мекемелермен жұмыс істеп отыр. Бұл күндері Қазақстан олар үшін оқылып, жатталып қойылған өз кітаптары сияқты. Құпия дейтін ештеңеміз қалған жоқ.

Ал Қазақ өкіметі, оның дипломаттары, қарсы барлау органдары қайда қарап отыр? Тым болмаса қытай тілі мен тарихын, саясатын білетін ғалымдар мен саясаттанушылар және маманданған журналистердің басын қосып, қытай баспасөзін бақылап, сараптап, тиісті орындарға ұсыныс беріп отыратын беделді орталық ашып, іске қосуы керек.

Қытай өз еліндегі қандастарымызбен діндес, түбі бір түркі мұсылмандарды түгелдей жойып жіберу жолына – кешелі бері ғана кіріскен жоқ еді ғой. Енді олар шектен шығып, ұлы қытайлық араны ашылып, таяу жарты ғасырда «кезінде қолдан кеткен» делінген қазақ, қырғыз, тәжік жерлерін, Моңғолияны тұтастай, тіпті Қиыр Шығыстағы Ресей аумағын қайтарып алу жоспарын баспасөздерінде ашық, әшкере жариялап, өкіметіне өз ұсыныссымақтарын жолдауда. Оқулықтарында ашық жазып, қытай жастарын шовинизммен улауда. Осындай алысты көздеген Қытайдың сұрқия саясатына шолу, талдау жасау біздерге ауадай қажет еді ғой. Сауда-саттық пен жеке бизнестің мүддесінен басқаға басын қатырмайтын, әр дәрежелі шиновниктер мен тойымсыз байшыкештер үшін ұлттың, мемлекеттің болашағы түкке тұрғысыз, басы артық нәрсе. Сондықтан бүкіл халық болып, ұлт болып, Қазақ мемлекетінің болашағы үшін күресетін уақыт жетті.

Әлімғазы Дәулетхан,

тарих ғылымының кандидаты