Алакөл, жерің шалғай, суың керім…

5370

Неге екені қайдам, қыстың қақаған суығында қасат қарды кешіп таңертеңгісін жұмысқа бара жатып, я болмаса жұмыстан қайтқанда, жеңіл киім аязға қамсау болмай тоңып келе жатып, шағырмақ күннің сәулесі шашыла түскен, аптабы мол жазды ойлайсың. Сағынасың. Тезірек жаз келсе екен дейсің. Құмға аунап, суға түскен шіліңгір кезді аңсайсың. Су демекші, жаз шықса, қасиетті суына бір шомылмай қайтпайтын Алакөл еске түседі. Шіркін, Алакөл! Иісі қазақ үшін сенің орның алабөтен-ау, қашанда! Сондайда әкем марқұм айтып отыратын Алакөлге байланысты бір аңыз еске түседі.

Құдай-ау, қалай еді, қалай басталушы еді? «Есте жоқ ескі заманда» деп басталмаушы ма еді, әкемнің айтқан аңызы. «Ол кезде мынау қойны-қонышынан өзен-бұлағы сылдырай аққан, жабайы алмасы мен қарақаты сыңсыған құт мекен Тарбағатай тауы жоқ екен. Толқыны жағасын еркелей сүйіп жатқан, көздің жасындай мөлдіреген Алакөл де жоқ екен. Бұл аймақ, қылтанақ шықпайтын сар дала еді. Тағдырдың айдауымен осы жерді мекен еткен халық жеті қат жердің астынан бір жұтым суды шыңырау құдық қазып, әрең алып, бөліп ішеді екен. Жыл сайын құрбандық шалып, тасаттық беретіні тағы бар. Бірақ уақыт өте келе, жұрттың алдындағы бес тал малы да таусылады. Бірақ тәңірден жаңбыр тілеп, құрбандық шалу керек, қалайда. Ақыры жын-перімен сөйлесіп жүрген бақсының айтуымен жұрт жыл сайын бір қыз, бір ұлды құрбандыққа шала бастайды. Амал қайсы? Бір жұтым су керек, жаңбыр керек. Қатігез уақыттың заңы – осы. Қашып құтыла алмайсың. Жыл артынан жыл өтіп жатады. Елдегі бала біткеннің қатары сирейді. Кезек бірін-бірі сүйген қыз бен жігітке де жетеді. Ертең құрбандық шалып, тасаттық береді деген түні қыр басында кездескен қос ғашық қол ұстасып, талай қыдырған сайын даламен, айлы түнмен, жалған дүниемен қоштасып ұзақ тұрыпты. Қыздың ай маңдайынан аймалай өпкен жігіт бір сәт: «Құрбандыққа шалынатын жастардың соңы біз болсақ екен. Ертең бала-біткен құрбандыққа шалынып біткен соң, елде қалатын шал мен кемпірлер қайда барады? Олардың да құрығаны ғой. Бір тайпа елдің жойылғаны ма? О, тәңірім, бар болсаң мені қойын-қонышынан тұма-бұлақ аққан, қарақат-бүлдірігені уылжыған, аң-құсы жортып жүрген жасыл-желекті құт қоныс болатын тауға, сүйгенімді жағасына ел қонып, айран-асыр болып жататын қасиетті, берекелі көлге айналдыр. Тоз-тоз болып, өлуге айналған халқым аман қалсын. О, тәңірім, бар болсаң, осы екі мұңлықтың тілегін бере гөр» деп зар еңіреп тілек тілепті. Кім білсін, тәңірі олардың айтқанын қабыл етті ме, Үркер ауа қос ғашықтың айтқаны орындалыпты. Жігіт тауға, қыз көлге айналып жүре беріпті. Сол тау Тарбағатай, көл Алакөл екен. Сөйтіп осы өлкені мекен еткен мұқым бір халық жаз жайлау етіп Тарбағатайды, қыс қыстау етіп Алакөлдің жағасын тұрақ етіпті. Өсіп-өркендепті. Ыңаршағы шығып, тозып бітуге айналған жұрт қос ғашықтың арқасында аман қалыпты». Бұл – әкем айтып отыратын көп аңыздың бірі. «Е балам» дейтін әкем, темекісінің түтінін будақтата шығарып: «Мұны мен жанымнан шығарып айтып отырған жоқпын. Баяғыда бала күнімде естіп едім. Өзіңе талай айттым, арғы бетте (Қытайда) жүргенде бір сарттың қозы-лағын бағым өстім. Жетім баламын. Барар жерім, басар тауым жоқ. Әке-шеше, аға-әпке атамекенде (Қазақстанда) қалған. Олардың өлі-тірісі белгісіз. Бар болса, іздер еді ғой. Күн ұзақ қойдың соңында салпаңдап жүрем де қоямын. Сол жерде қой бағып жүретін тағы бір шал бар. Әңгімешіл еді. Жанына шақырып алады. Сосын екеулеп қой сауып, сүтіне тойып алған соң, сонау теріскейде мұнартып жатқан Тарбағатай тауына қарап отырып, әңгімесін бастаушы еді. Жиырмасыншы жылдары болған ашаршылық кезінде елді тастап, Қытайға өткен екен. Содан бері осы жақта көрінеді. Тарбағатайдың күнгейінде өткен өмірін айтып, арғы-бергі тарихты шолып отырушы еді. Алакөлге байланысты аңызды сол шал айтқан-тұғын. «Мен қазақтың талай арда ұлдарымен дәмдес болдым. Сонау ақ пен қызыл айқасқан жылдары Алаш орда өкіметін құруға ат салысқан Отыншы Әлжанұлымен жақсы араластым. 1919 жылы Үржарда ақ пен қызыл арасында болған қанды қырғында анненковшылар Отыншыны өртеп жіберді. Шыққыр көзім оны да көрді. Ұлтым деген азамат еді, елі үшін жаны құрбан болды. Сонау 1918 жылы Алаш көсемдері Үржарға келгенде оларды Қытайға, Шәуешек қаласына бастап алып барған мен едім. Ақаңды (Ахмет Байтұрсынов) Мір-ағаны ( Міржақып Дулатов), сондай-ақ, Райымжан Мәрсеков, Салық Аманжоловты сол жолы көрдім. Бірнеше ай бірге болдық. Сол Қытай сапарында атақты ақын Әсет Найманбаевпен де таныстым. Ақаң, Мір-аға бәріміз ол кісінің әнін тыңдадық. Ол бір дәурен еді-ау» деп отырушы еді, сол ақсақал. Көп білетін, кемеңгер жан еді» деп әкем тартып болған шылымын өкшесімен езгілеп өшіріп, екіншісін тұтатын… Бұл әкем тірі кезінде айтқан бір үзік сыры ғой…

… Қыстың қақаған суығында бетіңді аязға шымшылатып келе жатып, шіліңгір жазды, Алакөлдің жағасында құмға аунап қыздырынып жатқан шақтар еске түсе берді… Алакөл деймін, Алакөл…

– Ей, қыз тіске басар нең бар? – деген оқыс шыққан дөрекі дауысқа басымды көтеріп алдым. Көл жағасындағы ыстық құмда жатып көзім ілініп кетіпті. Әлгі дауыстың иесі таяқ тастам жерде сыраға қызып, қызара бөртіп жатқан жуан қара жігіт екен. Көл жағасы ығы-жығы адам.

– Кепкен балық бар ма?

Тағы әлгі жігіт. «Көршім кіммен сөйлесіп жатыр» деп басымды көтердім. Орта бойлы, ақ құба келген сүйкімді қыз екен. Қолында дәм салынған дорбасы бар. Жігіттің сұрағанын ұсынып, саудаласып жатыр.

– Өзің қанша тұрасың?

Дөрекілеу сұрақ қойған жігіт, іле қарқылдай күлді. Ашаң жүзі қызарып кеткен қыз, жігіттің анайылау сұрағына жауап қатпастан кілт бұрылып, шапшаң басып, ары кетіп қалды. Менің өзіне ұнатпай қарағанымды байқаған жігіт: «Әдемі қыз екен. Әттең, мына жерде анау-мынау сатып қор болып жүр» деп басын шайқап, кепкен балықты жұлмалай тістеп, сырасын сыңғыта жұтты. Неге екені қайдам, әлгі өрімдей қыздың соңынан ұзағырақ қарап ойланып қалдым. Сосын көлге бірер рет сүңгіп, қайтадан орныма келіп отырдым. Жанарыммен әлгі сауда жасап жүрген қызды іздедім. Таптым. Көл жағалай демалып жатқандарға сатып жүрген заттарын ұсынып, бері беттеп келеді екен. Тұсымнан өте бергенде:

– Қарындасым, қара балшықты қайдан табуға болады, – дедім. Сәл кідірген ол: «қазір аға, алып келемін» деп ары кетті. Сәлден соң қайтып келді. Қолында сусын құятын шөлмекке толтырылған қара балшығы бар.

Ақшарқатпен таныстығым осылай басталды. Көлге жақын жатқан Қарабұлақ деген ауылдан екен. Өзінің айтуы бойынша күнделікті осында келіп, үйден даярлап алып келген азық-түлікті сатумен айналысады. Ақшарқатпен ертеңінде кешкілік көл жағасында кездестім. Күн ұясына батып кеткен. Көл бетінде толқын бар. Қолтықтасып әңгіме айтып аяңдап бара жатқан, көлге қарап құшақтасып сырласып отырған бірен-саран жастар болмаса, жағада адам аяғы сирек. Менің алғашқы сұрағыма; «Күн көрістің қамы ғой, аға» деген Ақшарқат бір сөзінде. «Інім қара балшық сатады, мен оны-мұны дегендей. Күндіз тапқанымызды үйге алып барамыз. Әкем жоқ. Шешем аурушаң. Сол кісіге дәрі-дәрмек, үйге азық-түлік аламыз. Жазда көл жағасында сауда жасап күн көруге болады. Тек қыста қиналыңқырап қаламыз. Ауылда өзіңіз білесіз, жұмыс жоқ». Осыны айтқан қыз мұңайғандай болды. «Есімің қызық екен?». «Атам қойыпты. Ақшарқат пен Бағлан жайындағы аңызды естімеп пе едіңіз? Сол аңыздағы қыздың аты ғой». «Жоқ». «Баяғыда, білмеймін қай ғасырда екенін», – Ақшарқат өзі білетін аңызды бастап кетті. – Осы көлдің жағасын Боранбай деген бай мекендепті. Оның Ақшарқат есімді жалғыз қызы болыпты. Ақшарқат қыз біткеннің көріктісі һәм ақылдысы болған екен. Байдың жаз жайлауы Тарбағатай болса керек-ті. Бірде жайлауда үлкен той болып, сол жерде Ақшарқат Бағлан деген сал-сері жігітпен танысқан көрінеді. Бағлан Тарбағатайдың ар жағын мекен еткен Сыбан руының суырып салма ақыны. Бірақ кедей отбасынан шықса керек. Жігіт қыздың сұлулығына, бай қызында бола бермейтін ақылдылығына ғашық болады. Ал қыз жігіттің мәрттігіне, ақындығына тәнті болыпты. Алайда олардың жұп болуына бай қарсы болып, қызын кедей тұқымынан шыққан жігітке қосылуын қаламапты. Бірде сөз байласқан қос ғашық қол ұстасып, елден қашып кетсе керек. Алайда артынан шыққан қуғыншылар қыз бен жігітті Ұялының қалың қамысына тығылған жерінен ұстапты. Ашуға мінген бай, «ел-жұртқа абыройымды төктің» деген желеумен қызы мен оның сүйген жігітін көлге тұншықтырып өлтіріпті.

Алакөлдің Сасықкөлге қараған жағында Ақшарқат және Бағлан деген жер атаулары бар. Сол қос ғашық тығылған жер көрінеді». Қыз әңгімесін мана аяқтаған. Үнсіз көлге қарап отырмыз. Ақшарқаттың жанарынан жасты байқағандай болдым. Бәлкім, әлгінде өзі айтқан аңыздағы қосыла алмаған қос ғашықтың аянышты тағдырларын ойлап отыр ма екен? «Ол аңыз ғой, болған- болмағанын кім білген?» Қызға үңіле қарадым. Ол үнсіз. Сәлден соң «Егер сіз ол аңыз дейтін болсаңыз, осы көлге байланысты тағы бір әңгіме айтып берейін. Біздің ауылдың бірін-бірі сүйген қыз бен жігіті көлдің ортасына қайықпен жүзіп барып, құшақтасқан күйі суға батып өлген. Себебі екеуінің қосылуына әке-шешелері қарсы болған екен. Бұл өмірден опа таппасын білген қос ғашық көлге кеткенді жөн деп тапса керек. Аға, бұл ешқандай аңыз емес. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары болған оқиға. Бұны осы маңның кез келген адамы біледі».

Аспан шүпірлеген жұлдызға толы. Аралтөбе жақтан салқын жел еседі. Көл толқынданып жатыр. «Аға, біраз уақыт болды. Мен қайтайын, үйдегілер іздеп қалар». Орнымыздан тұрдық. Қарабұлақ көлден алыс емес. Шамалағанда жеті-сегіз шақырым болып қалар. Ақшарқат үйіне қарай ағылып жатқан көліктердің біріне отырып жетіп алмақшы болды. Сәлден соң, ол мінген көлік ұзап кете барды. Қыздың бейнесін көз алдыма әкеліп әрі-сәрі күйде тұрып қалдым. Қарқошқылданып жатқан көлге қарадым. Есіме Ақшарқат айтқан аңыздағы Бағлан ақынның

«Алакөл, жерің шалғай, суың керім,

Келіп ем, аямастан аттың терін.

Қалқамен өтер едім, қажет етсе,

таусылғанша пәниде соңғы демім», – деген бір шумақ өлеңі оралды. Алакөл толқып жатыр.

…Неге екені қайдам, қыстың қақаған суығында қасат қарды кешіп таңертенгісін жұмысқа бара жатып, я болмаса жұмыстан қайтқанда, жеңіл киім аязға қамсау болмай тоңып келе жатып, аптабы мол жазды ойлайсың. Құмға аунап, суға түскен шіліңгір кезді аңсайсың… Су демекші, сондайда еске Алакөл түседі. Шіркін, Алакөл…

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ